Еңбектен бақытын тапқан ақсақал

0

Кенжебаев Шоқан ағамыз Сарысу ауданына танымал тұлғаның бірі. Азаматтық ажары, кісілік келбеті келіскен аға саналы ғұмырын, өнегелі өмірін халқына қызмет етуге арнады. Ол кісінің атқа мініп, ел басқарған жылдардағы жемісті еңбектері жайлы ауылдастары, көзкөргендер, қызметтес болған үзеңгі жолдастары жақсының жақсылығын мақтаныш сезіммен айтады.
Қолға қалам алып, ел дәулеті үшін қызмет еткен кісі жайлы жазу оңай шаруа емес. Алдымен кісілік келбетіне, елге деген жылы жүрегінің төріне үңілесің. Бойындағы адамгершілік қасиеттерінің сырларын ашуға талпынасын. Еткен еңбегінің салмағын, көпке тигізген пайдасын таразылайсын. Содан кейін барып, көңілге түйілген көп ойдың түп төркінін тарқатуға кірісесің.
Кейде өткен өміріне, атқарған еңбегінің нәтижесіне көз жүгіртіп, ойланатын, тереңнен толғанатын адамдар болады. Тал түс алпыстан асып, жетпіске жетіп калған Шөкең де ойсыз емес. «Аламанның сөресін қиған бәйге атындай өте шыққан күндерім мен жылдарымда белгі бар ма?
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар калан,-деген ұлы Абайдың уытты сөзінің үдесінен шыға білдім бе? Әлде көппен бірге көшке ілесіп жүрдім бе екен? Үлкен сеніммен басшы қызметтердің тізгінін ұстатқанда игі істе мысқалдай пайдам болды ма?»
Осындай санаға шашылған сан сұраққа кейде іштей жауаптар іздейтіні, жетектеген ой желісін түйіндейтіні бар. Жер кіндігін басқан адам өмірінде тақтайдай тегіс жол жоқ. Бұрандаған өмір соқпағына түсіп, қуанышы мен ренішін бастан кешпейтін пенде тағы болған емес. Әркім пешенесіне жазғанын көріп, тағдырының дегеніне көнеді. Өткен ғасырдың өшпес тарихының бірі Ұлы Отан соғысы. Төрткүл дүниені дүр сілкінткен соғыс өрті тұтанғанда Шоқан бесіктен белі шықпаған бала еді. Іңгәлап дүние есігін ашқан 1940 жылы асқар тау әкесі дүниеден өтті. Ұлы Жеңістің туы желбірегенде көпшіліктің шаттанған бейнелері бес жастағы Шоқанның есінде мәңгі сақталыпты.
Есейіп, ержетіп институт бітірген Ш.Кенжебаев кешікпей көптің ортасына, еңбектің додасына түсті. Аудандағы бірден-бір астықты өңір-«Түркістан» кеңшарында кұрылыс шебері болып еңбек жолын бастады. Көсегенің көк жонынан егін өсіріп, қойнауын төрт түлікке толтырған кеңшарда құрылыс жұмыстары да қарқынды жүре бастаған кез. Іргетасы қаланғанына он жылдан енді асқан шаруашылықта тұрғын үй мәселесiне ерекше назар аударылды. Табиғаты ерекше өңірде 22 ұлттың өкілдері бірлесе еңбек етті. Жылға жуық құрылыс шебері болған Ш.Кенжебаев табаны күректей 11 жыл кеңшарда бас құрылыс инженері міндетін атқарды. Өз ісіне жауапты, көппен тіл табыса білетін Шөкеңе аудан басшылары «Түркістан» кеңшары жұмысшылар комитетінің төрағасы қызметін сеніп тапсырды. Он сегіз жыл өмірі үркердей ауылдағы еңбек дүбірінің екпінімен өткендей. Шындығында тың өлкесіндегі ауылдың тыныс-тіршілігі тым өзгеше еді. Қат-қабат тірлік, бастан асқан шаруа бір күн толастамайтын. Ортақ мақсатта жұдырықтай жұмылған жұрттың атқарған игі істері тек еселі еңбекпен өрілген еді. Сол кезеңде кәсіподақ комитетінің міндеті еңбекшілердің еңбек құқығын қорғау, социалистік жарыстың ықпалын арттыру, еңбек озаттарының іс-тәжірибелерін насихаттай отырып, оларды марапаттау болатын. Түрлі мамандықты еншілеген көп ұлт өкілдерімен біргe өткізген еңбек күндері мен жылдары Ш.Кенжебаевты қызметте өсіріп, өмір жолында есейтті, ширатты. Іскерлік қабілетімен танылған Ш.Кенжебаевтың қызметте өсу жылдары басталды. Аудандық агроөнеркәсіп кешені кызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы қызметін үш жыл, «Жаңатас» кеңшары партия комитетінің хатшысы міндетін екі жыл мінсіз атқарды. Он жылға жуық «Байқадам» кеңшарының директоры болғанда білімі мен күш-жігері, ұйымдастырушылық қабілеті, ізгі адамгершілік қасиеттері айқын көрінді.
Елім деген ер азаматтың алға қойған мақсаты, асыл арманы-кіндік қаны тамған топырақты гүлдендіру, көркейтуге үлес қосу. Бұл бағытта Ш.Кенжебаевтың жетекшілігімен шешілген көкейтесті мәселелер, атқарылған істер жетерлік.
Кеңшар тірлігі сан қырлы еді. Көктемгі егіс, мал төлдету, жем-шөп дайындау, мал қыстату, күрделі құрылыс секілді уақыт күттірмейтін науқандық жұмыстар жыл он екі ай жалғасып жататын. Шаруашылықтың өн бойында ұстаның көрігіндей қайнап жататын сан тірліктің басы- қасында өзі жүріп, мұрындық болды. «Ынталы» су қоймасынан жер асты құбырын тарттырып, Байқадамның бау-бақшалы, жасыл желекке бөленуіне үлес қосқанын қазір мақтаныш тұтады. Суармалы жермен айналысқан байқадамдық дихандар көкөністен мол өнім алып, жыл сайын Жаңатас қаласының тұрғындарын қамтамасыз етіп отырды. Сонымен қатар, қоғамдық мал үшін жем-шөптің берік қоры жасалды. Тауарлы сүт фермасының жұмысы жанданып, айран, сүт, кұрт, ірімшікке қалың жұртшылық қарық боп қалды.
Ал, Жарқұдықтағы асыл тұқымды түйе фермасы 1991-1992 жылдары республика бойынша алғашқылардың бірі болып тіркеуден өтті. Түйе басы 1200-ге дейін жетті. Сол кездерде «Байқадам» кеңшарының экономикасы жан-жақты көтеріліп, халықтың әл-ауқаты көп жақсарды. Сол фермада өндірілген бал татыған шәрбат шұбат Тараз, Қаратау, Жаңатас қалалары тұрғындарының жоғары сұранысына ие болды.
Шөкеңнің аудандық орман шаруашылығына жетекшілік еткен жылдары да жемісті болды. Ел байлығы табиғатты, қоршаған ортаны қорғауда, ауыл, елді мекендерге тал-дарақтар отырғызып, түрлене түсуіне сүбелі үлес қосты. Жыл сайын сексеуіл егу жұмыстары дұрыс жолға қойылды.
Елі үшін тер төккен жемісті еңбектері елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Респубикасының 10 жылдық мерекелік медалімен, 1 дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен және көптеген Құрмет, Мақтау қағаздары, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Жамбыл облысы ардагерлер ұйымына-30 жыл» медальдарымен марапатталды. Сарысу ауданының Құрметті азаматы атанды. Құдай қосқан қосағы Мұстафина Сағат апай екеуі 2 ұл, 6 қыз тәрбиелеп, ұядан кияға ұшырыпты. Бәрінен де немерелер сүйіпті. Ислам дінінде балиғатқа толған мұсылманға өмірінде бір мәрте Мекке қаласына барып, кажылықты орындау парыз етілген екен. 2023 жылы Шоқан аға ұлдары Асқар, Алтай үшеуі Меккеге барып, қажылық парыздарын өтеп қайтыпты.
Абыз ата, 86 жастың төріне қадам басқан ақсақал бүгінде бейнетінің зейнетін, үкілеп өсірген ұл-қыздарының, немере, шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты жан.

Темірлан Әбілдаев, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.