БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ- БАСТЫ НАЗАРДА
Жаз – балалар үшін ұзақ күткен қуанышты әрі қызықты кезең. Осы орайда, аудан оқушыларының жазғы демалысын сапалы, мазмұнды және қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынды. 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында биыл мектеп жасындағы балаларды сауықтыру мен олардың бос уақытын тиімді өткізуге ерекше көңіл бөлінуде.
Басымдық әлеуметтік санаттағы балаларға беріліп отыр.
Аудандағы 1-8 және 10-сыныптар аралығындағы 7 884 оқушының 7 136-сы (яғни 90,5%-ы) жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамтылады деп жоспарлануда. Бұл ретте аз қамтылған отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер, сондай-ақ мектептің үздік оқушылары лагерь жолдамаларымен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.
Маусым айының 1-і мен 12-сі аралығында аудан көлемінде мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда 26 мектептен 831 бала ыстық тамақпен қамтылған.
Айта кетерлігі, жазғы маусым басталмас бұрын жауапты мамандардың қатысуымен арнайы семинар-практикум өтті. Шараға санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары, мектеп медбикелері, аспазшылар мен әлеуметтік педагогтар тартылып, балалар қауіпсіздігі мен тазалық мәселелері жіті пысықталды.
Биылғы жазғы демалыстың ерекшелігі – балалардың танымдық қызығушылығын арттыратын форматтардың көптігінде. Мәселен:
Шатырлы лагерь 5 мектептің базасында ұйымдастырылып, оған 285 оқушы қатысады (Ш.Уәлиханов, М. Әуезов, Б. Қашқынбаев, Б. Адамбаев атындағы мектеп-гимназиялары мен Түгіскен және Д.Сенбин мектептері).
Киіз үйлер. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бұл лагерь де 5 мектепте ашылып, 185 баланы қамтиды (М.Әуезов, Шоқай датқа, Әйтеке би, Ж. Отарбаев мектептері).
Профильдік бағыттар, оның ішінде дебаттар, спорттық ойындар.
Балалардың бейімі мен қызығушылығына қарай 26 мектепте мынадай бағыттар жұмыс істейді:
Профильді лагерьлер – 1 298 бала; Спорттық лагерьлер – 1 172 оқушы; Туристік саяхаттар мен экскурсиялар – 526 бала;
Дебат лагерьлері – 466 оқушы;
Еңбек лагерьлері (жасылдандыру және т.б.) – 453 оқушы;
Қызығушылық клубтары – 419 оқушы.
Сондай-ақ, табиғат аясындағы демалыстар мен аула клубтары да ұйымдастырылды. Жатақханалы қала сыртындағы демалысты қалайтындар үшін Жуалы ауданындағы «Тау Самалы» лагеріне 550 бала барады деп күтілуде. Оның ішінде алғашқы лекпен маусым айында 330 бала саяхатқа аттанады.
Сонымен қатар, қосымша білім беру ұйымдары да шет қалған жоқ. Жаңатас және Саудакент аула клубтары маусым-тамыз айлары аралығында ай сайын 100 баладан, жалпы саны 300 баланы кезең-кезеңімен жазғы лагерь шараларына тартпақшы.
Осылайша, аудандық білім бөлімі балалардың жазғы демалысын тек көңілді емес, сонымен бірге денсаулыққа пайдалы әрі қауіпсіз өткізу үшін барлық жағдайды жасап отыр.
Бота БЕТАЕВА, Сарысу ауданы білім бөлімінің әдіскері