Ұстаздық-ұлық емес, ұлы қызмет
Қазақ халқының әрбір қанатты сөздері даналықпен айтылған. «Ұстазым ұлық бәрінен» деген бір ауыз сөзде қаншама терең иірімді мағына, астарлы сыр жатыр десеңізші. Ия, ұстаз теңдесі жоқ, қастерлі ұғым. Әр адамның жүрегіне ерекше жылылық нұрын себетін аяулы тұлға да ұлағатты ұстаз. «Білімді ұстаздан тәрбие алған», «Ұлағатты ұстаздың алдын көрген» деген қабырғалы сөздер естіген құлаққа «Ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатқандай әсер етеді. Олай болса алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды танып білуге, оң мен солыңды тануға мұрындық болып, жан дүниеге нұрлы шуақ түсіріп, адамгершіліктің сан қырлы қасиеттеріне баулыған мұғалімнің жарқын бейнелері көңіл төрінен орын алары айдан анық. Дана халқымыз; «Қыран түлегіне қайтпас қанат, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» деп бекер айтпаса керек. Ұлағатты ұстаздарымыз әр шәкіртінің жанына білім нұрын шашумен қатар талмас қанат сыйлап, қыранша топшысын қатайтатын дара тұлғалар.
Сондай ұстаздық мамандықтан бақыт құшағында тербелген, алтын бесік ауылдарымыздың бірі «Ұйым» ауылын құт мекен еткен, ардақты аналардың бірі Тұрсынова Күләш Естібайқызы десек артық айтқандық болмас еді. Саналы ғұмырын, өнегелі өмірін ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған Күләш қарындасымыз 1956 жылдың 1 наурызында Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Түлкібас ауданы, Еңбек ауылында жарық дүние есігін ашыпты. Шаңырағы шаттықты, қуанышы көл-көсір, бақыттың тал бесігін тербеткен жанұяның екінші перзенті болған Күләш 7 жасқа толғанда тұлымшағы желбіреп мектеп табалдырығын аттайды. Асқар тау әкесі Тұрсынұлы Естібай ауыл шаруашылығы техникумын тамамдап, ұжымшарда есепшінің көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. Кейіннен зейнет демалысына шыққанша мал фермасының меңгерушісі, тағы басқа шешуші шаруашылық бригадаларының жетекшісі қызметтерін абыроймен атқарып, көптің құрметіне бөленеді. Асыл анасы Төлебекқызы Бибіажар қажырлы қайратымен ұжымшардың бірі бітсе, бірі күткен түрлі науқандық жұмыстарының бел ортасында жүрген құрыш қолды еңбек майталманы болыпты.
Балалық жасынан зерделі боп өскен Күләш Сергеевка атындағы орта мектепті үздік үлгеріммен аяқтайды. Алтын ұя мектебімен қимай қоштасып, аттестатты қолтығына қысып үйге үкідей ұшып оралғанда әке-шешесінің қуаныштарында шек болмайды. Әкесі құшағына алып:
-Айналайын, Күләш қызым, мектеп бітіріп азамат болғаның құтты болсын. Үлкен өмірдің керуенді көшіне басқан қадамыңа анаң екеуміз сәттілік тілейміз,-деп маңдайынан мейірлене сүйіпті.
Анасы да айналып, толғана тіл қатып, Жаратушы иеге шүкіршілік етеді.
-Қызым, алтын ұя атанған мектебіңнен түлеп ұштың, қияға қанат қақтың. Енді үлкен өмірдегі еңбек жолдарың басталады. Келешегіңді де ойлап жүрген боларсың. Қандай мамандық иесі болуды көңілің қалап жүр?-деді әкесі жарқын дауыспен.
Көңілі алып ұшқан Күләш әке сауалына еркелеген сыңай танытып, әзіл сөз қосып жауап қайтаруды жөн көрді.
-Ия, болашақ мамандығым жөнінде көп ойландым. Әдеби кітаптарды да көп оқыдым. Мектеп пен ауылдық кітапханаларда мен оқымаған ақын-жазушылардың кітаптары қалмаған шығар. Мені білім мен тәрбие берген, болашағыма бағдаршамдай бағыт сілтеген ағай, апайларымның өнегелі өмірлері, шәкірттері үшін ерлікке пара-пар еткен өлшеуі жоқ еңбектері ерекше қызықтырады. Мен де ұлағатты ұстаздарым секілді мұғалім болғым келеді. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен шәкіртім болған жеткіншектерге дәріс беруді армандап жүрмін.
-Бабаларымыз «Сүйген істің сүйініші көп», «Талаптыға нұр жауады» деп бекер айтпаса керек. Мақсатыңа жет, айналайын қызым.
Асқар тау әкенің ақ тілекті сөзін берген батасындай жүрегімен қабылдаған Күләш арман асуына құлаш сермеді. Алғаш рет алтын бесік ауылдан ұзақ жол бойына қадам басты. Самалды Сарыарқаның төскейінде тарихи тамырын тереңнен тартқан зәулім қалаларының бірі Қарағандыға ат басын тіреді. Серпілген сезім, толқыған көңілмен Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне құжат тапсырды. Зерделі Күләштің тынымсыз оқыған, көңілге тоқыған мектепте алған терең білімі сынақтардан сүріндірген жоқ. Мемлекеттік емтиханның бәрін де жақсы үлгеріммен тапсырып, жоғары оқу орнының білімгері атанды. Өмірге ғашық, білімге құштар Күләштің албырт жастық шақтағы асқақ арманы орындалып, студенттік өмірдің қайталанбас қызықты сәттерін бастан кеше бастады.
Кең байтақ Қазақстанның әр жерінен келіп, бір бөлімде оқыған жастар бір атаның ұрпақтарындай қоян-қолтық араласып, сыйласып кететіні өмір заңдылығы. Киелі Сарысу өңірінің жалын атқан талапты жастарының бірі Оралбеков Қойшыбек Иманбекұлы да осы факультетте білім алу бақытына ие болған еді. Қойшыбек бір топтағы білімгер жігіттердің арасында сыпайы, мәдениетті, ақжарқын, ақкөңіл, аузын ашса жүрегі көрінетін әрі қарапайым мінездерімен ерекшеленіп жүрді. «Жас жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» деген емес пе? Қойшыбек пен Күләштің арасындағы сыйластық сезімдері жұлдыздарын жарастырып, тағдырларын тоғыстырды. Институт қабырғасында оқи жүріп отау үй тікті. Дүркіреп тойлары өтті. Той төрінде қос аққудай жарасқан екі жасқа арнаған ақсақалды ата, ақ кимешекті әжелердің ақ баталары, құда-жекжат, ағайын-туыс, жора-жолдас, студент достардың ізі ниетті, ыстық ықыласты, ақ жарма ақ тілектері айрандай ақтарылды.
1979 жылы диплом жұмыстарын үздік үлгеріммен тамамдаған Қойшыбек пен Күләшті факультет декенаты шақыртады. Егде жастағы декан ағайлары:
-Жоғары оқу орнына өздеріңдей білімді кадрлар керек. Институтта қызмет етуге қалсаңдар қайтеді?-деп ұсыныс жасайды.
Көңілі алтын бесік ауылға алып ұшқан Қойшыбек айтар жауабын кідірмей қайтарады.
-Айып ете көрмеңіз, ағай. Ауыл мектептеріне де білімді мамандар керек. Елге барғанымызды жөн санаймыз.
— Бұл уәжіңде орынды. Жарайды, жолдарың болсын.
Қол ұстасып ауылға оралған жас мұғалімдер білім саласындағы еңбек майданына араласады. Қойшыбек №19 Байқадам кәсіптік техникалық училищеге, Күләш Ұйым сегізжылдық мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ұстаздық етеді. Жоғары оқу орнынан алған теориялық білімдерін практикамен ұштастыра білген ерлі-зайыпты ұстаздар жемісті еңбектерінің нәтижесінде ұжымның, ата-аналардың құрметіне бөленеді. Жұмысқа қабылдап, еңбек жолының тұсауын кескен мектеп директоры Қазыбаев Құсайын жас ұстаз Күләштің білімділігіне, көрнекі құралдарды тиімді пайдаланып, шәкірттеріне дәріс берудегі әдіс тәсілдеріне риза болып, алғысын жаудырып жүреді.
Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берген Оралбеков Қойшыбек Иманбекұлы ел-жұрты мақтаныш еткен абзал азамат болды. Білімді де біліктілігі, шебер ұйымдастырушылық қабілетімен аудан басшыларының назарына да ерте ілікті. Сенім артып мемлекеттік жауапты қызметтердің тізгіндерін ұстатты. 1995-1999 жылдар аралығында аудан әкімшілігі аппаратының мәдениет, ағарту саласы бойынша бас маман, аудан әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бойынша меңгерушісі болды. 2004-2013 жылдары Жаңатас қаласындағы Абай орта мектебінде директор, 2016-2018 жылдары №5 Жаңатас колледжінің директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Тағдырдың талқысына, жазмыштың жазуына қарсы келер шара бар ма? Туған жерін түлетіп, елі үшін еңбек еткен азамат осы қызметте жүргенде 62 жасында кенеттен дүниеден озды. Жарқын жүзді азамат тал бесіктен жер бесікке аттанса да соңында ел игілігі үшін атқарған істерінде өшпес қолтаңбалары, өзі мен көзіндей болған өсіп-өнген ұрпақтары қалды. Құрмет пен марапаттан кенде болған жоқ. Жоғары тиісті орындардан алған Құрмет грамоталары өз алдына бір төбе. 1990 жылы «Қазақ ССР-і кәсіптік білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгісін кеудесіне қадады. Қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. Аудандық мәслихаттың депутаты атанып, халық аманатын арқалады.
Қойшыбек Иманбекұлы берекелі отбасының жапырағын жайқалта жайған бәйтерегі, Естібайқызы Күләш аялы алақанды асыл ана болды. Үлкен өмірдің қызығы мен қиындығын тең бөліскен ұлағатты ұстаздар 2 ұл, 3 қызды үкілеп өсіріп, мақсаттырына жеткізді. Ұлдарын ұяға, қыздырын қияға қондырды. Барлығынан балдан да, жаннан да тәтті немерелер сүйді.
Аудан жұршылығы бұл әулетті «Ұстаздар ұясы» деп орынды мақтаныш етеді. Атап айтар болсақ Қойшыбектің асқар тау әкесі Иманбек қария Ұйым мектебінің негізін қаласқан ұлағатты ұстаз. Ағалары Мейрамбек, Қуанышбек, әпкесі Ақсәуле, қарындасы Күнсәуле де ұстаздық қызметтер атқарған. Ақсәуле Ыбырайым Сүлейменов атындағы (бұрынғы Ұйым) орта мектебінде біраз жылдар директор болған. Бүгінгі таңда Қойшыбек пен Күләштің сүйікті қыздары Ұлжан Ыбырайым Сүлейменов атындағы орта мектепте, Әлия Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде, Ақмарал Алматы қаласындағы №141 мектеп -гимназиясының ұстаздары.
«Ұстаздар ұясы» атанған әулеттің қасиетті қара шаңырағында бейнетінің зейнетін, ұрпақтарының қызығын көріп отырған ұстаз ана Күләш Естібайқызы биыл мерейлі 70 жасқа толыпты. Балапанадай мәпелеп, аялап өсірген ұл-қыздары асыл аналарының 70 жастың жотасына шыққан мерейтойын дүркіретіп өткізгелі жатыр екен. Жақсы сөз-жарым ырыс. Бізде той-тойға ұласып, жасқа жас қосыла берсін деген ізгі ниеттеміз.
Темірлан Әбілдаев, ардагер журналист