«КЕРБАЛАМЕН» ОҚУҒА ТҮСКЕН
Біздің Сарысу өңірі Ықыластан бермен қайырғанның өзінде қай кезде де Тәңірі берген таланттарға кенде болмаған. Өзіміз өсіп-өнген кеңестің тұсында сол саңлақтар салған сара соқпақ өнердің әр саласында да жалғасын тапты. Біздің алақандай ауыл Жайылмадан шыққан Асанәлі Әшімов, Аманкелді Сембиндердің даңқы алысқа кетіп жатты. Бұл үрдісті көп ұзамай қалам ұстағандар жалғастырды.
Солардың бірі әкеміздің алдынан дәріс алған Берік Шаханов, Пернебай Дүйсенбин, Жеңіс Шыныбеков еді. Қолымызға енді қалам ұстап, хабар-ошар жаза бастаған біздің алғаш еліктеп, алғаш көрген тірі жазушыларымыз да солар еді. Оқушы дәптеріндегі шимайымызды Пернебай ағай жобаға келтіріп берген соң, оны аудандық газетке ала жөнелеміз. Онда Жеңіс ағамыз қарсы алады. Содан аудандық газеттің әр нөмірін асыға күтіп, пошташы Асан шалдың үй жағын күзетіп жүреміз. Осылайша ағаларымыздың арқасында жазу-сызуға әбден құнығып алдық. Тіпті хабар-ошарды қойып, өлеңге ауыз сала бастадық. Ол немені жоғалтып алатындай тағы да Жеңіс жәкеме жедел жеткіземіз. Өстіп жүргенде бір күні Жеңіс жәкемізді таппай қалдық. Ол кісі қызметін тапсырып, Бетпақдалаға жылқышы болып кетіпті. Кісінің қолы жетпейтін мынадай жерден кеткені несі десті жүрт?! Қысқасы іле-шала Жекеңнің артынан аңызға бергісіз әңгіме де тарай бастады. Онысы рас. Ол тұста газеттің әр нөмірінде ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Жеңіс Шыныбековтың өткір сын-сықақтары, фельетондары бұрқырап шығып жататын. Жұрттың айтуынша, бір мақаласында бұ кісі бір дәудің аяғын басып кетсе керек. Содан бастықпен екеуі келісе алмай, табиғатында біреуге жағыну деген қасиет атымен жоқ Жәкең арызын жазған да тік тұрып кете барған ғой. Сөйтіп ол кісі бір күнде қаламын құрыққа айырбастап шыға келді. Не нәрсенің де қайыры болатыны тәрізді, талант тасада қалсын ба!?
Жетпісінші жылдардың басында республикалық «Жалын» әдеби альманағы жарық көрді. Біздің Жекең енді жазып бітіріп, етігінің қонышына салып жүрген «Кербала» атты повесін қарап жүрмей, осы басылымға салып жібереді ғой. Журналдың мүйізі қарағайдай жазушылары әлгі повесті оқып, қайран қалады. Оқиғасы тартымды, тілі төгіліп тұр. Әлгінің авторына біртүрлі күдікпен қарай бастайды. Повесть соңына «Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Калинин атындағы совхоздың жылқышысы Жеңіс Шыныбеков» деп қонжитып, қол қойған.
Ақыр соңында автордың аты-жөні жанкешті ізденістен соң барып, анықталған соң «Кербала» «Жалында» жарқ ете қалады. Осылайша әдеби ортаны, қалың оқырманды жалт қаратқан «Кербала» Жекеңнің жазушылықтағы жолын ашты. Көп ұзамай оған атақты жазушылар Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шаймерденовтің назары түсіп, осы кісілердің кепілдемесімен Жеңіс Шыныбеков журналистика факультетінің студенті атанады. Бүгінде танымал қаламгерлер С.Елубай, С.Балғабаев, кешегі Ш.Сариев, Ж.Дәуренбеков, Б.Мұқайлармен бірге оқыған ол да ұлт әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Талантты адамның тағдырлы келетіні, өмір жолының даңғыл болмайтыны белгілі ғой. Жазушы сол бір студенттік сайран күндерде екі повесі қолды боп кеткенін кейінгі жылдары өкінішпен еске алатын. Қаламының қайраты бар кезде жазылып қалған ол дүниелердің «Кербаладан» кем соқпасы да сөзсіз еді. Бұдан соң Жекең елге кетті. Жақау Дәуренбековтің көп жылдардан соң: «Біздің Жекең елге кетіп қалмағанда, талайымызды жолда қалдыратын еді ғой» дейтіні де қазір еске түсіп отыр.
Жеңіс Шыныбеков 2000-жылдары Алматыға қоныс аударды. Мұнда да шығармашылығына соны серпінмен кірісіп, «Айқын» апталығында апта сайын қыр хикаялары, әзіл әңгімелері дүркін-дүркін жарияланып жатты. Әдетте енді көріне бастағандардың беталысына бей-жай қарамайтын Мұзағаңның –Мұзафар Әлімбаевтың «әй, мына бала кім, елді жақсы біледі ғой өзі, Алматыға ауылдың персонаждары көшіп келгендей ғой» деп риза болғаны және бар. Содан соң бұл кісі өміріне соңына дейін «Алматы ақшамында» жұмыс істеді. «Қазақстанның Құрметті журналисі» атанды. «Алматы ақшамының» кітапханасы» сериясымен «Кербала» атты кітабы жарық көрді.
Әрине, өзі туралы туындыгерден артық кім айта алсын! Өмірімен өнеге, өнерімен биік өре биігінен көрінген Жекеңнің қолдарыңызға тиіп отырған кітабы оның жан дүниесі, жүрек жазбалары.
Қали СӘРСЕНБАЙ,
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер,
ҚР Президент сыйлығының лауреаты