Жеңіс аға туралы үзік сыр
Жазушы-журналист Жеңіс Шыныбеков туралы сөз қозғала қалғанда көзіқарақты қауым оның есімін ең әуелі «Айқын» газетімен байланыстырары анық. Және бұл негізсіз де емес. «Айқын» жарық көрген алғашқы айлардан бастап газет жұмысына белсене араласып, балауса басылымның буыны бекуіне өзіндік ой қуатымен, сөз құдіретімен зор үлес қосқан адамдардың бірі де осы Жеңіс Шыныбеков болды.
«Айқынмен» шығармашылық бірлігін жапон халқының пәлсапаға толы, жұртшылыққа ой саларлық аңыз әңгімелерін тәржімалаудан бастаған қаламгердің тақырып ауқымы күн санап кеңи берді. Көргені мен көкейге түйгені көп сұңғыла жан бүгінгі қазақ қоғамының мәдени-әлеуметтік өміріндегі небір өзекті мәселелерді арқау еткен мағыналы мақалаларымен де оқырман ойына қозғау сала білді. Кез келген мәселеге қаламы жүйрік, ойы ұшқыр Жеңіс ағамыз өз тақырыбын, әсіресе, «Қыр хикаяларынан» тапты деуге болады.
Жеңіс Шыныбековтің қаламынан туған «Қыр хикаялары» жай ғана газеттік, қарабайыр мақала емес. Олардың әрқайсысы – төрт аяғын тең басқан кішігірім көркем туынды. Ауыл өмірі мен қыр қазақтарының мінез-құлқын, тыныс-тіршілігін терең меңгерген қаламгердің ел ішіндегі әлдебір елеусіз оқиғаның өзінен тағылымды түйін тауып, оқылымды дүние туғыза алатын шеберлігі ерекше байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, «Қыр хикаялары» өзінің алғашқы жарияланымдарынан бастап-ақ оқырманның іздеп жүріп оқитын тартымды айдарына айналды. Редакцияға хабарласып, жылы пікірлерін білдіріскен жұрт пікірі — соған дәлел.
Бірде редакцияға Қазақстанның халық жазушысы, өз сөзімен айтқанда, «Айқынның» әрбір санын асыға күтіп, қалт жібермей, қадағалап оқитын Мұзаған, Мұзафар Әлімбаев телефон шалды.
Сөйтіп:
-Анау «Кыр хикаяларың» әдемі екен. Соны жазып жүрген Жеңіс Шыныбеков деген қай бала? — деді. Мұзағаңның «қай баласына?» бір күліп алып:
-Ой, ата, Женіс Шыныбеков деген бала емес, үлкен кісі, біздің тұрақты авторымыз, жазушы-журналист, — деп сырттай таныстырып өттік.
-Кайдан білейін, есімін бұрын-соңды естімеген соң… — Сәл абдырап қалған қарт ақын сөзін қайта жалғады:
— Әнгімелері енді керемет! Тілі шұрайлы. Оқиғасы қазақы. Өзім сондай тұшынып окимын. Елге осындай жанды, шынайы дүниелер керек қой…
Біз ақсақалдың арнайы хабарласып, пікір білдіргеніне риза болдық.
Осы орайда айта кетер бір жайт, Мұзағаңның Женіс Шыныбеков есімін бұрын-сонды естімейтініндей де бар. Сөзіміздің басында айтқанымыздай, шындығында да, Жеңіс Шыныбековтің үлкен жазушы ретінде танылуы «Айкынмен» тікелей байланысты. Әрине, бұлай деу сәл артықтау да шығар. Өйткені адамның талантты-талантсыз, дарынды-дарынсыз болып жаратылуы – тек Аллаһ Тағаланың ғана еркіндегі нәрсе. Бірақ көзі ашылмаса, әлдекім немесе әлдебір жағдай себепкер болмаса, «Мен!» деген таланттың өзі де құмығып, елеусіз, ескерусіз — қалып кетуі ықтимал. Осы тұрғыдан алғанда, «Айқын» мыңдаған, миллиондаған қазақ оқырманына Жеңіс Шыныбековтей талантты суреткерді, қарымды қаламгерді сыйлады. Пайымдап қараған адамның Жеңіс жазушы шығармашылығынан кешегі Бейімбет Майлиннің рухын, суреткерлік қолтаңбасын аңғарары анық.
Кезінде Жеңіс Шыныбековтің ең алғашқы жарық көрген «Кербала», «Ажалсыз аждаһа», «Өмір өрінде» повестеріне академик-жазушы, ғалым, профессор Зейнолла Қабдолов, халық жазушысы Сафуан Шәймерденов жылы лебіздерін білдірген болатын.
Кейінірек оның «Қыр хикаялары» хақында жазушы-драматургтер — Баққожа Мұқай, Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы-кино-сценарист — Смағұл Елубай сынды қарымды қаламгерлер жақсы пікірлер айтқан.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ, ақын, журналист