Газет қалай шығады?
Қоғамның көзқарасымен қарасақ, журналистика – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, көп ізденісті талап ететін сала. Бұл өткен дәуірде, қазіргі кезде, келешекте де өз құндылығын жоғалтпайтын мамандық. Олай дейтініміз, алыс — жақыннан ақпарат алмай томаға тұйық өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан журналистика мамандығы үнемі ізденісте болуды, жаңарып, жасарып отыруды қажет етеді. Журналистер баспасөздерде жылт еткен жаңалықтарды жазумен ғана шектелмейді. Жалпы ауқымы әлдеқайда кең әрі күрделі. Мәселен, дүбірлі дүниенің әр шалғайында болып жатқан жағымды, жағымсыз ақпараттар, өз еліміздің әр өңіріндегі елең еткізерлік хабарлар, тарихи танымдық шығармалар, әлеуметтік-саяси ой-толғаулар, жол сапарлар, мәдениет пен өркениет жауһарлары болып жалғасып кете береді. Бүгінде телевидение саласы, баспасөз сондай — ақ, радио қызметтерінде жүрген журналистер терең ізденісте жүре отырып, халыққа мазмұнды дүниелерді ұсынуға тырысады. Қаламды қаруға айналдырып, өткір ойларды өндіріп жазып, өміршең материалдарды өндіре отырып өңдейтін сала иелерінің жұмысы қарбалас пен қауыртқа толы.
Киелі де шежірелі Сарысу өңірінің төлбасылымы аудандық «Sarysý» газетінің жарыққа шыққанына биыл 89 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде газет жаңалық пен жақсылықтың жаршысы бола білді. Аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосты. Қарапайым еңбек адамдары, түрлі мамандық иелерінің ерлікке пара-пар ізгілікті істерін паш етті. Қалың оқырман қауымға түрлі жанрда жазылған мақалалармен рухани азық сыйлады.
Аудандық газет бүгінгі таңда да Президентіміздің сарабдал саясатын насихаттауда, көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды шарықтатып, тұғырланған тәуелсіздігіміздің жетістіктерін дәріптеуде жетекшілік міндетін абыроймен атқаруда.
Иә, газет билік пен халық арасындағы алтын көпір. Осы жылдар ішінде абыз ата жасына жеткен төлбасылымымыз аудан тарихының, шежіресінің сыр сандығына айналды десек артық айтқандық емес.
Газет — халықтың тілі. «SARYSÝ» газеті жарыққа шығып, өз оқырманымен қауышқалы ауданымыздың тыныс-тіршілігін, жеткен жетістік, алған асуларын, табыстың тайқазанын қайнатқан еңбек адамдарының ерлікті ерен істерін насихаттап келеді. Бүгінгі таңда аудан айнасына айналған «SARYSÝ» газеті өскелең өмір талабына сай оқырман қауымның көзайымы болып отыр. Әр оқырман үшін төлбасылымның қалай шығатыны қызық болар. Осы орайда «SARYSÝ» газетінің қалай шығатыны жөнінде бір үзік сыр шертсек артық болмас еді.
«SARYSÝ» газеті аптасына екі рет жарыққа шығады. Аптаның алғашқы дүйсенбісі күні редакцияның шығармашылық тобы, яғни журналистер директордың бөлмесінде бас қосады. Мұны ұжым тілімен айтқанда лездеме дейміз. Лездемеде ең алдымен өткен аптада атқарылған жұмыстар тілге тиек етіледі. Өткен аптада жарыққа шыққан екі нөмірдің сапасы мен мазмұны сарапталады. Содан соң келер сәрсенбі күні жарыққа шығаратын газеттің жоспарын жасаймыз. Әрбір тілші ой-пікірлерін ортаға салады. Қолдарында бар жарыққа шықпаған мақалаларын, сондай-ақ өткен аптада қатысқан іс-шаралар туралы қалам тербеген жазбаларын жоспарға енгізеді. Газетке түсірілген суреттерге де ерекше назар аударылады. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші осылайша төрт көзіміз түгел отырып жоспарлаған газетті шығару үшін іске кірісеміз. Жарыққа шығатын газет нөміріне жоспарланған материалдар ең алдымен директор Жанна Жетенованың сүзгісінен өтеді. Айдары және тақырыптарына назар аударылады. Қажет болған жағдайда өзгертіледі. Бұдан соң газетке шығатын мақалалар дизайнерге жетеді. Барлық мақалалар дайын болған соң газеттің беттерінің макеті жасалады. Мақалалар жоспар бойынша рет-ретімен беттерге салынады. Сонымен қатар, мақалалардың орналасуы қадағаланады. Газеттің әр беттері жеке-жеке принтерден шыққан соң тілшілер кезекпен-кезек оқып шығады. Әрбір бетті сол күнгі газет нөміріне кезекші тілшімен бірлесіп қателерін шығаруға кіріседі. Газет беттерінің оқылып, қатесіз шығуына барлық тілшілер де өз үлестерін қосады.Газет беттері жан-жақты оқылып, сүзгіден өткен соң директор газет макетінің жасалуына, көркемдігіне, қойылған айдар, тақырыптарына назар аударумен бірге мұқият оқып шығады.
Сөйтіп редакцияның шығармашылық тобының қолдарынан өткен газет беттері баспаханаға электронды поштамен жолдама алады. Ертеңіне сапалы шыққан газет оқырмандарына жол тартады. Аудандық «SARYSÝ» газеті осылай шығып, оқырман қолына тиеді.
Камели Сүлейменова,
жауапты хатшы