Жаңа кітап оқырмандарына жол тартты
Өткен аптаның жұмасы күні Сарысу ауданы әкімдігінің қолдауымен және аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен мәдениет үйінде белгілі жазушы-журналист, Қазақстанның Құрметті журналисі Жеңіс Шыныбекұлының «Ажалсыз Аждаһа» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі салтанатты түрде өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, мәдениет және білім саласының қызметкерлері, оқырмандар мен қала тұрғындары қатысты.
Кеш басталмастан алдын келген қонақтар аудандық мәдениет үйінің фойесіне қойылған журналистің өмір жолынан сыр шертетін суреттерінен дайындалған көрмемен танысты. Кітапханашы Диана Берекеқызы көрмедегі әрбір суреттің тарихына жеке-жеке тоқталып, «Ажалсыз аждаһа» жаңа кітабынан да қысқаша мәлімет беріп өтті.
Рухани кештің ашылуында Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Жұмат Жұмабекұлы Сақыпбеков сөз сөйлеп, қаламгердің ауданның қоғамдық және рухани өміріндегі орнына ерекше тоқталды. Ол Жеңіс Шыныбекұлының журналистика мен әдебиет саласындағы ұзақ жылғы еңбегін жоғары бағалап, жаңа кітабының жарыққа шығуымен құттықтады. Сонымен қатар жаңа туындының оқырман жүрегінен орын алуына тілектестік білдірді.
Кеш барысында Жеңіс Шыныбекұлының шығармашылық жолы, суретті галереясы таныстырылып, оның әдеби мұрасы мен журналистика саласындағы еңбектері кеңінен насихатталды.
Кітапхана қызметкерлері Луиза Рахымбаева, Іңкар Саспақова, Меруерт Серікбаева, Ақжарқын Жанжолова жазушының «Ажалсыз Аждаһа» және «Кербала» шығармаларына әдеби шолу жасап, туындыларының мазмұны мен тәрбиелік маңызына тоқталды. Сонымен қатар белгілі журналист Қали Сәрсенбай мен «Арна» баспасының директоры Бақыт Бекболатұлының бейнеқұттықтаулары көрсетілді. Кеш барысында автордың туған-туыстары мен әріптестері сөз сөйлеп, Жеңіс Шыныбекұлының азаматтық болмысы мен шығармашылық қырлары туралы естеліктерімен бөлісті.
Шараның шарықтау шегі – «Ажалсыз Аждаһа» кітабының салтанатты тұсаукесері болды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, СССР Журналистер және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы, белгілі қаламгер Бергентай Нұрмаханұлы және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Диқанбай Ақділда жаңа кітаптың тұсауын кесіп, ақ жол тіледі.
Әдеби-рухани кеш әсерлі әндермен әрленіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жиын соңында қонақтар авторға ізгі тілектерін білдіріп, жаңа кітаптың оқырманы көп, ғұмыры ұзақ болуына тілектестік танытты.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»