Газет тарихы

Биылғы жылы жеті жарым мыңнан астам саны жарық көрген төл басылымымыз, ауданымыздың айнасы «Сарысу» газетіне 85 жыл толып отыр.

1937 жылы Оңтүстік Қазақстан өңірлік партия комитетінің 6 қаңтардағы бюросының Сарысу ауданында газет шығару жөніндегі шешімі шықты. Оның алдында аудан орталығы қазіргі Шаян елді мекенінде болатын.

Сол жылы 5 мамырда газет аудандық, партия комитеті мен Кеңес атқару комитетінің органы болып шыға бастады. Көлемі бір бет болатын «Социалистік шаруа» газеті латын әріппен теріліп, көркемделді.

Байқадам жерінде жаңалық жаршысы, аудандық газеттің жарық көруінің өзі бір тарих. Сол кезде редакторлық қызметті мойнына алған Ы.Оспанов алғашқы жабдықтарды Шаян ауылынан Саудакентке түйеге артып жеткізді. Ұйымдастыру жұмыстары оңай болған жоқ. Кадрдың тапшы кезі. Қазіргідей жаңа технологияның заманы емес, бәрін жаяу жүріп, қолмен атқаруға тура келді.

Типография жабдықтары да талапқа сай емес еді. Ескіден қалған құралдар болатын. Қорғасын құю, әріп теру жұмыстары да қарапайым қолмен атқарылатын. Сапасы да сын көтермейтін.

Елдегі қуғын-сүргін, коллективтендіру кезеңінің дүрбелеңі халықты қажыта бастаған болатын. Міне, осы кезде аудандағы жалғыз ақпарат құралы аудандық «Социалистік шаруа» газеті халыққа жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп отырды. Алғашқы газеттің сандары қолдан-қолға жұқпай тез тарайтын. Бір газетті бірнеше адам жабыла оқитын және бір адам оқып көпшілікке түсіндіретін.

1960 жылы «Социалистік шаруа» газеті 4 бет болып апта ішінде 3 рет шығу мүмкіндігіне ие болды. Газетте істейтін қызметкерлер саны көбейіп, аудан көлеміндегі атқарылған істер кеңінен қамтыла бастады. Ауыл шаруашылығының барлық саласы, еңбек адамдарының жеке еңбектері газет бетінен жиі көрінетін болды. Даладағы қызу еңбекпен қатар газет өмірі де жандана түсті.

1963 жылы Сарысу ауданы Талас ауданына қосылып Талас ауданы атанып, «Социалистік шаруаның» орнына «Ленин жолы» газеті шықты.

1967 жылы Сарысу ауданы өз алдына бөлініп шығып «Социалистік шаруаның» жалғасы «Октябрь таңы» газеті қайта шыға бастады. 1991 жылы кеңестік жүйе күйреп, әр республика өзіне дербестік алған тұста заман талабына сай аудандық газет те құрылымдық өзгерістерге ұшырады.

1992 жылы 11 сәуірден бастап бұрынғы «Октябрь таңы» газеті жаңадан «Молшылық» атты атауға ие болды.

Газет тарихында бірінші рет 1999 жылдың 1 ақпаны күні Жаңатас қаласында бұрынғы «Молшылық» газетінің негізінде шағын көлемді «Сарысу» газеті компьютер арқылы теріліп, беттеліп, редакцияның баспаханасында офсеттік басу машинасымен жарыққа шықты.

Биылғы жылы аудандық газет екі түспен аптасына екі рет шығып жүр. Ал сенбі күнгі нөмер тұрақты түрде сегіз бетке жетті. Кейде 12 бетпен шығу тәжірибесі де қолданылып жүр. Газеттің тиражы көбейіп оқырмандар саны артты.

Аудандық газетте бұдан басқа да жаңа реформалар жүрді. Республикада бірінші болып, өз газетімізді өзіміз тарату тәжірибесін қолданып отырмыз. Сондай-ақ, басылымға жазылу редакцияның өзінде жүргізіледі. Әрине ол оңайға соққан жоқ. Шығармашылық пен шаруашылық істерін қатар алу өмір талабынан туындап отыр. Бұған тікелей «Қазпошта» қызметінің жыл сайын бағасының өсуі өз әсерін тигізді. Қазіргі таңда газет таситын 12 жаңа жұмыс орнын ашып, оқырманмен тікелей байланысқа шықтық. Ең пайдалы жері біздің оқырмандардың кім екенін, олардың қандай ұсыныстары бар екенін газет тасушылар арқылы біліп отыратын кері байланыс орнаттық.