Аудандық газетке көп еңбегі сіңді

0

Қазір ойлап отырсам, расында да уақыттан асқан жүйрік жоқ екен. Көзді ашып-жұмғанша қаншама күндердің көмескі тартқанына көңіл сенбейді. Бірақ шындық солай.

Мен аудандық газетке 1976 жылы жұмысқа орналасып, еңбек жолымды бастадым. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Бәрі де күні бүгінгідей көз алдымда. Редакция шығармашылықтың шеберханасы ғана емес, қайнаған еңбектің құтты ордасындай еді. Тілшілер тыным таппай, ертелі-кеш егістік басында, қойшы ауылдарында болып, шаруашылықтардың өмірінен репортаждар дайындайды. Мүйізі қарағайдай ағаларымыз аудан басшылары қатысқан жиналыстар туралы кең көсіліп, көлдей есеп береді. Ол кезде қазіргідей компьютер де, интернет те жоқ. Жұмысқа келе сала «диктовкаға» отырады. Ал мен терімшімін. Жас маман болсам да журналистердің әрбір сөзін мұқият тыңдап отырып, машинкаға қатесіз теруге тырысамын. Біз осылай шыңдалдық. Сонда мен Шыныбеков Жеңіс ағайдың сөз саптауына, ойын жүйелі жеткізетініне тәнті болатынмын. Өте сауатты еді. «Диктовкада» бір-ақ рет айтатын. Айтқан сөзін қайталап жатпайтын. Не деген талант десеңізші. Мұның бәрі де өмірде көп оқығандығының, оқығанын көңілге тоқығандығының жемісі екендігі сөзсіз.
Мен аудандық газетте еңбек ете жүріп үлкен өмір мектебінен өттім деп ойлаймын. Алдыңғы толқын ағалардың көп қамқорлығын көрдім. Соның бірі де бірегейі Жеңіс ағай еді. Ол кісі мені «Көк келін» деп атайтын. Ал есепші Зәуре Кәрібаеваны «Шоколад келін» дейтін. Байыппен айтатын әзіл-қалжыңдары, өсиетті сөздері бөлек болатын. Ортада бойын тік ұстап, шырттай болып жүретін. Осы орайда Майра тәтенің де ақыл-парасаттылығы туралы да айта кеткеніміз жөн. Өйткені, әйел қай кезде де ер адамның сүйеніші. Әсіресе, шығармашылық адамдарының жарларына жүктелер жауапкершілік те оңай емес. Қаламгердің қас-қабағына қарап, жазушылықпен айналысуына жағдай жасау, келімді-кетімді қонақтарын күтіп алып, шығарып салу, рухани мұраларының әр жерде шашылып жатпауын қадағалап, жинақтау нағыз зиялы әйелге тән қасиет. Біз Майра тәтенің қолынан шәй ішіп, осындай үндестікті сезіндік. Балаларының да тәрбиелі перзенттер болып өскенін көрдік. Мұның бәрі де отбасы құндылығының жарқын үлгісі. Тағдырдың ісіне шара бар ма, сұм ажал Жеңіс ағайды ортамыздан ерте алып кетті. Көңілге жұбаныш болары– соңында өшпес ізі, өнегелі сөзі қалды. Міне, жан жары Майра тәте бастап, балалары қостап, жинақ шығарып жатқандары да көпке үлгі боларлық бастама. Бұл еңбектің өскелең ұрпаққа берер тағылымы мол болады деп ойлаймын.
Келесі жылы аудандық «Сарысу» газетіне 90 жыл толады. Осы жылдарда төлбасылым сан тараулы жолдан өтті. Елуінші жылдары газет екі бет болып жетісіне үш рет басылып тарады. Материалдар қолмен теріліп, аяқпен басылды. Баспаханада газет басып шығаратын «Американға» деген 50 шақты тісі (щестерна) бар үлкен дискалы жабдық болды. Егер осы тістердің біреуі сынып ұшып кетсе, газеттің басылымы бұзылып, әріптердің орны жоғала бастайды. Оны жөндеттіру де қиямет-қайым екендігі айтпаса да түсінікті.
Нөмірге материалдар дайындауға редакция мүшелері түгел жұмылдырылады. Қолмен жазылған мақалалар терімшілерге беріліп, теріліп болған соң газет беті жасалады. Газет басылып, редактор мен жауапты хатшы материалдарды тағы да толығымен оқып, түзететіні болса түзетіп, қайта бастырады да аудандық партия комитетіне ЛИТО-ға апарады. ЛИТО рұқсат бермесе, газет шығарылмайтын.
Жетпісінші жылдары Жеңіс ағайлар осындай қым-қуыт жұмыстың бел ортасында жүрді. Кейіннен біз де осы еңбек дүбіріне араластық. Сол тұста баспасөзге деген құрмет бөлек еді. Тілшілердің жазған мақаласы бюро отырысында қаралып, олқылыққа жол берген талай басшы қызметімен қош айтысты. Газетті тек лауазымды тұлғалар ғана емес, алыс ауылдардағы еңбек адамдарына дейін асыға күтіп, әрбір санын қалт жібермей оқыды. Өйткені, сол кездегі идеология сондай еді. Есесіне, ел-жұрттың оқу мәдениеті артты, білім деңгейі көтерілді. Таным көкжиегі кеңейді. Кешегі Ахмет Байтұрсынұлындай Алаш арыстары «Газет–халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп тегін айтқан жоқ. Бағамдай білген жандар үшін басылым– жаңалықтың жаршысы ғана емес, ақыл-ойдың кеніші, парасаттылықтың мінбері, зиялылықтың діңгегі, зияткерліктің тірегі. Міне, Жеңіс Шыныбеков осы жолда білім-білігін, қажыр қайратын салып, тынбай тер төкті. Аудандық газетте 25 жыл жұмыс істеп, оның дамуына көп еңбек сіңірді. Кейіннен отбасы жағдайына байланысты Алматыға қоныс аударғанда да журналистикадан қол үзген жоқ. Республикалық «Айқын», «Алматы ақшамы» газеттерінде жұмыс істеп, жаңа қырынан танылды. Өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, тұшымды мақалаларын үсті-үстіне үдете жазды. Ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Түрлі марапаттардан бөлек «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағына ие болды. Біз ағайдың шығармашылықтағы жетістіктеріне марқайып, қуанып отыратынбыз.
Өмір көші бір орында тұрмайды. Мәңгілік ештеңе жоқ. Бірақ бірге жұмыс істеген ағайлар туралы естелік жазу оңай емес. Бәрінің де өз орны, өз биігі бар. Сол қатарда Жеңіс ағайдың жарқын бейнесі өте мейірімді, ақылды, еңбекқор адам ретінде көз алдымызда қалып қойды.

Күлзағира Жылқыбаева, зейнеткер,
«Сарысу» газетінің ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.