КӨЗДЕН КЕТСЕ ДЕ, КӨҢІЛДЕН КЕТПЕЙДІ
Асқар тауымыз, шаңырағымыздың ұйытқысы, сүйенішіміз келместің кемесіне мініп кетсе де ұл- қыздарының, немерелерінің мәңгі есінде. Әрине, өмірге келу бар да кету хақ. Табиғаттың заңдылығына қарсы келе алмайсың. Сонда да болса, көкірегіңді қарс айырып, жаныңды жегідей жейтін қимастық табы өшпейді екен.
Біз Жеңіс екеуіміз бір ауылда туып өстік, мектепті де бірге бітірдік. Алланың қалауымен білім ошағын аяқтай сала отау көтердік. Жастықтың жалыны ғой, өмірдің ыстық – суығын бірге көрейік деп шештік. Сол бір 1963 жылдың күзінде үйлене салысымен мал бағуға шығып кеттік. Атамның туған інісі Әмзеғара көкеміз төменгі Шу бойында мал фермасының меңгерушісі болатын. Ә деген де тоқты, кейіннен алдымызға жылқы салып берді. Жеңіс қолы қалт еткенде кітаптан бас алмайтын. Тек қазақ емес, шетел әдебиеттерін де құмарта оқитын. Қағаз, қаламын үнемі жанынан тастамайтын, көп жазатын еді.
Осы тұста атам туралы бір ауыз сөз айта кетейін. Ол кісі 1938 жылы қызыл армия қатарына алынады. Украинаның Львов қаласында әскери қызметте жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, жанқиярлық сұрапыл шайқаста аяғынан ауыр жараланады. Ұзақ уақыт емделген соң ауылға қайтып келіп «Қызыл дихан» колхозында төраға болады. Кейіннен «Калинин» совхозында парторг болып соғыстан кейінгі қалыптастыру жұмыстарына көп үлес қосады. Ал 1964 жылдан денсаулығына байланысты демалысқа шығып, сол совхоздың жылқысын бақты. Әудем уақыт біз атамызға көмекші де болдық. Атамыз өте атқұмар атбегі жан еді. Және оның сырын, бабын бес саусақтай жетік білетін. Сарыарқада өтетін малшылар слетінде, ірі тойларда болсын ол кісінің баптаған жүйріктері қашанда бас жүлдені ешкімге бермейтін еді. Енем Омарбекова Хадиша екеуі 12 ұл – қызды тәрбиелеп өсіріп, жеткізіп кетті. Менің өмірлік қосағым олардың тұла бойы тұңғышы болды. Зеректігімен қатар, қиындыққа төзімді де табанды, әрі айтқанынан қайтпайтын әсіре қайсар жан еді. Арада 60 жыл өтсе де мәңгі есімде қалған бір оқиғаны естелік ретінде айта кетейін.
1965 жылы тұңғышымыз Сәрсен ақпан айының 4 – інде бір жасқа толды. Сол күні Шу бойындағы Тербетбай қыстауында жылқы бағып отырған атамыз бен Әмзеғара көкеміздің қонысына екі машинамен жолға шықтық. Бірі бензавоз, екіншісі бортовой газиктер. Бізбен бірге бүгінде танымал таэквондо шебері, Мұстафа Өзтүріктің шәкірті Қайрат Қырғызбаевтың әкесі Төкен қайнағам қоса ілескен. Қара жер тұтастай ашыған қамырдай балшық- батпақ. Әупірімдеп жүріп ауылдан қозы көш жердегі Ақтамға әрең жеттік. Сол жерде отырған Әбдірахман деген кісінің үйінен жеңіл шай ішіп жолға қамдандық. Ақтамнан шыға бере жол сілеміне түсіп, аз- маз жүргеннен кейін машиналар ми балшыққа тығылды. Жеңіс 4-5 тақтайды дөңгелектің астына тастаған соң кішкене жылжиды да тағы іркіледі. Мандымайтын бос әурешілік болған соң шопырлар кері бұрылып ауылға қайтамыз деді. Оған Жеңіс көнбей қойды. «Енді кері қайтпаймын, ол жаман ырым болады. Ерегіскенде жаяу жетеміз» — деп бір-ақ кесті. Сонымен Шу бойын бетке ұстап жаяу жүріп кеттік. Бізден Төкен қайнағам да қалмай ілесіп келеді. Алдымызда мидай жазық дала, төбе-төбе шағыл құмдар еседі. Қырбық қар жауып тұр. Күнімен жүріп ымырт жабыла жеткен жерімізде құм үстіне сексеуілді толтыра жағып, одан кейін оның күлін алып тастап жылыған құмшағылды төсек етіп көз шырымын аламыз. Таң атқан соң алға жылжимыз, бір жасар Сәрсенімді арқалап алғанмын. Арқамнан түсірсем сәби емеспе сықылықтап күле береді. Қойшы, сонымен 6 тәулік жол азабына төзіп жаяу жүрдік. Бәрінен де қиналғанымыз бір ұрттам суға зар болып шөлден қаталағанымыз болды. Анда-санда үстімізден вертолет өтетіні есімде. Жердің бағытын білдіретін компаста жоқ жанымызда. Оңтүстік қайсы, солтүстік қайсы, шығыс қайда беймәлім. Сонда Жеңістің жершілдігіне қайран қалдық. Аспанға қарап бағытты бағдарлайтын сол. Жетінші күн дегенде Жеңіс айтты: «Мына алдымыздағы жал – жал төбеден өткеннен кейін Мұзбел деген жер бар, сонда қытайдан көшіп келген Ырыскелді деген кісінің қыстауы болуы тиіс»- деді. Расында жалға көтерілгенде қыстаудың сұлбасы көрінді. Алайда, тіршілік нышаны білінбейді. Мен күдерімді үзіп ағыл- тегіл жылап отыра қалдым. Себебі сілеміз қатып, әбден шаршаған едік. Бір мезгілде қарасақ қыстаудан жаулығын тұмшалаған бір әйел самаурын көтеріп шыға келмесі бар ма. Қуанғаннан тұра жүгірдік үйге қарай. Әйел бізді көріп таңқалып, аңырай қарап қалыпты. Шұрқыраса көрістік, жөн сұрастық. Сөйтсек бұлар жаңа қонысқа көшіп жатыр екен. Баласы дүниелерін көшіру үшін машина әкелуге Шығанаққа кетіпті. Мәре-сәре болдық та қалдық. Кексе әйел дастарханын жайып, тамағын дайындады, шөлімізді басып, қою шай іштік. Еңсемізді көтеріп, есімізді жидық – ау әйтеуір. Шығанақ ауылы алыс емес екен. Жеңіс шыдамай бір өзі жаяу тартты көлік әкелуге кетті. Біршама уақыттан кейін әйелдің баласы да, артынша Жеңіс те жетті көлікпенен. Шығанаққа келгенде бүкіл ауыл болып біздің алдымыздан шықты. Бәрі қуанып жүр. Әмзеғара көкеміз көз жасына ерік беріп «Енді ғана отау құрғанда, ит- құсқа, ауа- райының қолайсыздығына ұрынып қалды – ау деп қатты күйзелдік» — дейді кемсеңдеп. Сөйтсек ағайын-туыстар, ел ағалары облысқа хабар беріп тікұшақ шақыртыпты. Қайсы бірін айтайын, әйтеуір Шу бойына жасалған 7 күндік сапарымыз сәтті аяқталды.Қазіргі күні сол қиыншылықтың бәрі көрген түстей. Ойлап отырсам сол шақта екеуімізде 19 жастағы алды – артын ойламайтын албырт шағымыз екен. Биыл өмірлік қосағым Жеңіс Шыныбекұлы 80 жасқа келер еді. Екеуміз 60 жылға жуық жалған фәнидің ащысы мен тұщысын бірге көрдік.. Жеңіс ауырмай – сырқамай төрт жыл бұрын өмірден озды. Жаны жәннатта болсын деймін де.
Шіркін – ай, ет жақының , ұл – қыздарыңның, ұрпағыңның сау-саламатта жүргеніне не жетсін. Алладан соны ғана тілеймін.
Майра Айтжанқызы, жұбайы