АТАМ АУДАНДЫҚ ГАЗЕТТІҢ РЕДАКТОРЫ БОЛҒАН
Мен бұрындары мақала немесе естелік жазып көрмеген едім. Тек, әлеуметтік желілерде анда-санда пікір қалыптастырып отырғаным болмаса. Қолыма қалам алып, осы бір шағын естелікті жазуымның сырын айтайын. Жыл сайын елімізде аталып өтетін баспасөз қызметкерлері күні және аудандық «Сарысу» газетінің мерейтойлары қарсаңында аудан баспасөзінің негізін қалаған, аудандық басылымның қалыптасуына, дамуына еңбегі сіңген тұлғалардың қатарында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Сарысу аудандық «Социалистік шаруа» газетінің (қазіргі «Сарысу» газеті) бас редакторы, ауданның өз уақытындағы қадірлі азаматы болған менің атам Мақан Әбішев туралы көп айтыла бермейді. Мүмкін, ерте қайтыс болғаннан кейін ол кісі туралы деректердің аз болғандығынан немесе сақталмағандығынан, әлде менің атам туралы білетін көнекөз қариялардың бұл өмірден өтіп кеткендігінен де болар..
Бірақ, атамның аудандық «Сарысу» газетінің соғыс жылдарындағы редакторы болғандығы туралы жазушы, қаламгер ағамыз Пернебай Дүйсенбиннің «Сарысунама» кітабында аз-кем айтылған.
Атамның жұбайы Уәлиқызы Ұрқия апам 1995 жылы 96 жасында қайтыс болды. Имандылыққа бет бұрған, зерек, ескі қиссалар мен жырларды жатқа білетін мінезді кісі болатын. Сол апам көп нәрсені білетін еді. Бала болып, айтқандарына мән де бермеппіз.
Баспасөз күні қарсаңында Мақан атам туралы есімде қалған апамның кейбір айтқандары мен әкемнен естігендерімді жазайын дедім. Кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген оймен.
Атам Әбішев Мақан 1900 жылы Арқада, Сарысу өзенінің бойында дүниеге келген. Үш ағайынды болған. Өзінен кейін екі інісі бар. Ескел, Елші. Елші атам соғыста хабар-ошарсыз кеткен.
Мақанның әкесі Әбіш елдің арасында сыйы бар, беделді кісі болған екен. Әбіштің әйелі Зияда әжеміз Сәкен Сейфуллиннің шешесі Жамал апаның туған сіңілісі. Атам Мақан мен Сәкен туған бөле. Сәкендердің туған жері – Жаңаарқа елі Сарысу елімен жыл сайын бүкіл жаз бойы Арқадағы Сарысу өзенінің бойында, сондағы өзен-көлдердің жағасында, жайлауларда ауылы аралас, қойы қоралас отырған.
Атам Мақан жастайынан зерек, оқыған, көзі ашық кісі болған. 1928 жылғы байларды тәркілеуде, 1931-1933 жылдардағы ашаршылықта Арқадағы Сарысу өзенінің бойынан Қаратауға қарай шұбырған елді бастап келген, тірі қалғандарды орналастыруға белсене араласқандардың бірі болған екен.
Айтуға не жазуға оңай болғанмен бұл 1928-1933 жылдар өте ауыр болған. Осы адам төзгісіз қиындықтарға қарамастан «елім, жерім» деп жанқиярлықпен еңбек еткен азаматтарды кейінгі ұрпақ біле бермейді.
Апамның айтуынша Мақан атам «Қызыл отаудың» меңгерушісі де болыпты. «Қызыл отаулар» арқылы халықтың сауатын ашу, әйелдердің бас бостандығы, жәбір-жапа шеккендерге жәрдем беру, мәдени шаралар, саяси жұмыстар атқарылады екен. Қызыл отаудың жанында сот, милиция қоса болып, көшкен елмен бірге қызыл отауларда көшіп жүрген.
Сәкен Сейфуллин 1919 жылы Омбы түрмесінен қашып, Бетпақдала арқылы Әулиета уезіне қарай өткенде Сарысу елінің көшімен бірге жүреді, Шу өңіріне тоқтайды. Осы кездерде Мақан атам Сәкен бөлесіне қолдау білдірген. Сәкенді Бетпақдаладан және Шу бойынан жасырын, білдірмей өтуіне көмектесіп, астына мінетін ат дайындап берген.
Арқада отырғанда Сәкен Сейфуллин үйге талай соққан екен. «Сәкеннің әнін тыңдап, шәйін құйып бердік қой талай. Мақан да нағашыларына жиі баратын. Сәкен үлкен қызметте жүргенде Мақанды өзіне арнайы шақырып, орденмен марапаттаған» — деп, отыратын Ұрқия апамыз.
1937-38 жылдардағы жаппай қуғын-сүргінде Сәкен тұтқындалғанда, Сәкеннің ағайын-туыстарына, жақындарына, Сәкенге жақын жүрген адамдардың бәрінің басына қара бұлт үйіріледі. Менің атам Мақанды да «Халық жауы» деп ұстайды. Ол кезде көшпенді, көшершілік өмір сүріп жатқандардың «халық жауларын» ауылдан бөлек оқшаулап, ешкіммен араластырмай, күзетке алады екен. Артынан арнайы НКВД өкілдері ат-арбамен ауыл-ауылды аралап жүріп, оқшауланғандарды қолына кісен салып, жинап алып кетеді екен.
Апам айтады: — «Ауылдан бөлек қырдың басына Мақанды оқшаулады. Ешкіммен қатыстырмайды. Мен анда-санда ас-суын апарып беремін. Бір күні ауылға бір әскерилер келді. Бір құпия шаруамен жүрген сияқты. Олар ауылдың азаматтарымен сөзге келіп қалды. Жағдай ушыға бастады. Сол кезде бір кісі «Сіздер анау оңаша оқшаулап тастаған Мақанға барып жолығыңыздар» деді. Жаңағы әскери кісілер Мақанға жолығады. Олардың дәрежесі жоғары болған болу керек күзет жолығуға рұқсат етіпті. Мақан тез арада жан-жақпен хабарласып, ауыл азаматтарына тапсырма беріп, жаңағы әскери адамдардың шаруасын шешіп береді. Жаңағы әскери адамдар кетерінде Мақанға бір мөр басылған қағаз қалдырды. «Сені алып кетуге келгендерге көрсетесің» деді. Кейін, НКВД-ның ауылдық жердегі өкілдері «халық жауларын» жинап алып кетуге келгенде, Мақан әлгі қағазды көрсетіп, тұтқыннан босайды. Сәкенге қатысы бар деп талай тұтқындамақшы болғанда, әлгі «қағаздың» көп пайдасы тиді» — деп отыратын.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Мақан атам «Социалистік шаруа» газетінің (қазіргі аудандық «Сарысу» газеті) редакторы болып қызмет атқарған.
Көптеген ауданның сол кездегі жас мамандарына, оқимын деп талпынғандарға көмек қолын созған, қолдау білдірген.
Аудандық газетте жауапты хатшы, редактор болып қызмет атқарған соғыс ардагері Айтжан Орақбаев ағамыз өз естелігінде: — «Мен 1944 жылдан 1947 жылға дейін аудандық «Социалистік шаруа» газетінде жауапты секретарь болып, кейінірек 1953 жылдың февраль айына дейін редактор болып қызмет атқардым. Газеттің алғашқы редакторларының бірі Мақан Әбішев ағаның тәрбиесінде көп жұмыс үйренуге тура келді» — деп еске алады.
Соғыс уақытында аудандық газет тыл мен майданды байланыстыратын басты рухани көпірге айналды. Атам басшылық еткен жылдары газет редакциясы қағаз тапшылығына қарамастан, фашизмге қарсы күресте халықты жұмылдыру, майдандағы жауынгерлердің ерлігін насихаттау және ауылдағы тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегін паш ету міндетін абыроймен атқарды.
Қалыпты бейбіт өмірге арналған мақалалардың орнына, газет беттері майданнан келген қаралы хаттар (қара қағаздар) мен сүйінші хабарлардың негізгі жеткізушісі болды. Аудан тұрғындары майдандағы жағдайды, Кеңес ақпарат бюросының мәліметтерін жергілікті басылымнан оқып білді.Тыл еңбегін дәріптеу, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұрандар негізгі тақырыпқа айналды. Колхозшылардың егін жинау, мал шаруашылығын дамыту және майданға жылы киім, азық-түлік жинау науқандарын үздіксіз жариялады. Патриоттық өлеңдер, әңгімелер жиі жарияланып, халықтың еңсесін көтеруге, жауға деген өшпенділікті арттыруға бағытталды.
Соғыс жылдарындағы қиын кезеңде осы жұмыстар газет редакциясында атамның басшылығымен жүзеге асып жатты.
Мақан ата редакторлықтан кейін аудандық дайындау мекемесінің басшысы болып жүріп, 1950 жылы ауыр науқастан елу жасында қайтыс болған.
Мақан атам жұбайы Ұрқия апамыз екеуі 4 ұлды дүниеге әкелді. Олар-Баян, Көрпеш, Бейбіт, Мамыр. Мен Бейбіттің қызымын. Әкем Мақанов Бейбіт ауданның ауылшаруашылығының өсіп-өркендеуіне, көлік саласының дамуына үлес қосқан кісі. Аудандық «Селхозтехника» мекемесінде бас инженер, аудандық транспорт мекемесінде (АТП) директор, «Жаңатас» совхозында бас инженер, Жаңатас қаласындағы №4 автобазада директор, Механикаландыру жұмыстары басқармасында (УМР) директор қызметтерін атқарған.
Саудакент ауылының батыс жағындағы Шабақты өзенінің бойында Байқадам автотранспорт паркі (АТП) менің әкем Мақанов Бейбіт директор болып қызмет атқарғанда салынған. Өзі басшы болып жүргенде жобасын Алматыдағы министрліктерге барып жүріп, бекіттіріп, салдырған. (Қазір орны ғана жатыр)
Әкемнің ағалары Баян мен Көрпеш те жоғарғы білімді кісілер болған. Екеуі де Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылығы институтында оқыған. Олардың оқуына Сәкеннің інісі Мәжит ағаның қызы Рымжан Сейфуллина апамыз көп қолдау білдірген.
Баян ағамыз ауылшаруашылығы саласында түрлі қызметтерде болса, Көрпеш ағамыз аудандық ветеринария саласында басшылық қызмет атқарды.
Мамыр ағамыз еңбекті қарапайым жүргізушіден бастап, ауданда алғаш кәсіпкерлікпен айналысқан кісілердің бірі болды. Жер алып, пияз өсірумен айналысты. Баян, Көрпеш ағаларымыз, әкем Бейбіт бақилыққа аттанған. Інісі Мамыр ағамыз Тараз қаласында тұрып жатыр. Зейнеткер.
Мақан атамыздың балаларынан тараған ұрпақтары еліміздің әр түкпірінде, әр салада жемісті еңбек етіп, өсіп-өніп жатыр.
Атамыздың інісі Ескел атамыздың баласы Серікбай ағамыз Қызылдихан ауылында тұрады. Зейнеткер.
1994 жылы Жамбыл ауданында Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығы аталып өткенде, Жаңатас қалалық мәдениет бөлімі және қалалық кітапхана «Сәкеннің облыстағы және Сарысудағы ең жақын туысқаны» деп, Ұрқия апамызды мерейтойға алып барып қатыстырып, естелігін тыңдатқан. Жаңатас қаласы айтулы шарада бірінші орынды алып келген.
28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында атамды еске ала отырып, бұл жазғандарым тарихтың өте қиын кезеңдерінде елі үшін еңбек еткен, қазіргі аудандық «Сарысу» газетінің алғашқы редакторларының бірі болған атам Мақан Әбішұлының рухына тағзым болсын дедім.
Шолпан МАҚАНОВА,
Саудакент ауылының тұрғыны