Адал еңбек – адам көркі
Адамзат еңбекке ежелден үлкен мән беріп, оны өмірлік бағдар еткен. Ежелгі заманнан-ақ әлемнің барлық ойшылдары еңбекті адамзаттың парызы деп санап, адал еңбек ететін азаматтарды ерекше сыйлап, туындыларында атап өткен. Еңбек деген бұл тек жұмыс жасаумен ғана шектелмейді. Еңбекқор адам барлық жағынан ұқыпты, таза адам. Ол өзіне байланысты болса да, қоршаған ортаға байланысты болса да, тіпті қарапайым үй шаруасына келгенде де табанды келетін жан.
Бүгінгі мақаланың арқауы болған кейіпкерді «еңбек ардагері» десек артық болмас. Ол еңбек ардагері – Жаңатас қаласының көркеюіне ондаған жылдар бойы үлесін қосып келе жатқан Көбеев Пардабай Бегейұлы. Бұл кісі осы өңірде дүниеге келіп, туған жеріне адал қызмет етіп келе жатқан тұлға. Оның ата-анасы да еңбекқор, талантты кісілер болған. Әкесі Көбеев Бегей – бір ауылдың шешені, кеңесшісі болған деседі. Жастар арасындағы, жер мәселесіндегі, күнделікті дау мәселелерге шешім тауып, тоқтау айтып отырған екен. Ал анасы Караматқызы Жансұлу тума тігінші, қолөнерші болған. Анасының жасаған бұйымдары, тіккен шашақтары еңбек ардагерінің үйіне әлі күнге дейін сән беріп тұрған көрінеді.
Пардабай Бегейұлының асыл жары Матаева Қарлығаш та тігінге ерекшк талантты кісі және күйеуінің адал еңбек етуінің, отбасының тірегі болуының басты мотивациясы. Ол екеуі 1989 жылдың жазында отасып, өз алдына шаңырақ болған. Дәл осы жылдан бастап отбасылық өмірдің жауапкершілігін сезінген ол еңбек жолын жастайынан бастаған.
Алғаш Жаңатас қаласына келген сәтінен бастап Пардабай Бегейұлы ауыр техника жүргізіп, құрылыс саласына да, қала жұмысына да бірдей араласты. Жаңатас қаласының бұрынғы жай-күйінен осында бұрыннан тұратын адамдар хабардар. Сол бір кездерден бастап ескі үйлерді бұзып, ауыр қоқыстарды жинап, қаланы қауіпті ғимараттан арылтуда ерен еңбек сіңірген дәл осы азамат.
Сонымен қатар ол «Көгалдандыру және көріктендіру» ЖШС — де ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, Жаңатас қаласының көркеюіне үлес қосқан. Кейін «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналдық қызмет орталығында да еңбек етіп, ауыр техниканы басқарып, қалаға толық құбырлар жүргізуде де жұмыс атқарып, бүгінгі күнде халықтың судан таршылық көрмеуінің бірден-бір себепшісі болған. Өз мүддесімен бірге қоршаған орта мүддесін де бірге алып жүрген ол 20 жылдан астам уақыт аралығында еңбек етіпті. Осы атқарған жұмысы үшін Жаңатас қалалық әкімдігінен мақтау қағазын алған. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына орай ол «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерен үлес қосқаны үшін» деген мәтінде әкімдіктен арнайы алғыс алып, еңбегі еленіп, марапатталды. Оған қоса әкімдіктің құрмет тақтасына суреті қойылып, аты ерекше аталып өтті.
Кейін жеке кәсіпке бет бұрып кетсе де, қалаға пайдасын келтіруін жалғастырды. Ауыр техникалар, жүк көліктері, эксковатор, трактор сияқты көлік түрлерін әкеліп, шаруаға қосуын жалғастыруда. Олар өз кезегінде қалаға пайдасын тигізіп келеді. Бұл үзілмейтін траектория.
Пардабай Бегейұлы өз сөзінде: — Еңбекқор болу туа біте келмейді, оны өмір үйретеді – дейді. Бұл дегеніміз жас ұрпақ осылай аянбай еңбек етуді, артынан ештеңе күтпей адал жұмыс жасауды тәжірибемен, өмір талабымен үйренеді деген сөз.
Көбеев Пардабай Бегейұлы – еңбек сөзінің айқын көрінісі. Ол әрдайым адал қызмет етіп, өзі тұратын, өсіп-өнген ортаға, қалаға аянбай еңбек етіп, болашақ ұрпаққа ашық жол салып берді. Оның отбасы, еңбек жолы мен адалдығы көпке үлгі болатын қасиеттер. Қазіргі жастардың бойынан табылуы керек еңбекқорлық осы кісінің бойында деп айтсақ та асыра айтқанымыз емес. Еңбек әрқашан бағаланатыны сөзсіз. Ал Пардабайдың қалаға жасаған еңбегі, төккен тері соның ең үлкені әрі сыйлысы деп есептейміз. Қаламыздың осындай көркейіп жатқандығы оның атқарған жұмысының, осы жолда төккен терінің зая кетпегенінің айқын дәлелі. Алдағы келе жатқан буынның да Пардабай Бегейұлының жолын жалғап, болашақта қаланы көркейтетініне сеніміміз мол!
Аяжан Көбей, М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 2 – курс студенті