Сатираның сарбазы еді
Аудандық газетте бір терінің пұшпағын бірге илесіп, қызметтес болған әрбір журналист ағалардың өздеріне ғана тән ерекше қасиеттері болды. 76 жасында дүниеден озған Шыныбеков Жеңіс ағамыз сатираның сарбазы еді.
Бұл ағамыз іссапармен барған шаруашылықтардан орын алған олқылықтар жайлы фельетон, сын мақалаларды өте көп жазды. Дана халқымыз: «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп бекер айтпаса керек. Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді. Алмас қылыштай қиып түсер өткір тілмен жазылған фельетон, сын мақалалардың кейіпкерлері болған кеңшар, мекеме басшылары аудандық пария комитетінің бюро мәжілісінде мәселелері қаралып, шыбын жандарын шүберекке түюге мәжбүр болатын. Аудандық партия комитеті бөлімдері нұсқаушыларына бас қатырып, ми ашытып анықтама жинаудың қажеті болмай қалатын. Өйткені Жеңіс ағамыздың газетке сөз сойылын соғып жазған фельетон мен сын мақалалары бюро мәжілісіне жеткілікті еді.
Жеңіс ағамыздың асқар тау әкесі Шыныбек көкемізді бозбала кезімізде көзіміз көрді. Калинин атындағы кеңшарда жазиралы жаз айларында желіге тулатып құлын байлатып, шараяққа сары қымыз сапыртқан құрығы құтты жылқышылардың бірі болатын. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында бес қаруын асынып, ел шетіне тиген жауға қылышын сермеп, найзасын кезеген майдангердің бірі еді. Төрт жылға созылған сұрапыл соғыстың алғы шебінен туған жер, өскен елге жеңіс туын желбіретіп оралған көкеміз отау үй тігеді. Көл-көсір қуаныш пен шаттықтың символы болған Ұлы Жеңістің құдіреті мен қасиетін жақсы білетін Шыныбек көкеміз 1946 жылы жарық дүние есігін іңәлап ашқан тұңғыш ұлына азан шақырып атын Жеңіс қояды.
Әкесі дархан дала төсін дүбірге бөлеген құйма тұяқ тұлпарлар түлігін бағып қаққан соң бала Жеңіс те ат құлағында ойнап ержетті. Мектеп бітірген соң зейнет демалысына шыққан әкенің құтты құрығын қабылдап алды. Қоғамдық мал қамы, шаруа жайымен күн көзі қыраулатқан қыс айларында табиғаты қатал төменгі Шу бойын қыстап, жазиралы жазда самалды Сарыарқаны жайлау етті. Күннің көзі, желдің өтінде жүріп, жылқышы құрығы мен қағаз қаламды да қоса ұстады. Бойындағы табиғи дарын мен талант әдебиет әлеміне құлаш серметті. «Кербала» атты шағын повесі өмірге келіп, сол тұстағы жас оқырмандардың сүйікті басылымы «Жалын» журналына жарқ етіп жарыққа шыққанда мүйіздері қарағайдай ақын-жазушылар, сыншылар, әдебиет сүйер қауым таң қалып, таңдай қағысты.
Ауылдан жырақта жылқышы болып жүрген Жеңіс ағамызға бар болғаны бір ай ішінде 100-ге жуық хат келеді. Ол хаттардың мазмұндары бір-біріне егіз қозыдай ұқсас еді. «Мұндай ғажап талант, дарынмен қалайша жылқы соңында жүрсіз?», «Астанамыз Алматыда, Жазушылар үйінде жүретін адамсыз ғой», «Тағы да қандай тамаша шығарма жазып жатырсыз?» Бір хатты бойжеткен жазса керек. «Жасыңыз қаншада? Үйленген жоқсыз ба? Көз бен сөз салып жүрген сүйікті қалыңдығыңыз бар ма?» деген сұрау белгісі көп сөйлемдер жазыпты.
Бір ғана «Кербала» туындысымен оқырмандарды елең еткізген жылы аудандық газетті жиырма жыл абыроймен басқарған Мақашев Төкен ағамыз Сарыарқа жайлауында бағлан қозының етін жеп, қымыз, шұбат ішіп көкпар шауып жаз қызығын бастан кешіп жатқан Жеңіс ағамыздың үйіне ат басын тірейді. Әкесі Шыныбек көкемізге арнайы келгендегі бұйымтайын айтады.
-Балаңа құда түскелі келдім. Жеңісің жылқышының құрығын емес, журналистің қаламын ұстау керек. Аудандық газетке қызметке аламын,-дейді.
-Япыр-ай, буынсыз жерге пышақ ұрдың-ау, Төке. Қолымызды ұзартқан, бетіне қарап отырған балам еді,-деп Шыныбек көкеміз қиналыс сезіміне бой алдырады.
Айтқанынан қайтпайтын өр мінезді редактор:
-Болмайды, Шынеке. Құйма тұяқ жылқылардың үйірлерін бағып, қағатын қазақтың қайратты, қайсар жігіттері табылар. Ал журналист болу екі жігіттің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Мен Жеңістің алдағы болашағын да ойлап тұрмын,-деп сөздің тоқетерін бірақ айтады.
Қасиетті қаламынан сөз маржаны төгілген Шыныбеков Жеңіс ағамыз аудандық газеттің қасиетті табалдырығын осылай аттаған еді.
Енді көзбен көрген, білгенімнен сыр шертейін. Жеңіс ағамыздың боямасыз өмірдің шынайы шындығын суреттеп, қалам тербеген әзіл, сықақ әңгімелерін қалың оқырман қауым газет бетінен қолдарына шырақ алып іздеп жүріп оқитын. Оқи отырып, рахаттана күліп, рухани ләззат алушы еді. Әрбір әзіл, сықақ әңгімелерінің кейіпкерлері құлын-тайдай тебісіп, он жыл мектепте бірге оқыған құрдастары Қоқым, Қарғаш, Түгелбайлар болатын. Ол кезде баспагерлер Байқадам ауылындағы еңселі ғимараттың бірінші, редакция ұжымы екінші қабатта еңбек ететін. Әзіл, сықақ әңгімелерден алған ерекше әсерлері болса керек. Баспаханадағы терімші қыз-келіншектер сатира сарбазынан:
-Жеңіс ағай, сіздің жазған әңгімелеріңіздегі Қоқым, Қарғаш, Түгелбай ағалар өмірде бар кісілер ме?-деп сұрайды.
Сонда Жеңіс ағам іркілмей:
-Әрине бар. Үшеуі де алтын бесік, туған ауылым Жайылмада жер басып, бала-шағаларын әупірімдеп асырап жүр,-дейді күлім қағып.
-Ол кісілерді қалай көрер екенбіз?
-Бұл жұғымсыз, жүген үзген құрдастарым маған келіп тұрады. Қайсысы келсе де сендерді шақырамын. Сонда көретін боласыңдар.
-Сөйтіңізші, ағай. Ұмытып кетпеңіз. Көргіміз келеді.
Бір күні «іздегенге-сұраған» дегендейін жел айдаған қаңбақтай Қоқым ағамыз келіп қалды. Жеңіс ағам мені оңашалап:
-Баспаханадағы қыз-келіншектерге «Жұғымсыз Қоқым келді» деп хабар бер,-деді.
Терімші қыз-келіншектер екінші қабатқа құстай ұшып жетті. Редакцияға жұмыс бабымен келгендер құсап, кезек күткендей есігі ашық бөлме алдында тұрып Қоқым ағамызға сын көзбен қарай бастады. Жеңіс ағам төрт құбыласы түгелденгендей мәз-мейрам боп рахаттанып отыр. Қоқым ағамыздың кеткенін білген терімші қыз-келіншектер қайта оралды. Бірі ойындағы пікірін айтты.
-Жеңіс ағай, сіздің газетке жазғаныңыздай емес, Қоқым аға жақсы адам сияқты ғой.
-Бұл Қоқым құрдасым жыртқыш аңдар сияқты өте-мөте айлакер, әккі, қу. Сырт көзге оңайлықпен сыр алдырмайды. Адам аласы ішінде ғой. Бала жасынан бүтінді бүлдірген, шоқпар жинаған сотқар осы ағаларың. Естеріңде болсын. Ауру қалса да әдет қалмайды. Әйеліне жаным ашиды. «Біздің Қоқым қашан адам болар екен?» деп зар илеп, запыран құсып, бақытсыз өмір сүріп жатыр.
Бүкіл аудан оқырмандарына танымал сатириктің сөзіне сенбеске амалы қалмаған қыз-келіншектердің бірі:
-Енді Қарғаш пен Түгелбай ағаларды қашан көрер екенбіз?-деді.
-Аш қасқырдай жан-жағына жалақтап бұл екі құрдасым да келіп қалар. Сонда «срочно» хабар беремін.
Жеңіс ағам әзіл қалжыңның қайнар көзі, отырыстың гүлі болды. Әдемі, тауып та, қауып та айтқан әзілдерімен жан-жағына күміс күлкінің нұрлы шуағын шашып отырушы еді. Журналист Шәмшиев Берік ағамыз Жеңкеңнің нағашысы еді. Екеуі нағашы-жиен боп әзілдерін жарастырып ойнағанда жанымыз жадырап қалатын. Берік ағамыз мұрынды еді. Ұстағанда алақанының уысы толатын. Сырт көзге ерекше көрінетін мұрнын жиі сипап, уқалап отыратын. Әзіл айтпаса сіркесі су көтермей қалатын Жеңіс ағам Берік нағашысына:
-Көк көйлекпен көлбеңдеп өтіп бара жатқан сұлу қыз-келіншектерді көрсетпейді. Қоңқиған мұрныңды былай тартшы,-дейді.
Берік нағашысы да оңайлықпен айылын жия қоятын қаламгер емес еді. Жеңкең ашаң бойлы болатын.
-Сен жиеннің іштарлығыңа қайран қалам. Ашқұрсақ ши бөрідей ішіңе су айналмайды. Ат ерінді, ер мұрынды келеді. Тынысы кең мұрнымды көре алмайсың,-дейді.
Осы нағашы-жиендерге қатысты болған, ел ауызында қалған езу тартар оқиға есіме түсіп отыр. Бір жылы, шіліңгір шілде айында баспахана директоры Рахышов Амандос, журналистер Шәмшиев Берік, Шыныбеков Жеңіс үшеуі ақылға келеді.
-Қағазбасты боп кеңседе кәрі қыздай отырып қалдық. Ертең күн демалыс қой. Ат шаптырым жердегі Қызылкөлге барайық. Арқаны кеңге салайық. Ешкімнен кем емеспіз. Ел қатарлы біз де көңіл көтеріп, тынығуға құқымыз бар. «Военный тайнамызды» дорбамызға сала барайық,-деседі.
Солай болады. Қызылкөлдің салқын суына шомылып, күнге қақталып жатқан көпшілік баршылық екен. Үшеуі самалды көлдің жағасына көліктен түскен бетте тіршілік қамына кіріседі. Дастархан жайылады. Жол дорбалардан азық-түлік, шиша ішінде мөлдіреген «военный тайналар» шығарылады. Ұрттай қалсаң өңешті өртей жөнелетін тентек судан ауыз тиіп, арқа-жарқа отырыс басталады. Ішіне ел қонған Берік жиені Жеңіске қарап:
-Ау, жиенім, суға сүңгіп, жүзуден қалайсың?-дейді.
Жеңкең мақтанып сөйлеуді де ұнатушы еді. Іркілмей жауап қайтарады.
-Суы сирағыңнан келмейтін Қызылкөл деген не тәйірі. Мен Тынық мұхиттың түпсіз, тұңғиық толқыған суында үйрекше сүңгіп, аққуша жүзетін жігітпін.
-Олай болса сен баста. Амандос екеуміз қоштайық.
Шешінген судан тайынған ба? Жеңкең суға үйрекше сүңгиді. Сөйтсе Жеңкең суда жүзе білмейтінін ұмытып кетсе керек. Оның үстіне Тынық мұхит емес, Қызлкөлдің суын менсінбегенде болар. Көл бетінде шымырлаған толқын пайда бола бастайды. Көңілі секем алған Амандос та су бетіне «үйрекше» сүңгіп, көл түбіне батқан Жеңкеңді алып шығады ғой. Жедел көмек көрсетіледі. Қақалып-шашалып есін жиған соң Берік нағашысы мырс етіп:
-Оу, Тынық мұхитқа үйрекше сүңгіп, аққуша жүзетін жиенім, көл түбінен неғып шықпай қойдың?-дейді.
Сонда Жеңкең іркілместен:
-Мен көл түбінде Амандосты күтіп жаттым,-деп сөз тауып кеткен екен.
Өмірде не болмайды. Болған оқиға, боямасыз өмірдің шындығын айтқанның еш айыбы жоқ болар. Ол кезде аудан орталығы Байқадам еді. Ішінде Жеңіс ағамыз бар бір топ жігіттер демалыс күні Шабақты өзенінің тұнық суына шомылып, дастархан жайып, «жүз грамдатып» көңіл көтереді. Жүргізуші жігіт «Рөлдемін, ішпеймін» деп «отказ» беріп, ат-тонын ала қашады. Жанындағы жігіттер айтады. «ГАИ-лардан қорықпай іше бер. Олар да адам баласы шығар. «Жылы-жылы сөйлесе жылан іннен шығады» деген. Өзіміз құтқарып аламыз» деп уәде етіседі. Көпшілік қиылып, қыштап қоймаған соң ол да «Ал, даваймен» «ащы» судан жұтып қойыпты. Серуеншілер көшеге кірген бетте ішкі істер бөлімінің жігіттері тоқтатады. Кәйпі «нормальный» жүргізушіге тас кенедей жабысып, бөлімшеге әкеледі. Арашаға түсіп бозторғайдай шырылдаған серіктестері де қалмай келеді.
Жеңкең кезекші бөліміне енгенде түсінік жазып отырған інісі Жүністі көреді. Калинин атындағы кеңшарда тұратын Жүніс құжатсыз мотоцикл жүргізіп, «рейдке» ұсталыпты.
Шыдай алмаған, күйініп кеткен Жеңіс ағамыз тұра ұмтылып інісін төмпештеп ұра бастайды. Арашалап алған милиционерлер аң-таң қалып, мән-жайды сұрайды. Сонда Жеңкең тұрып:
-Бұл менің туған інім Жүніс. Барып тұрған ақымақ, ұятсыз екен. Ағасынан бұрын, алдын орап келген жерін қарашы. Жол менікі, үлкендікі емес пе?
Оқыс оқиға мен ұтқыр уәжге риза болған милиционерлер Жеңіс ағамыздың кінәлі інісі мен айыпты жүргізушіні әкімшілік шараға тартпай босатып жіберіпті.
Бүгінде көзден кетсе де Жеңіс ағамның тауып та, қауып та айтатын әдемі әзіл, қылықты қалжыңдарын сағынып жүрмін.
Темірлан Әбілдаев, ардагер журналист