Болмысы бөлек, еңбегі ерен азамат
«Еңбек-ширатады, өмір-үйретеді». Бұл-жай ғана айтыла салған тәмсіл емес, маңдай терімен жер емген, адал еңбегімен айналасына сыйлы болып, туған өлкесінің гүлденуіне үлес қосып жүрген нағыз еңбек адамдарының өмірлік ұстанымы. Бүгінгі таңда елімізде «Еңбек адамы» деген ұғымның қадір-қасиеті қайта асқақтап тұрған шақта, белгілі кәсіпкер Әуесбек Нұрашұлы Сұлтанбековтің есімі ерекше аталады.
Әуесбек Нұрашұлы 1975 жылы 20 наурызда дүниеге келген. Оның өмір мектебі Жаңаталап ауылынан басталды. Сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін-ақ, бойындағы жауапкершілік сезімі оны ерте есейтті: әулеттің ата кәсібі – мал шаруашылығын сақтап қалу үшін аға-інілеріне қолғабыс етті. Кейіннен Саудакент мектебінде білімін жалғастырып, 11 жылдық алтын ұясын сәтті тәмамдады.
Бала күнінен қатарластарының арасында салмақтылығымен, ірі тұлғасымен және қайраттылығымен оқшауланған Әуесбектің спортқа деген құштарлығы ерте оянды. Бойындағы тума дарыны мен қажыр-қайратының арқасында ол әлі кәмелетке толмаған 16 жасында-ақ аудандық «Түйе палуан» атағын жеңіп алып, бозкілемде өз мықтылығын дәлелдеді.
Кейіннен Шымкент қаласындағы дене шынықтыру бағытындағы жоғары оқу орнына түсуді жоспарлағанымен, тағдыр желісі оны туған жеріне қайта бұрды. Жүргізушілік куәлікті алып, аудандық әскери комиссариатта (военкомат) еңбек жолын бастайды. Оның қарапайымдылығы, темірдей тәртібі мен өз ісіне мығымдылығы сол уақыттағы аудандық әскери комиссардың назарына бірден ілігеді. Тіпті, комиссар оны Талдықорған облысындағы Панфилов атындағы әскери академияға өзімен бірге алып кетуге отбасынан рұқсат сұраған екен. Бірақ, шаруаға бейім, туған жердің түтінін түтетуді парыз санаған азаматтың ауылда қалып, елге қызмет еткенін қалаған отбасы бұған келісім бермейді.
Еліміз егемендік алып, нарықтық заманға көшкен сындарлы кезеңде, ауылда алғашқы шаруа қожалықтары құрыла бастады. Осы тұста Әуесбек Нұрашұлы жастығына қарамастан акционерлік қоғамның жетекшісі болып сайланды. Ол бытырап жатқан жер телімдерін біріктіріп, ағайынның басын қосып, ортақ іске жұмылдыра білді. Уақыт өте келе бұл құрылым іріленіп, бүгінде аймаққа аты мәлім «ТОО Шаханата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналды.
Бүгінде Әуесбек Нұрашұлы осы серіктестіктің тізгінін сенімді ұстап, заманауи технологияларды өндіріске белсенді енгізуде. Мәселен, лизингтік негізде жоғары өнімді қытайлық «YTO-904» тракторын сатып алып, егін егу, жоңышқа өсіру жұмыстарын заман талабына сай заманауи деңгейде ұйымдастырып отыр. Ол-тек жылы кабинетте отыратын басқарушы ғана емес, қажет кезінде техниканың құлағында ойнайтын хас шебер, білікті механизатор әрі мықты жүргізуші. Қазіргі таңда ол осы серіктестіктің төрағасы ретінде мынадай бағыттарды табысты дөңгелетіп отыр:
• Жер өңдеу және егіншілік: Өңірдің климатына бейімделген дақылдарды егіп, сапалы өнім алуды жолға қойды.
• Жем-шөп базасы: Мал шаруашылығы мен ат баптау ісін дамыту үшін жоңышқа өсіруді қолға алып, өздерін толықтай жем-шөппен қамтамасыз етіп отыр.
• Әмбебап маман: Шаруашылықта техник-механизатор тапшы болғанда, өзі трактор тізгініне отырып, жер жырту мен егін орағы жұмыстарын өзі атқара береді. Ол-әрі білікті жүргізуші, әрі кез келген ауыр техниканың тілін табатын маман.
Оның барлық білімі мен біліктілігі-жоғары оқу орындарының теориясынан емес, өмір мектебінен, маңдай терден алған үлкен тәжірибесінің жемісі.
Сұлтанбековтер әулеті тек егін шаруашылығымен ғана емес, ата-бабадан қалған сал серілік өнерді-атқұмарлықты серік еткендігімен де танымал. Олар таза қанды ағылшын сәйгүліктерін, асыл тұқымды тұлпарларды баптап, дүбірлі бәйгелерге қосады. Бүгінде Әуесбектің ұлы Нұрсұлтан да әке жолын қуып, ат баптау өнерінің қыр-сырын меңгеріп келеді.
Әулеттің мерейін үстем етіп, үлкен бәйгелерде ат оздырып жүрген белгілі шабандоз немересі-Мырзағали. Олардың «Айғыр» бастаған дүлдүлдері кезінде аудандық бәйгелерде бас жүлделерді бермесе, бүгінде бұл шаруашылықтан шыққан келесі тұлпарлар республика көлемінде топ жарып жүр:
• Тимучин, Ақтұяқ, Айгері
• Дара, Ақбақай, Аққолтық
• Жұмыртөре, Еркеторы, Самға, Шуақ
Бұл сәйгүліктер облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда ауданның атын шығарып, жүлделі орындардан көрініп келеді.
Әуесбек Нұрашұлы-отбасында мейірімді жар, ақылды әке, немерелеріне қамқор ата. Жан жары Индира Шамғалиқызмен тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқандарына биыл 32 жыл толды. Осы берекелі жылдар ішінде олар 4 қыз, 1 ұл өсіріп, бүгінде 3 немеренің қызығына кенеліп отырған бақытты шаңырақ иелері.
Ата-ананың берген дұрыс тәрбиесі мен ақ батасының арқасында бүгінде балалары да ел мақтайтын азаматтарға айналды. Соның ішінде өнегелі шаңырақтың мақтанышы-қыздары Жұлдызай. Ол медицина саласының кәсіби мамандығын үздік тәмамдап, туған жері Жаңатас қаласында халыққа сапалы медициналық көмек көрсететін «Shifa» емханасын ашты.
Бұл-жай ғана емдеу орны емес, Жаңатас қаласының тұрғындары үшін заман талабына сай қызмет көрсететін, денсаулық сақтау бағытындағы өте табысты әрі игілікті жеке кәсіпке айналды. Жас та болса үлкен жауапкершілікті арқалап, өз ісін шебер ұйымдастыра білген Жұлдызай бүгінде емхана жұмысын ілгерілетіп, аймақтың медицина саласына және ел саулығына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Әулеттің алтын келіні Индира Шәмғалиқызы өзінің осындай үлкен, өнегелі отбасына келін болып түскенін, еңбекқор жары мен білікті перзенттерін әрдайым мақтанышпен тілге тиек етеді:
«Атам мен енем елге елеулі, халқына қалаулы, үлкен сыйлы кісілер болды. Осы шаңырақтан алған тәрбием мен көрген-білгенім менің өмірлік азығыма айналды. Жұбайым Әуесбек те – өте еңбекқор, ешкімге өтірік айтпайтын, қиянат жасамайтын, өз ісіне адал азамат».
Екінің бірі жеңіл жолмен табыс тапқысы келетін заманда, Сұлтанбеков Әуесбек секілді нағыз дала перзенттерінің болмысы ерекше бағаланады. Оның бойындағы ең басты қасиет – еңбекке деген шексіз адалдық пен адамгершілік ақ туын биік ұстауы. Ол ешқашан жалған сөйлеп, өтірік айтуды білмейтін, ешкімнің алдында жалтақтамай, өз бағытын нық ұстанатын, ешбір жанға қиянат жасамаған тазалықтың үлгісі.
Әуесбек – қара жерді емген, маңдай терімен нанын тауып қана қоймай, ата-бабадан қалған жылқы баптау өнерін, шаруагерлік дәстүрді жанына серік еткен ұлттық құндылықтардың жанашыры. Оның әрбір ісінде береке, әрбір сөзінде салмақ бар. Өз ісіне мығым, ағайынға қамқор, отбасының тірегі болып отырған мұндай азаматтар – біздің қоғамның шынайы кейіпкерлері, жастар үлгі алатын нағыз мақтанышымыз.
Аруна СҰЛТАНБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2 – курс студенті