ТУРНИР ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

0

Жайылма ауылындағы Бөрібек Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінде Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, даңқты кино және театр актері Асанәлі Әшімовті еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы шахматтан өткен ашық облыстық турнир өз мәресіне жетті. Екі күн бойы шаршы тақтада ақыл-ой мен стратегияны тоғыстырған жас шахматшылар өзара кіл мықтыны анықтады.
Дүбірлі додаға Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Тараз қалаларынан және Түркістан мен Жамбыл облыстарынан жиналған 130 жас шахматшы қатысып, бақ сынасқан болатын. Тартысты өткен бәсекенің қорытындысы бойынша әр жас ерекшелігінде үздік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бас төреші А.К. Утеулиев бекіткен турнирдің қорытынды кестесіне сәйкес, жеңіс тұғырына көтерілген үздіктер келесідей ретпен орналасты:
8 жасқа дейінгі қыздар арасында 1-орын Ескендірқызы Арна (Тараз), 2-орын Саймасай Әмина (Тараз), 3 — орынЖанат Айлин (Жамбыл облысы), 8 жасқа дейінгі ұлдар арасында 1-орын Дербисов Далер (Тараз), 2-орын Бекболат Батырхан (Түркістан облысы), 3-орын Алшынбай Ернұр (Сарысу ауданы), 10 жасқа дейінгі қыздар арасында 1-орын Алмасқызы Ақбалғын (Түркістан облысы), 2-орын Әнуар Әдел (Тараз), 3-орын Бердібек Айсұлу (Тараз), 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында1-орын Жанат Нұрым (Жамбыл облысы), 2-орын Әбдіғали Әлихан (Тараз), 3-орын Ілияс Мейіржан (Сарысу ауданы), 12 жасқа дейінгі қыздар арасында 1 — орын Өтеген Медина (Тараз), 2-орын Қалдыбек Мерей (Тараз), 3-орын Тәпелова Әйзере (Тараз),12 жасқа дейінгі ұлдар арасында 1-орын Аманбек Диас (Түркістан облысы), 2-орын Есенбаев Рақымжан (Түркістан облысы), 3-орын Серікбай Нұрислам (Түркістан облысы) иеленді.
Салтанатты жабылу рәсімінен кейін турнирдің мәдени және тағылымдық бағдарламасы ауыл клубында жалғасты. Онда жиналған қауым мен жас спортшылар назарына Асанәлі Әшімовтің өнегелі өмір жолы мен қазақ кино өнеріне қосқан өлшеусіз үлесі туралы сыр шертетін арнайы деректі фильм ұсынылды. Көрермендер ұлы актердің шығармашылық әлеміне терең бойлап, рухани азық алды.
Мұнан соң, еске алу шаралары аясында ауылдағы «Ысқақ Пірадар» мешітінде арнайы ас беріліп, өмірден өткен аяулы тұлғалардың рухына бағышталып, құран оқылды. Жиналған зиялы қауым мен ауыл тұрғындары өңірден шыққан даңқты перзенттің ел үшін сіңірген еңбегін зор ілтипатпен еске алып, бұл турнирдің тек спорттық емес, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы жоғары екенін атап өтті.
Осылайша, Жайылма төрінде өткен ақыл-ой думаны тек мықтыларды анықтап қана қоймай, жас ұрпақтың бойына ұлттық мақтаныш сезімі мен терең рухани құндылықтарды ұялатқан тағылымды шара ретінде тарих бетіне хатталды.

Анель СПАН, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3 – курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.