Ел есіндегі азамат

0

Көзден кетсе де көңілден кетпейтін, туған жерін түлетіп, халқына жасаған еңбегімен ел есінде жүретін аяулы адамдар болады. Сондай жаны жайсаң, абзал азаматтың бірі Әлібаев Отыншы ағамыз еді. Туған жердің қасиетті топырағын басып тірі жүргенде биыл сексеннің сеңгіріндегі абыз ата 84 жасқа толар еді. Амал қанша, өмірдің жазылмаған заңы қатал. Көрер жарығы, татар дәм-тұзы түгесілген адамзат баласы келместің кемесіне мініп, қайтпас сапар аттанып кете барады екен. Тұғырлы тұлға болған Отыншы ағамыз да тағдырдың талқысы, жазмыштың жазуымен 2022 жылдың 24 қаңтары күні 80 жасында дүниеден озды. Алайда соңында көзтірісінде атқарған қыруар істерінің қолтаңбасы, өзі мен көзіндей үкілеп өсірген ұрпақтары қалды.

Отыншы аға 1942 жылы 29 қаңтарда Сарысу ауданының Комсомол ауылдық кеңесіне қарасты «Қызыл күншығыс» ұжымшарында жарық дүние есігін ашты. Бұл тұста ел басына күн туған, Ұлы Отан соғысының отты күндерінде ат ауыздықпен су ішіп, ер азаматтар толарсақтан қан кешкен қиын-қыстау, алмағайып заман еді. Ел-жұрттың есін алған, қайғы-қасіреттен қан жұтқан халықтың тылдағы тіршілігі мен күнкөрісі де мәз емес-тін. Ұжымшарлардың жыл он екі айдағы бірі бітсе, бірі күткен қырық қабат шаруалары еңкейген қарттар, нәзік жанды аналар мен буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балаларға қарап қалған қырсығы қалың, қымыран іріген заман еді.
Әкесі Отыншы қария ұжымшарда атқан таңмен таласа тұрып, диханшы колхозшыларды шырт ұйқыдан оятатын бригадир болған екен. Ұжымшар диханшылары бейнеті бес елі мақта дақылдарын өсірумен айналысыпты. Таңның атысы мен күннің батысы күннің көзі, желдің өтінде жүрген Әлібай қарияның ұйымдастыру қабілетінде қылаудай мін болмаса керек. Ел игілігі жолындағы бел жаздырмаған еңбегінен бақыт тауыпты. Жоғары тиісті орындардан мақта өнімдерін жинаудағы ерен еңбектері бағаланып, Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық жетістіктері көрмесіне қатысу құрметіне ие болады. Социалистік еңбек жарысының дүбірлі бәсекесінде топ жарған озаттар қатарында күміс медальмен марапатталады. Осындай еңбегімен ерлеген қарияның сүйікті ұлы болған Отыншы ағаның тектінің тұяғы, асылдың сынығы болуы заңдылық та еді.
Әлібаев Отыншы ағамыз 1959 жылы Кагонович (қазіргі Байқадам Қашқынбаев) атындағы орта мектепті үздік тамамдаған соң еңбек жолын «Байқадам» кеңшарында жұмысшы болып бастайды. Өмірге ғашық, білімге құштар жас жоғар білім алуды армандайды. Осы ниетпен Алматы қаласындағы «Тау-кен» институтына оқуға түседі. 1966 жылы оқу орнын құрылысшы-инженер мамандығымен тамамдаған жас маманға жолдама Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Бөген ауданы, «Боржар» кеңшарына беріледі. Қай жерде болмасын құрылыс бөлімі шешуші салалардың бірі. Жалын атқан жас маманды қуана қарсы алған кеңшар басшылары құрылысшы прораб қызметіне тағайындайды. Арада жылжып жыл өткен соң Сарысу ауданы Талас ауданынан бөлініп шыққанынан хабардар болады. Жаңадан шаңырақ көтеріп, құрылған ауданда барлық салада білімді де білікті мамандар жұтар ауадай қажет боп жатқан кез еді. Білімді жастарды шағаладай шарқ ұрып іздей бастаған аудан басшылары институтты тамамдаған туған жер түлегі О.Әлібаевтың көрші облыста еңбек жолын бастағанын естіп біледі. Жедел ұсыныс хат жолдайды. Ол ұсыныс хатта «Құрметті жас маман Әлібаев Отыншы, туып-өскен ауылыңда жақсы жаңалықтың бірі Сарысу ауданы құрылып жатыр. Елге оралып, туған жерге туыңды тіккеніңді жөн көреміз» деген мағынада жазылған екен.
Туған жер, өскен елге деген сағынышпен шалғайда еңбек етіп жүрген Отыншы ағамыз ауылға қайтуға ниет етеді. Қызметтен босату жөнінде жазған өтінішін оқыған кеңшар директоры:
-Буынсыз жерден пышақ ұрдың-ау, Отыншы. Өзіңдей жас маман бізге де қажет еді. Аудандарың жаңадан құрылып жатыр екен. Қызметтен босатпауға болмайды. Басқа амал да жоқ,-деп қиналыс сезіміне бой алдырып қоштасқан екен.
Бұл тұста жаңадан құрылған аудан етек-жеңін жинап, барлық салада қыруар істер қолға алынып жатқан болатын. Елге оралған жас маман Отыншы ағамызды қуана қарсы алған аудан басшылары жаңадан ашылған №2009 жылжымалы механикаландырылған құрылыс мекемесіндегі мастерлік қызметтің тізгінін ұстатады. Институттан алған теориялық білімін практикамен ұштастыруды мақсат еткен Отыншы аға жастық жігермен іске кіріседі. Ізденісті іскерлік өз нәтижесін бермей қалған жоқ. Бір терінің пұшпағын бірге илескен ұйымшыл құрыш қолды құрылысшылар жылжымалы механикаландырылған мекеменің абыройын асқақтатты. Әрбір алтын бесік ауылдарда қараған жанның көз майларын алған ірі құрылыстар бой көтеріп, сап түзеді. Әсіресе мемлекеттік ғимараттар мен тұрғын үйлер салуға ерекше назар аударылды. Құрылыс алаңдарында атқарылған игі істердің басы-қасы, бел ортасында Отыншы ағамыз да жүрді. Атап айтқанда, қарқынды жүргізілген құрылыстардың нәтижесінде сол кездері аудан орталығы болған Байқадам ауылының бір өзінде аудандық партия, аудандық атқару комитетінің ғимараттары, «Сарыарқа» қонақ үйі, мемлекеттік банк, редакция, мәдениет, үш қабатты пошта үйлері салынып, пайдалануға берілді. Осындай жүзеге асқан, халық игілігіне айналған ірі құрылыстардың барлығында Отыншы ағаның өшпес қолтаңбалары қалды.
Отыншы ағаның іскерлігі облыс басшыларының да назарына ілікті. Жауапты қызметке көтеруді жөн көріп, Жуалы ауданындағы еңбек өнімділігі төмендеп кеткен №2010 жылжымалы механикаландырылған құрылыс мекемесін басқаруға жіберді. Ол жерде де ұйымдастыру қабілеті жоғары әрі көппен тіл табыса білетін іскерлігінің арқасында көптеген жаңа құрылыстар пайдалануға беріліп, құрылыс мекемесі облыс бойынша алдыңғы қатардағы бестікке ілікті. Дегенмен туған жерге бүйрегі бұрып тұратын Отыншы ағамыз елге қайтып оралды. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас инженер болып, аудан көлемінде жүріп жатқан құрылыстардың барлығына басшылық жасады.
Іс жүзінде шыңдалған Отыншы ағамызды аудандық партия комитеті мемлекеттік қызметке шақыртып алды. Нұсқаушы қызметінің тізгінін ұстатты. Арада жылға жуық уақыт өтпей аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатылды. Бұл бөлімдегі қызметі аппараттағы барлық ішкі жұмыстарды, хатшылар мен мемлекеттік қызметкерлер арасындағы қарым-қатынастарды ұтымды ұйымдастырып отыратын өте жауапты еді. Отыншы ағамыз өзіне жүктелген міндетті жұмыстарды тыңғылықты әрі абыроймен атқара білді. Еселі еңбектерінің нәтижесінде бірнеше мәрте аудандық кеңестің депутаты атанып, халық аманатын арқалады. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды.
Отыншы ағамыз жүріп өткен өмір және еңбек жолдарында өзіне жүктелген барлық қызметтерді абыроймен атқара білді. 1987-1992 жылдар аралығында аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинаты ұжымына басшылық жасады. Халыққа қызмет көрсету саласындағы еңбек бәсекесінде облыс көлемінде алдыңғы қатарда болған мекеме бірнеше мәрте марапаттауларға ие болды. Кейіннен аудандық еңбекті қамту орталығы зейнеткерлік қор бөлімінің басшысы болып қызмет еткенде де аудан мекемелері мен шаруашылықтардың сан миллиондаған қаржысын реттеуге өзінің өлшеусіз үлесін қоса білді. Одан соң Байқадам ауылдық округі аппарат қызметкері ретінде өзіне жүктелген жауапты жұмыстарды тиянақты да тыңғылықты атқарды. 2005 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Бейнетінің зейнетін көретін жасқа жетсе де қол қусырып қарап отырмады. Ауыл өңіріндегі түйткілді мәселелерді шешуге ардагер ретінде атсалысты.
Отыншы ағаны еске алып, сөз еткенде құдай қосқан қосағы, ауданымыздың Құрметті азаматы Искакова Ақпай апай жайлы үзік сыр шертпей кету әбестік болар еді. Келбетті жүзінен күн нұрындай мейірім шуағы шашылған Ақбай апайымыз аудан, облысқа ғана емес республика жұртшылығына танымал болған жайсаң жан, асыл ана болды. Ақпай апайды ел-жұртының құрметіне бөлеп, абыройын асқақтатқан да жүрек қалауымен еңбек еткен сүйікті мамандығы еді. Орта мектепті күміс медальмен тамамдаған апай Алматы қаласындағы политехникалық институтының «Инженер-энергетик» факультетіне оқуға түседі. Ақпай апайдың ер азаматтардың ғана білім алатын факультетте оқығаны дәріс бере бастаған ұстаздарын да ойландырып, бас шайқатпай қоймады.
-Шырағым, дәрігер, мұғалім секілді мамандықты неге таңдамадың?-деп сұрағандары да болды.
Ақпай апай болса күлім қағып:
-Көңілім осы мамандықты қалады ғой,-деп жауап береді екен.
Көп арпаның ішіндегі бір бидайдай курстас жігіттермен бірге жоғары білім алуға ден қойған бойжеткен қыз жалғыз өзі болды. Институтты тамамдап елге оралған соң сол кезде Талас ауданының электр жүйесі мекемесіне қарасты Байқадам бөлімшесінде шебер болып еңбек жолын бастайды. Электр жүйесінің білікті мамандарының қат кезі. Жұмыстың аты жұмыс. Ақпайдың бағана басына шығып, электр желілерін жалғауына тура келеді. Әрине бұл тепсе темір үзетін жігіттер атқаратын өте жауапты тірліктің бірі еді. Желді күндері шайқалған бағана басында жүрген жас келіншек Ақпайды көрген көпшілік қауым таң қалып, әрі аянышты сезімдерін білдіреді.
-Япыр-ай, ауданда бағана басына шығатын жігіттердің болмағаны ма? Токқа түсіп қалса обал-ау,-деп қиналғандар да көп болады.
Сарысудың Талас ауданынан бөлініп, өз алдына аудан болуы Ақпайдың өмір және еңбек жолдарына елеулі өзгерістер әкелді. Аудан басшылары болып ел тумалары сайланды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Ұзақбай Сыздықбаев, халық депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып Қырықбай Асанов сайланды. Жаңа басшылар әрбір саладағы кадр мәселесіне ерекше назар аударды. Сол тұста аудан халқын электр жарығымен толық қамтамасыз ету күн тәртібіне өткір қойылды.
Зымыран уақытта тоқтау болған жоқ. Сынаптай сырғыған көп күндердің бірінде Ақпай аудандық партия комитетіне шақырылды. Бір бөлмеде отырған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұзақбай, аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай ағалары жылы шыраймен қарсы алды. Ең алдымен сөзді Ұзақбай ағасы бастады.
-Ақпай шырағым, Қырықбай ағаң екеуміз өзіңді арнайы шақыртып отырмыз. Ауданымыздың жаңадан құрылғанына бір жыл уақыт өтті. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дегендей көппен бірігіп атқаратын жұмыстарымыз өте көп. Тіптен басымыздан асып жатыр десе де болады. Барлық салада жоғары білімді, білікті мамандардан тапшылық көріп отырмыз. Қырықбай ағаң екеуміз ойланып, толғанып дегендей өзіңді аудандық электр жүйесіне басшы етуге ұйғарым жасадық. Қалай қарайсың? Келісімің керек.
Ақпай апай мұндай ұсынысты күтпеген еді. Ойланып қалды. «Аудандағы жауапты мекеменің бірін басқару менің қолыман келе қояр ма екен? Ер азаматтар атқаратын қызмет қой. Аудан совхоздарындағы ауылдар электр жарығымен толық қамтылған жоқ. Қолға алатын жұмыс өте көп. Екі аға сенім артып отыр. Сенім үдесінен шыға алмай сөз естіп, ұятқа қалып жүрмеймін бе?»
Жауап беруді жөн көрген Ақпай:
-Мекемені басқару қолымнан келмейтін шығар,-деді ұяң үнмен.
Осы кезде от ауызды, орақ тілді, сөзді тауып та, қауып та айтатын Қырықбай ағасы үнсіз қалмады.
-Ақпай шырағым, ойланғаның, басшылық қызметті атқара алмайтын шығармын деп уайым еткенің де дұрыс. Ауданда жоғары білімді электрик жалғыз өзің ғана екенсің. Басқа білімді, білікті кадрды қолымызға шырақ алып іздесек те таба алар емеспіз. Нартәуекел еткенің дұрыс. Дауылды, боранды күндері бағана басына шығып жүрген сендей өжет қызға мекеме басқару қиындыққа түспейді. Жүрексінбей іске кіріс. Ауданда атқарылып жатқан барлық жұмыс бір терінің пұшпағын илегендей бәрімізге ортақ. Қысылсаң көмек қолын созуға әрқашанда дайынбыз,-дейді.
Қарсылық сөз айтудың реті жоқ екенін сезген Ақпай:
-Жарайды,-деп келісім беруіне тура келді.
28 жасынан жауапты мекемені зейнет демалысына шыққанша басқарған Ақпай апайымыз қайсар мінезді еңбегінің арқасында көп құрметіне бөленіп, зор абырой мен беделге ие болғанын ел-жұрты жақсы біледі. Үйде ананың, түзде ер азаматтың тірлігін атқарып, құрбы, дос, замандастарына үлгі-өнеге көрсетті. Құдайдың берген бауыр еті балалары 1 ұл, 4 қызға саналы тәлім тәрбие беруге де уақыт тапты. Бүгінде 85 жастың төріне қадам басқан Ақпай апайымыз үкілеп өсірген ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің қызығын көріп, бақыт құшағында тербеліп отырған жайы бар.

Темірлан Әбілдаев, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.