Қаламгер қазынасы

0

Қарымды қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі Жеңіс Шыныбековтің есімі көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Ол 1946 жылы маусым айында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, бұрынғы Калинин колхозында дүниеге келді. 1963 жылы мектепті бітірген соң Төменгі Шу бойында, Бетпақта үш жыл жылқы бағып, еңбек дүбіріне араласты. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» демекші, жастайынан жазушылыққа бейім болып өскен Жеңіс Шыныбеков 1966 жылы «Жалын» журналы жариялаған жабық бәйгеде «Кербала» повесімен жүлдегерлер қатарынан табылады. Көп ұзамай жазушы Сафуан Шаймерденовтің қолдауымен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі.
Ал 1972 жылдан 1996 жылға дейін аудандық «Октябрь таңы» (қазіргі «Сарысу» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейді. 2001 жылдан республикалық «Айқын», 2006 жылдан «Алматы ақшамы» газетінде жемісті еңбек етеді. «Қазақстанның Құрметті журналисі» мәртебесіне ие болады. «Кербала», «Қарамерген», «Ажалсыз Аждаһа» жинақ кітаптарының авторы.
Ұзақ жылдар бойы баспасөз саласында еңбек еткен қаламгер өңірдің тарихы, тұлғалары, табиғи ерекшелігі туралы тұшымды дүниелер жазып қалдырды. Еңбек адамдарының өмірі туралы суреттемелері де кім-кімді де бейжай қалдырмайтын. Әсіресе оның қаламынан туған «Қыр хикая­лары» айдарымен шыққан әңгімелерін іздеп жүріп оқитындардың қатары көп болды.
Саналы ғұмырында мамандыққа адалдық танытып, көкейге түйгендерін қағазға түсірген, қажырлы еңбегімен рухани азық сыйлаған журналист әрі жазушы Жеңіс Шыныбеков егер тірі болғанда алдағы 19 маусымда мерейлі 80 жасқа толар еді. Тағдырдың жазғанына амал бар ма?.. Һакім Абай айтқандай, артына өлмейтұғын сөз қалдырған қаламгердің еңбектері «Ажалсыз Аждаһа» тақырыбымен жинақталып, кітап болып басылып шықты. Жазушының туған күніне орай аудандық мәдениет үйінде тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, жаңа кітаптың таныстырылымы өтпек. Осы орайда 90 жылға жуық тарихы бар газетімізде ширек ғасыр баспасөз саласында аянбай еңбек еткен әріптесіміз туралы естеліктер топтамасы мен өз шығармашылығынан бірқатар еңбектерін жариялауды жөн көрдік. Сонымен қатар өткен күндердің өшпес сәулесіндей болып сақталған суреттерді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Редакциядан

Leave A Reply

Your email address will not be published.