Тау қопарып, тас жарған қария

0

Мен бүгін тоқсан жастың төріне шыққан, еңбегімен ерлеп, ел құрметіне бөленген абыз ата жайлы қалам тербегелі отырмын. Ғасырға жуықтаған 90 жыл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде желісін тартқалы отырған әңгімеміздің кейіпкері Сәдібек Елтай ағамыз үлкен өмір көшінің өткелін кешіп, соқпақты да сүрлеулі жолдарын жүріп өтіпті. Өмірдің лапылдаған өртті ыстығына күйіп, ызғарлы да қаһарлы суығына тоңыпты.

Елтай аға 1936 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Түркістан ауданыныдағы Ащысай ауылын­да мамыражай мамыр айының 20-шы жұлдызында қарапайым отбасында дүниеге келіпті. Балдәурен балалық шақтың қызықты сәттерін бастан кешуді пешенесі маңдайына жазбапты. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысының отты жылдары бала Елтайдың көбелек пен доп қуып, асық атып, асыр салып ойнауға мүмкіндік бермейді. Ат ауыздықпен су ішіп, ер азамат толарсақтан қан кешкен зұлматты жылдарда тылда тіршілік еткен халықтың тұрмыс жағдайлары тым ауыр еді. Ұжымшардың бірі бітсе, бірі күткен қырық қабат шаруа­лары еңкейген қарттар, нәзік жанды аналар мен бөзөкпе балаларға қарап қалған, қайғысы мен қасіреті уайымның уын ішкізген кезең болатын. Бұғанасы қатпаған, буыны бекімеген алты жастағы Елтай ағамыз да анасының киген киімінің етегіне оралып еңбекке араласады. Күннің көзі, желдің өтінде жүріп масақ теріседі. Атарба жүргізіп, қызыл қырманға астық тасыған арбакеш балалардың бірі болады. Ел-жұрттың есін алып, әбігерге салған сұм соғыстың сергелдеңі аз болмапты. Сол тұстағы кекілі желбіреген ер балалар сегіз жасқа толғанда ғана мектеп табалдырығын аттаған екен. Елтай ағамыз да солай етеді. М.Горкий атындағы орта мектептің 1-ші сыныбына 1954 жылы қабылданады. Әріп танып, «Әліппе» бетін ашқанымен ұжымшар жұмысынан қол үзбейді. Сабақтан бос уақыттарда әдеттегідей атарба айдап, қым-қуыт тірліктің тізгінін ұстаған көптің ортасында жүрді. Жалғыз ол ғана емес мектеп жасындағы балалардың барлығы ортақ мақсаттағы игі істерге өз үлестерін қосқаны тарих парағына алтын әріппен жазылып қалды. Осылайша соғыс жылдарындағы бозөкпе балалар бел жаздырмаған еңбек дүбіріне ерте араласып, құрыштай шынығып ержетті. Сондай еңбек бәсекесінде шалғының жүзіндей шыңдалып есейген балалардың бірі Елтай ағамыз еді.
Атқан оқтай, шапқан аттай болған зымыран уақытта тоқтау болған ба? 1954 жылы орта мектепті үздік үлгеріммен аяқтаған Елтай аға ұядан қияға қанат қақты. Оң мен солын танып, ат жалын тартып азамат болды. Өмірге ғашық, білімге құштар Елтай ағамыз жоғары оқу орында оқуға ниет еткенімен отбасы жағдайы мүмкіндік бермейді. Ол тұста Ащысай кеніші «Ащысай-полметал» комбинаты деп аталған екен. Асқар тау әкесі де осы комбинатта еңбек етіпті. Әке жолын қууды мақсат еткен Елтай аға мектеп бітіргеніне үш ай толмай жатып қыркүйек айында осы комбинатта еңбек жолын тас қопарушының көмекшісі болып бастайды. Еңбектен қол үзбей техникумның кешкі мектебінде оқып, қопарушы мамандығының куәлігін алады. Арада саусақпен санарлықтай айлар өткен соң осы мамандықпен шахтаға түседі. Аты айқайлап айтып тұрғандай қырық қабат жер төсінде тау қопарып, тас жару жүректі де білекті, тұла бойында күш-жігері тасқындаған жалын атқан жастар ғана атқаратын жұмыстар еді. Бала жасынан еңбекпен есейген Елтай аға көңілі құлай сүйген мамандығына қылаудай кір жуытқан жоқ. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүрмей маңдай терін мөлтілдете төгіп, бейнетпен белдесті. Жұмыс барысында кездескен қиындықтың қылбұрауын жастық жігер, қажырлы қайратымен жеңе білді. Сүйген істің сүйініші көп болды. Бәсекелі еңбек додасында топ жарды. Көптің құрметіне бөленді. Суреті үздік озаттар қатарында комбинаттың құрмет тақтасына ілінді. Аудандық, облыстық газеттердің қаламының желі бар журналистері тау қопарып, тас жарған жалынды жас жайлы көлемді мақалалар жазып, іс-тәжірибелерін көпке үлгі етті.
1957 жылы Елтай ағамыз әскер қатарына шақырылады. Ол тұста әскери міндет үш жыл болған екен. Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтеп, ел мен жер көріп туған ауылға оралған соң комбинаттағы жұмысына қайта кіріседі. Алтын бесік ауылдың бойжеткені Сүйіндікқызы Аманкүлмен жұлдызы жарасып, тағдырлары тоғысады, отау үй тігеді. Үйлі-жайлы, үкілеп ұл, қыз өсіріп балалы-шағалы болады. Көсегелері баламен көгереді. Құдай қосқан қосағы Аманкүл апай алтын құрсақты ана болды. 8 ұл мен 5 қызға әлемнің жарығын, өмірдің қызығын сыйлаған алтын жұлдызды «Батыр ана» атанады.
Жаңатас қаласы бой түзеп, тау-кен жұмыстарының атақ-даңқы одаққа мәлім бола бастағанда Елтай ағамыз өмірлік серігі Аманкүл апайға ақыл салады.
-Өсіп келе жатқан, құдайдың берген балаларының болашағын ойлап жүрмін. Жаңатас қаласы салынып, кен қазу жұмыстары қызу қарқын алып жатыр екен. Жаңатас келешегі кемел қала болғалы тұр. Жаңатасқа қоныс аударғанымыз жөн секілді,-дейді.
Аманкүл апай айтар сөзін ойланып, толғанып барып сабақтайтын отағасының ақылын құп көреді.
-Дұрыс айтасың. Солай етейік. Балаларымыз жаңа қалада есейіп, ержетсін,-деп қоштайды.
Елтай ағамыз жақсы ниетпен жас қала Жаңатасқа отбасымен қоныс аударып көшіп келгенде орда бұзар 31 жаста екен. Етек-жеңі жинақталып, кен қазу жұмыстары қызу қарқынмен жүре бастаған Қаратауға қарасты орталық кенішінің басшылары «Іздегенге-сұраған» дегендей тәжірибелі жас мамандық иесін құшақ жая қарсы алады. Сүйікті мамандығы жарушы-қопарушы болып жұмысқа қабылданып, зейнет демалысына шыққанша тынымсыз еңбек етеді.
Жаңатас Елтай ағамыздың жанұясына қыдыр қонып, бақ-береке, ырыс-дәулет дарытқан қала болды. Жаратқан ие қабыл еткен шығар. Жаңатас қаласына қоныс аударғандағы ақ тілекті ниеті де орындалды. Ержеткен ұлдары ұяға қонып, бойжеткен қыздары қияға қонды. 8 ұл, 5 қыздың асыл анасы атанған Аманкүл апай да зейнет демалысына дейін комбинаттың біріккен байыту фабрикасында еңбек етеді. Бүгінгі таңда әке, ата жолын қуған екі ұлы мен бір немересі комбинатта еңбек етіп жүр. Атап айтқанда Дулат Елтайұлы комбинатта алып техника «БелАЗ» жүк көлігін жүргізсе, қара шаңыраққа ие боп отырған кенже ұлы Ержан Елтайұлы бұрғылау және жару жөніндегі жетекші инженер, немересі Дархан Төлжанұлы бұрғылау қондырғысының машинисі болып жұмыстар атқаруда. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда Сәдібек Елтай ағамыздың жанұясы тау қопарып, тас жарып, бақыттарын еңбектен тапқан жандар екен.
Еткен еңбек, төккен тер жоғары тиісті орындардан елеусіз қалған жоқ. 1981 жылы «Еңбек қызыл ту» орденімен, 1985 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталады. 2021 жылы Сарысу ауданының Құрметті азаматы атанса, 2023 жылы «Ауданның 95 жылдығы», 2025 жылы «Жаңатас қаласына-55 жыл» мерекелік төсбелгілерін кеудесіне қадады.
Ерлікке пара-пар еңбегімен көп құрметіне бөленген Елтай аға шаңырағы шаттыққа толы отбасының жапырағын жайқалта жайған бәйтерегі болды. Бүгінгі таңда бейнетінің зейнетін көріп, 8 ұл, 5 қыздарынан 42 немере, 22 шөбере сүйіп, бақыт құшағында тербеліп отырған жайы бар. Бір қауым ел болған ұрпақтары абыз аталарының торқалы тоқсан жасын тойлағалы жатыр екен. «Жақсы сөз-жарым ырыс» дейді дана халқымыз. Олай болса біз де тектінің тұяғы, асылдың сынығы болған абыз қарияның тойы тойға ұлассын деген ақ ниетті тілектеміз.

Темірлан Әбілдаев, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.