Кадр таңдауда жалтақтыққа жол бермейтін

0

Мәскеудегі Бүкілодақтық жоғарғы партия мектебін бітірген журналист Төкен Мақашевтың шығармашылығы мен өмірі кімге болса да үлгі болғандай еді. Ол кісі ең алдымен ақкөңіл, адал, мейілінше еңбекқор жан болатын. Сұм ажалға тосқауыл бар ма, ол кісі алпыстан асқан шағында дүниеден озды. Қазіргі кезде мен жазушымын, мен журналиспін деп кеудесін қағып жүрген белгілі қаламгерлер Төкеңді сағына, құрметпен еске алып отырады. Егер тірі болғанда, Төкең биыл 95 жасқа келер еді.
Төкең (оны біз сыртынан көке дейтінбіз) кезінде жас журналистердің ұлағатты ұстазы, сонымен қатар, қатал басшысы болды. Аудандық «Октябрь таңы» газетінің редакторы болып тұрған жылдарда алыс ауылдардан жер қойнауынан кен іздеген Қаныш Сәтбаев сияқты қабілеті бар жас таланттарды талмай іздеді. Компартияның талабы қатал, ол кездерде редакция жұмысына кез-келген адамды қабылдай бермейтін. Теңізден маржан тергендей, талантты, жазуға қабілеті бар, білімді жастар ғана іріктеліп алынатын. Талапкерлердің барлығы туа біткен жазушы, журналист, ақын емес. Сондықтан Төкең ел ішін көп аралап, өз жүрегімен кеңесіп жүріп болашақта нағыз журналист болып шығады-ау деген жастарды іздеді. Ол кісінің алғашқы таңдауы ауылдарда тұратын жас өркен Жаңабай Миллионов, Сұлтан Рақымжанов, Марат Ділдабаев, Жамалбек Өзбеков, Темірлан Әбілдаев, Бергентай Нұрмахановтарға түсті. Ол кезде бұлар 20 жастың ол жақ, бұл жағындағы жастар еді. Кезінде «Құдайком» аталып кеткен Райком басшылары «Бұл жігіттердің көбісінің білімі, тәжірибесі жоқ, бірде-біреуі коммунист емес, «шикіөкпе» комсомолдар». Газет-аудан өмірінің айнасы, Компартияның оң қолы, қолқанаты, Советтік сара саясатты насихаттайтын орган. Сондықтан онда сыннан өткен сауатты, білімді журналистер ғана жұмыс істеу керек деп сіресіп отыратын. Ондай қарсылыққа қарсы Төкең арыстандай айбатпен қарсы арпалысты.
«Сіз бірінші хатшы болып, мен редактор болып аспаннан түскен жоқпыз. Өмір — университет, ол өзі оқытады, өзі тәрбиелейді, біз оларға демеушілерміз, қамқорлық жасап, дұрыс бағыт берушілерміз» деп аудан басшысының аузын аштырмады. Кадр таңдауда ешкімге жалтақтамай өз дегенін істетті. Төкеңнің аудан ғана емес, облыс басшыларының алдындағы беделі күшті еді. Айтқанынан қайтпай өз мақсатын орындады.
Төкең, әсіресе, жас журналистерге сенім артып, соларды қолдады. Оларды нағыз сарбаз журналист етіп шығару үшін аянбай тер төкті. Ол кезде редакцияда Сыздық Шөжеев, Ескермес Ескендіров, Дулат Шалқарбаев сияқты тіс қаққан журналист, ақын- жазушылар еңбек етті. Төкең тәуекел етіп солардың қатарына жаңа буын, «шикіөкпе» жастарды әкеліп қосты. Солардың ішінде осы жолдардың авторы да бар еді.
Төкең жас журналистерге қатал ұстаз болды. Бір жазған мақаланы үш рет қайта жаздырған кездері болды. Әрқайсысымен жеке жұмыс істеп, ерінбей, жалықпай жазу өнеріне баулыды. Ақыл айтумен қатар, оңашада ұрсып та алатын. Жылдар өте келе әлгі жастар есейіп, қаламы қарымды, нағыз журналист болып шықты. Біздің сәтті шыққан әр мақала, очеркімізге, сұхбат, фельетондарымызға риза болып, балаша қуанып отырушы еді, жарықтық! Өзі жазғандай мақтанатын. Жақсы шыққан мақалаға қаламақыны да жақсы қойып, ынталандырып отыруды да ұмытпайтын.
Журналистика ғылымын жанындай сүйді, оған жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарады. Сондықтан болар, біз еңбек еткен жылдар ішінде редакцияда кездейсоқ адамдар болған жоқ. Төкең басшылық еткен кезде аудандық газет күнделікті жеті мың данамен шығып тұрды. Бұл республикадағы аудандық газеттер арасындағы ең жоғары көрсеткіш болатын.
Сол кездерде «Октябрь таңының» беделі орасан зор еді. Газет беттерінде аудан шаруашылықтары мен кәсіпорындарының жұмысы, жеке еңбек озаттары туралы көлемді очерктер, суреттемелер, сұхбаттар жарияланып тұрды. Мектеп, балабақша, аурухана жұмыстары да айшықты жазылып тұрды. Газет бетінде марапатталған талай еңбек адамдары орден, медальдарға, түрлі атақтарға ұсынылып жатты. Сондай адамдарға еліктеген көптеген аудан жастары мал және егін шаруашылығына, құрылыс жұмыстарына ынталана араласты. Газет шын мәніндегі еңбекті насихаттаушы, жастарға жол көрсетуші ұстаз бола білді. Осының барлығы Төкеңнің сансыз, еселі еңбегінің жемісі еді.
Аудан шаруашылықтары сан-салалы ауқымды болатын. Онда атқарылып жатқан жақсы істермен қатар, келеңсіз көріністер де кездесіп қалатын. Жұмыстағы жалқаулық, жауапсыздық, кертартпалық, жемқорлық туралы фельетон, сыни мақалалар да жарияланып тұрды. Ол кезде газетте жарияланған фельетон кейіпкерлері аудандық партия комитетінің бюросында талқыланып, айтылар сөз «бұйраланып» жататын. Жасыратыны жоқ, жоғары жақта қолдаушылары, сүйеніші бар кейбір кісілер өзіне айтылған сынды жоққа шығарып «журналист жала жапты» деп шағымданатын кездері де аз болмайтын. Сондайда өмірлік тәжірибесі мол, шындықты ғана жақтаушы Төкең Мақашев олармен айқасқа түсетін. Ақырында жас журналистерді қорғап шығатын. Сондықтан біз де қаймықпай сын семсерін аямай сілтейтінбіз.
«Октябрь таңы» біржақты болып қалмай өнер, мәдениет, ақындық, жазушылыққа да айқара есік ашты. Редакцияда «Жас толқын» атты өнер мен әдебиет бірлестігі тұрақты жұмыс істеді. Апта сайын газет бетінде жас ақын-жазушылардың әңгіме, өлеңдері, сазгерлердің әндері (нотасымен) жарияланып тұрды. Осындай игі істердің нәтижесінде Артығали Ыбыраев, Бергентай Нұрмаханов, Ерәлі Әбілезов, Әлсейіт Әлменов, Жамалбек Өзбеков, Асылбек Саттаров, Маралтай Райымбекұлы сынды ақындар поэзия көгіне қанат қақты. Қазір олардың көбісі республикаға аты мәшһүр ақындар. Олар да Төкеңнің мектебінен өткендер.
Ақын Асылбек Саттаровтың «Нұрлы әлем» жыр жинағы Президент H.Назарбаевтың кітапханасынан орын алған. Ол жақында Президенттің өзінен осы кітабы үшін Алғыс хат алды. Онда Елбасы Асылбектің кітабына жақсы пікір айтқан. Осы орайда студент кезінде тұңғыш кітабын шығарған. Мұқағали Мақатаевтың ең сүйікті шәкірттерінің бірі болған Ескермес Ескендіровтың қыруар еңбегін атап өтпеске болмайды. Ол кісі жас талапкерлердің шығармаларын сын елегінен өткізіп, ақыл- кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беріп отыратын. Соның нәтижесінде ауданда бір топ жазба және айтыс ақындары тәрбиеленіп шықты. Осындай жақсы істердің басында Төкен Мақашев жүрді.
Редакция ұжымы ауызбірлігі мол, тату-тәтті өмір сүрді. Әйнекен Әубәкірова апай корректор болып жұмыс істеген кезде әріп, тыныс белгі қателерінен арылып, сауатты шыға бастады. Онда ұзақ жылдар бойы талмай жұмыс істеген Күлзағира Жылқыбаеваның еңбегін атап өтпеске болмайды. Машинистка Күлзағира қарашадай қыз кезінде еңбек жолын осы газетте бастап, зейнетке шықты. Қазір ол ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты әже. Арнаулы орта білімі бар сауатты Күлзағира газеттің «отымен кіріп, күлімен шықты» десе де болады. Аптасына үш рет шығатын газеттің күн сайын әр беті 45-55 бет материалмен толтырылады. Редакциядағы сегіз журналистің мақалаларын қатесіз басып шығару Күлзағираның міндеті. Бұл белді, білекті, иықты талдырып, жүйкені жұқартатын ауыр жұмыс. Жігерлі келіншек осы жұмыстардың барлығын қайыспай көтерді.
Күлзағираның еңбекқорлығымен қатар, бізге көп ұнай қоймайтын мінездері де бар еді. Ол кезде біздер жалын құшқан жастар едік. Аздап еркіндікке, желікке де жол беріп қоятын кездеріміз де бар. Кейде кафеге соғып, әңгіме-дүкен құрып отыратынбыз. Кеңсеге келген соң да талдың көлеңкесіне барып темекі шегу әдетіміз болатын. Сондайда ол қыр-соңымыздан қалмай қуып жүріп, қолдан жетектеп әкеліп машинкаға отырғызатын.
Баспахана бастығы Амандостың төменде темір есікті қоймасы бар. Газетке шыққандар, «шақыру билетін» бастырғандар сол қоймаға кіріп «оны-мұны» салынған пакеттерін тастап кетеді. Жұмыс уақыты аяқталар шақта құпиясы көп сол бөлмеге кіруге аңсарымыз ауып тұратын. Темір есік «ши-и-қ» етіп ашылғанда біз жұмысты қоя салып, «бес минут перекур» дейміз қипақтап. Қойма құпиясын жақсы білетін Күлзағира «бес секунд те перекур жоқ» деп жоспарлы материалды басып бітіргенше отырғызып қоятын.
Редакцияда жұмыс істейтін тағы бір ерке қызымыз болды. Ол қыз — Зәуре. Кіп-кішкентай болып, Зәуренің мінезі қатал, қолы қатты. Той-думанға баратын кезде қанша сұрасаң да ақша береді, ал әлгіндей құпия жүрістерге келгенде тастан да қатты, бетті қайтарып тастайды. Сондықтан біз осы мінездеріне қарап Күлзағираны «тотияйын, көк келін, ал Зәурені «тастан қатты шатауат келін» деп атаймыз. Әрине, сыртынан.
Қалай болғанда да біз үш қызымызды қатты құрметтедік, сыйладық, өзімізше еркелетіп жүрдік. Бірге істеген ұзақ жылдар ішінде бәріміз бірге туғандай болып кеттік. Ақкөңіл, аңқау мінезді Төкең осы татулығымызды көріп қуанатын. Тамаша адам еді ғой, тамаша!
Баспахананы Ленинградтағы Баспа Полиграфия институтындағы арнайы курсты бітіріп инженер-механик мамандығын алып Амандос Рахышев басқарып тұрған кезде баспа ісі бұрынғыдан да өсіп-өркендеді. Онда Аман, Бейсен, Қарпық сияқты жігерлі жастар еңбек етті. Олар газеттің айшықты, әдемі, сапалы шығуына үлестерін қосты. Осында қырық жыл еңбек еткен Ергешбай Базаровтың сіңірген еңбегі айтарлықтай. Ол жас баспагерлерге лайықты ұстаз болды.
Т.Мақашев редактор қызметін атқарған кезде редакцияда жеті бірдей КСРО Журналистер одағының мүшесі еңбек еттік.
— Республикадағы бірде-бір аудандық газетте мұншалықты көп Журналистер одағының мүшесі жоқ. Бұл біздің де жетістігіміз. Жақсы жұмыстардың айқын айғағы, жемісі, — деп Төкең әредік мақтанып отырушы еді.
Төкең журналистерге білікті ұстаз, ақылшы болумен қатар, үлкен отбасының өнегелі әкесі болды. Балаларының барлығы жоғары білім алды. Мұрат, Марат, Самат, Гүлнар, Гаухар, Жауһар, Ардақ сияқты ұл-қыздары шаруашылықтың әр саласында аянбай еңбек етті. Қазір олар Төкеңнің өмірін жалғастыратын немерелерін өсіріп отыр.
Т.Мақашевтың туғанына 95 жыл толуына орай шығарылып отырған осы кітап сол балалары, немерелері орнатқан ескерткіш. Кітап дегеніңіз — өмірі ескірмейтін, тозбайтын мәңгі жасайтын ескерткіш!

Жеңіс Шыныбеков жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі

Leave A Reply

Your email address will not be published.