САРЫСУДЫҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТТЫ

0

Спартакиада – облыс мемлекеттік қызметшілері үшін жыл сайынғы ең басты спорттық дода. Мұнда күн сайын өңір тұрғындарының игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтар жиналып, белсенді әрі салауатты өмір салтының үлгісін көрсетеді.

Бүгінде спартакиада – жай ғана спорттық жарыс емес. Бұл жыл сайын облыстың түкпір-түкпірінен келетін әріптестердің басын қосатын, жарқын әсерлер сыйлайтын, жаңа таныстықтарға жол ашатын және жаңа жетістіктерге жігерлендіретін игі дәстүрге айналған маңызды іс-шара.
Бұл жарыстар – спорттық қабілеттерін көрсетуге әрі әріптестермен бейресми жағдайда кездесуге тамаша мүмкіндік береді. Осындай шаралар адамдарды жақындастырады. Мұнда салауатты бәсекелестік рухы ерекше сезіледі.
Бағдарламаға сондай-ақ соңғы жылдары кең танымалдыққа ие болып келе жатқан киберспорт енгізілді. Оның жарыс түрлері қатарына қосылуы ұйымдастырушылардың заман ағымына сай дамып, мемлекеттік қызметшілердің заманауи спорт бағыттарына қызығушылығын қолдайтынын көрсетеді.
Міне, осындай іс-шара жуырда Тараз қаласындағы «Тараз — Арена» спорт кешенінде 23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күніне орай өтті. Аталмыш сайысқа ауданымыздан аудан әкімі аппаратының басшысы Құдайберген Рысдәулет бастаған команда қатысып, бақтарын сынады. Жарысқа қатысушылар спорттың футзал, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жүзу, шахмат, қазақ күресі, киберспорт және баскетбол түрлерінен өзара кіл мықтыны анықтады.
Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша баскетбол спортынан сарысулықтар жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, қазақ күресінен 100 + келі салмақ бойынша аудан әкімі аппаратының инспекторы Олжас Бейсен, 100 келі салмақта Жайылма ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Шерхан Бейсенбайұлы және 80 келі салмақта Жаңатас қаласы әкімі аппаратының бас маманы Бапетов Нұрсәулет, тоғызқұмалақ сайысынан аудандық білім бөлімінің бас маманы Жеңіс Мұсаахметов, үстел теннисінен Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Айбек Жұмадулла алтын медальді иеленіп, аудан абыройын көкке көтерді. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан медаль, диплом және қаржылай сыйлықтар тапсырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.