ҚАЙРАН ЖЕҢІС !
Осы жылдар ішінде біраз дос -жаран, жолдас жора, сыйлас, сырлас болды. Оның көпшілігін газетте қызмет еткен он бес жылға жуық кезеңде, ал баспасөзге қатысып, үзбей дүниелерімді жарялап жүрген елу жылдар ішінде танысып, білісіп, достасқан үлкенді -кішілі жандар екен. Есептеп отырсам баршылық. Олардың есте қалғандары да, ұмыт болғандары да бар.
Халық: «Бір достар бар қадір, қасиетіңе көзі жеткенше, бір дос бар жібек орамал кепкенше, бір достық бар жерге басы жеткенше»- дейді екен.
Бүгінгі сөз еткелі отырғаным, соңғы теңеудегі теңдесі жоқ достық-тын! Ол жайлы мен талай жаздым. Мен жайлы оныңда жазғандары баршылық. Бұл Қазақстан Журналистер одағының мүшесі — танымал қаламгер Жеңіс Шыныбекұлы болатын.
Жеңіспен менің балалығым бірге өткен жоқ. Ал, жарасты жастығым ажырамастай етене өтті.
Ол, өзі айта беретін «өзеннің арғы жағы» Шабақтының құяры басып өтетін Калинин кеңшарында жылқышы отбасында, мен ағам шаңырағын көтерген шалғайдағы Шу өзенінің төменіндегі Қамқалыда өстім. Бізді табыстырған шығармашылық белсенділік, етене тонның ішкі бауындай таныстырған Сарысу ауданының шежіресінің шылбырындай болған аудандық газет! Бүгінгі қасиетті «Сарысу» газеті.
Жеңіс менен екі жастай ересек. «Бес жас бел құрдастай» жүрдік.Өресі мен сөздік ескілікті қоры кәнігі төселген жазушылардай әсер етті, солай өмірден өтті. Жеңіс адам талғамайтын, біздей қатты көңілі қалғандармен ат құйрығын үзіп, үзеңгі қиып кетпейтін. Ішінде не жатқаны өзіне аян, қанмен келген қағидалы мінезі қай кезде де өзіне кімді болса да баурап, жатсынбай жақындата білді. Тағы, басқа да көріне бермейтін қасиеті-төгілсе шешен, астарлы сөйлеп түсінгенге арғы нысанасын ұқтырып отыратын. Көңіліне жаққан жанмен сөйлескенде, оны тыңдағанда жиі тастамайтын темекісін рахаттана өте мәдениетті түтіндетіп қойып айтатын. Өзі де әңгімешіні сыйлап, солай тыңдайтын. Әңгіме айтушының, әңгіме тыңдаушының бұл қасиеті екінің бірінде кездесе бермейтін құбылыс. Міне, мен білетін Жеңістің осындай ерен қасиеті бар еді.
Оның удай, нысанасына дәл тиетін, өткір әзілдерін білетіндер «құрбаны» болудан жасқанатынын байқайтынмын. Бір жария еткенін мылжыңдап, екінші рет өзі дәріптеп төс қаққан кезін білмеймін. Қандай кезде де біреуді пенделікпен сырттан балағаттау оған жат болды. Ол жас кезіндегі қолжазбаларын құрметтейтін. Ертеде жазған «Аждаһаның ажалы», «Жынды» повестерін мен қолжазбасынан оқыған оқырманы едім. Жас кезім ғой «Ойпырмай осыны жазған, мен күнделікті бірге жүрген, Жеңіс пе?»- деп пенделікке барғанымды қалай жасырайын.
…Студент кезіндегі достарын, көбіне бір бөлмеде жатқан, кейінгі қазаққа танымал жазушы -ақындар- Баққожа Мұқаев, Шөмішбай Сариевпен телефонмен әзілдесіп отырғаны есімде қалыпты. Ол Баққожаны «бұқа» -деп, Шөмішбайды «Шөміш»-деп марқұм достарының дегбірін кетіретін.
Әрине, мықты сөз зергерлеріне тән осалдығы барын қалай бүгіп қалайын. Ол әдетін өзі қорғап, шаң жолатпай отыратын. Жеңкең: «Мұны кейбір қасиетін түсінбейтіндер «жынды су» -деп Беке-ау, тіл тигізеді. Ол іше алмайтын «ішкіштер» мен ішкендерді көре алмайтын көр соқырлардың, әрекеті»- дейтін күліп. Ішкендер нашар болса Мұқағали, Шәмшілер қайдан шығар еді -деп, алып қоятын. Біз солардай «классикалық» қарқынмен іше алмай, аудандық газеттен аса алмай Төкең редактордың тепкісінде жүргеніміз мынау -деп отыратын. Бас иземеске, бас имеске болмай дос әңгімесін әрі тыңдау үшін құптағанмын бірде.
Қайталанбаған дарын ауданда «демалып жүргенде» алғаш рет Жеңісті ұшырастырып, танысқанмын. «Талант, талантты табады»-деген осы да. Жиі келетін оған.
Кейде Есениннің : «Мен егер ақын болмасам, Алаяқ ұры болар ем»-деген өлең жолын келтіріп «Мен журналист болмасам нағыз сотқар, басбұзар болар едім. Жасымда боксер едім»- деп, өзінің «еркелігін» қорғаштап. Күліп алатынбыз. Өзіне ұтымды қорғанышы жарасатын. «Футболды, жақсы көремісің»- деді маған. «Жоқ» -деймін. Саған волейбол, баскетбол жарасады. Мына бойды қалам ұстап, саусақты жауыр қып қор етіп жүрсің. Мен футболды ұнатам, онда «қорғаушы» -деген болады. Өз қақпамды өзім қорғаймын. Ал менің «қақпашым» сөздерім деген бірде. Рас-ау. Журналиске сөзден артық қақпашы бар ма?- деп ойланған едім.
… Бірде демалысты Алматыдағы «Ақ қайың» демалыс үйінде өткіздім. «Қайраттың» ойынына бару үшін 66- автобусына сығылысып міндім. Ине шаншар жер жоқтың кері. Бір қараторы бойшаң талдырмаш жігітпен бетпе -бет тұрып қалдым. Ол менің сол жағамдағы сарғыш «Социалистік Қазақстан»- деген төсбелгіден көз алмай тұрып:
— Сіз «СҚ»-да істеймісіз?-деді.
— Жоқ-дедім.
— Бәсе, сіздей жігітті көрген емеспін одан, — деді.
— Өткен жылы Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нүркеновтың қаулысымен «Штаттан тыс тілшісі» — деген куәлік берілген деді.
Ол жұлып алғандай:
— Сарысулық болсаңыз Шыныбеков деген жылқышы — жазушыны білетін боларсыз -деді, қуанып.
— Танығанда қандай! Бірге істейміз, — дедім. Стадионға жеттік. Оның өтінішімен батыс секторына билет алып, оңаша жайғастық.
Ол қызылордалық, сол кезде «Қазақ фильм» — журналында істейтін Серік Байхонов екен. Журналист — жазушы ( Өткен жылдары өмірден өтті .)
— Жеңіс ағаның «Жалын» журналына 1970 жылдары шыққан «Кербала» повесін оқығаннан кейін алғашқы мен ‘Жалғасым менің, Жалғасым» атты повесімді жаздым. Сенбесеңіз А.Пушкин атындағы кітапханадан алып журналдың сол жылғы номерін көріңіз. Бетіне: «Ғажап, керемет, сұмдық! Рахмет»- деп, қолымды қойып, баттитып жазып кеткем- деді.
Мен Серіктің жұмыс телефонын алып екеуін таныстырып қуантқаным бар. Кейін сөйлесіп тұрды.
…Көшеде, Байқадамдағы Жеңкең «Көк ларек»- деп, атап кеткен лагманнан түстікті асығыс ішіп келе жатырмыз. Қарсыдан (нағашысы- жағалбайлы танымал бір ағамыз) ұстай алды да:
— Е, әкеңнің аузы… әкең аман ба, әпкем саламат па? Сәлем айтарсың- деді.
Мен оның, Жеңістің әкесінің қайтқанын естімегенін біліп әңгімені ауыстырайын- дегенше болмай Жеңкең:
— Иә, иә сәлеміңді хабардар етейін. Айтпақшы әкем де саған сәлем айтып жатыр. «Келсін»- дейді. Оған орын алып қойғанмын, болмаса қаптаған жағалбайлының біреуі алып қояды. Тездет, нағашы-еке! Ал әпкең «бойдақтық өмір жақсы»- екен -деп, мәз қыдыруда- дегені ғой. Нағашысы түсіне қойып, қып-қызыл болып кетті. Не дейсіз. Адам өлтіретін уәж емес пе?
Анасы «Алтын алқа» иегері. Атасы Калинин атындағы совхоздың парткомы Орақбаев Айтжан зейнетке шықты. Оның қызметтік бес орындық «Газ-65» көлігін жекешелендіріп алуға құжат дайындауда Жеңкең, «оллаһи ащы суды желкемнің шұңқыры көрсін»- деп, анасына уәде беріп құжат дайындады. Сол қоғамдағы тәртіп бойынша Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Моториконың қолы керек болып Жеңіс анасын жетектеп алып Алматыға кетті. Жол күтіп біз қалдық.
Шаруаны бітіреді. Қайтарда Жеңкең анасына самса және лимонад алып, ол кісіні автобусқа отырғызып, бір тор қалтаны толтырып сыра алады. Анасының лимонад ішпейтінін біледі. Жолға шығады. Жеңіс жұтынып шегі жыбырлай бастайды, жолсерігі ұйықтар емес. Ұлы сырадан толтырып құйып:
-Апа, шөлдейсіз бұл да су ғой, лимонад іше отырыңыз- деп ұсынады. Келгелі бері түк татпаған ұлына көңілі толған анасы:
-Айналайын, алыс жол, шөлдеп қаласың, ішіп ал- деп бәйек болады.
-Жарты жолдан асқанда ішім жыбырлап әңгіме айтқым келе бастады. Менің әңгімем біткенше анам бір ұйықтап тұрыпты.
Оянып кеткен анам:
— Балам-ау, бұл әлі баяғы әңгімең бе, не қылған бітпейтін әңгіме?
— Бұл әлі бірінші бөлімі. «Әңгіме жол қысқартады»- деуші едіңіз ғой. Жол қысқарсын … деп қойдым.
Жамбылға жеттік. Апам жеңіл-ақ түсіп кетті. Менде аяқ буыным ұстай алмауда.
Тәлтіректеп түсе алмай келемін. Шешем төменнен күтіп алып:
-Қодар-ау, бағана мінгенде сап- сау едің ғой. Не болды саған?
-Апа-ау, уайымдама. Отыра, отыра аяғым ұйып қалыпты.
-Бәсе. Қыстайғы суықтың пәлесі ғой.
…. Жеңкең кейін ол көлікті саудалап, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасына Жеңкең жолдама алды.
Он бес жылдай сырлас, пікірлес жақсы достың «Алматыға көшетін көрінеді «-дегенді естіп, Шығанақтан Байқадамға жеттім. Бұл кезде Шығанақта кәсіподақ комитетінің төрағасы, кооператив төрағасының орынбасары едім.
Түскі үзілісте үйінде екен. Епетейсіз еркектерше шәй қойып іштік. Өткен кеткенді әңгімеледік. Қоштасарда кәдімгідей босап, құшақтап қысып-қысып алып.
-Жас келген соң әйелдің де, баланың да айтқанына көнесің. Туған жерді, бірге жүрген өздеріңді қимаймын. Сәрсен жүктерді арқадан көшетіндей түйіп- теңдеп тастап, Майраны алып кетті. Есіңде шығар баяғыда Тиышбай достың Әлсейттің үйінен қайтарда бізді кезек-кезек құшақтап » Жігіттер, бірге өспек бар да, бірге жүрмек жоқ» екен -деп құшақтағанда ішкендікі шығар -деп, ойлап едім. Мен татпай тұрып- ақ сол ақын достың сөзін қайталаймын. Сен Шудасың мен үлкен шаһар нудамын енді. Кездесудің сәті түспесе осы қоштасуым болсын. Бірге өткізген ұмытылмас күндер есімізде жүрсін. Аман болайық»- деген еді. Кездеспейтінімізді сезген екен!
Ол Сәрсенінің Талғарға электр жүйесі басшысының орынбасары болғанын, үй алғанын айтатын.
Аузына құдай салыпты. Одан кейін ұшыраса алмадық. Тек басылымдардағы бір -біріміз жайлы естеліктерімізбен сырласып жүріппіз.
Өмір ғой. ӨТКЕННІҢ БӘРІ САҒЫНЫШ, ЖЕҢКЕ ДОС!
Бармын ғой, бір кітапқа жүк боларлықтай жақсы естеліктерің мойнымда. Өмір жетсе түсіре жатармын.
Бірге жүрген, бірге күлген, бірге ойлап, бірге тойлаған күндер сағынышымды басады.
Сөзге келген сәтіміз болмапты. Болған пенделігім болса кешір. (Әй болмаған шығар. Түсіністікпен жақсы күндерді бағалап жарастырған едік қой)
Сен кешіргіш едің ғой ҚАЙРАН ЖЕҢІС!
Бергентай НҰРМАХАНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
СССР Журналистер және Қазақстан Журналистер одағаның мүшесі.
Сарысу ауданының «Құрметті азаматы»