Достықты ту еткен мереке

0

Мереке қарсаңында аудан әкімі Сәкен Мамытов бастаған топ этнос өкілдерін мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, аудандық билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, қалалық билер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сахарап Қырғызбаев та ауданымыздағы этнос өкілдерінің шаңырақтарына барып, мерекеде сый-сияпат жасады. Құттықтау шарасы барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов бірқатар ардагерлерге «Ауданның Құрметті ардагері» төсбелгілерін тапсырды.
БІРЛІК КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Қазақстан халқының Бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымаққа тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы.
Ал, біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады. Өйткені, ынтымағы жарасқан халқымыздың Бірлік мерекесі – елдігіміздің темірқазығы.
Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан жүзден астам этнос өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.
Аудандық мәдениет үйінің алдында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай «Ынтымағы, бірлігі жарасқан – Қазақстан жасасын!» атты мерекелік кеш өтті. Думанға толы шараны аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандық билер кеңесінің төрағасы, қала және ауылдық округ әкімдері мен тұрғындар тамашалады.
Алдымен келушілер алаңдағы қолөнер көрмелерін көрді. Содан кейін жас спорт чемпиондарының дәліздерін, жас спортшылардан құралған каратэ шеберлерінің жаттығу көріністерін тамашаласа, балабақша ұжымы фото зона, ұлттық спорт ойындары мен этнос өкілдерінің көрмелерін көрсетті.
Сахнаның жанындағы Алтыбақанда жастар көңілді кештің көрінісін айқындады.
Шара аудандық мәдениет үйінің әншілері мен «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымының «Көктем вальсі» композициясымен ашылды. Мұнан соң сахнаға «Әулие ата» қазақ этно- мәдени орталығы, «Дустлик» өзбек этно- мәдени орталығы, «Возрождение» неміс этно-мәдени орталығы, «Манас» қырғыз этно-мәдени орталығы, «Карио» кәріс этно- мәдени орталығы, «Родонеж» славян этно- мәдени орталығы, «Барбанг» күрд этно- мәдени орталығы, «Сабантуй» татар этно- мәдени орталығының жетекшілері еліміздің бейбітшілігіне үн қатып, аспанға көгершіндерді ұшырды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов:
— Біздің Сарысу ауданын мекен еткен бірқатар этнос өкілдері өңіріміздің қарқынды дамуы мен ішкі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде және татулық пен бірліктің берік орын алуына өз үлестерін қосып келеді. Өйткені, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны көздің қарашығындай сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір ел азаматының міндеті болып табылады. «Тілі басқа болғанымен, тілегі ортақ» бір шаңырақ астында жиналған барлық этнос өкілдерінің ынтымақтары ырысты, татулықтары берекелі бола берсін! Өйткені, бірлік бар жерде тірлік болады, бақыты жарасқан елге бақ қонады. Ал, татулық пен сенім көпұлтты Қазақстан халқын бақытқа жеткізері сөзсіз,-деп бейбітшілік пен тұрақтылықтың бекем болуына тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, бірқатар аудан азаматтарына «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады. Ән мен би үйлесім тапқан шараға келушілер көтеріңкі көңіл күймен тарқады.
Досбол
Досбол ауылдық клубы мен ауылдық кітапхананың ұйымдастыруларымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлігі жарасқан Тәуелсіз елім» атты мерекелік концерт өткізілді.
Іс-шараның мақсаты жас ұрпақтың бойында ұлттар арасындағы достықты, татулық пен бірлікті насихаттау, сондай-ақ әр халықтың мәдениеті мен өнеріне деген құрмет сезімін қалыптастыру.
Мерекелік кеш барысында түрлі ұлт өкілдерінің әндері шырқалды.
Сонымен қатар, оқушылар бірлік пен достық туралы өлеңдер оқыды.
Игілік
Өндіріс ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Ұлт бірлігі-ұлы байлық» атты буктрейлер болып өтті.
Шараның басты мақсаты Көпұлтты Қазақстан Республикасының халықтар достығы- еліміздің бірлігінің кепілдігі екендігін таныту. Әр халықтың өнері, оның рухани байлығының негізін баланың жүрегіне өз ұлтының тілін, дінін біле отырып, өзге ұлттың рухани байлығын сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу. Кітап оқуға шақыру.
Іс-шараны кітапхана қызметкері Ф. Байділдаева жүргізіп, Қазақстан Республикасында мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілдері бүгінгі күнге дейін ынтымақтастықта, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп кележатқаны жайлы айтып өтті.
Кеш қонақтары Н. Оразбеков, Ж. Зейналиева, Д.Әйкеновалар Қазақстан Республикасының Ата заңы негізінде өздерінің Отанына айналған қазақ еліне барынша қызмет етіп, беделін үстем етіп келеді. Кең пейілді қазақ халқының дархан даласын жайлаған барша ұлт өкілдері қазақ жерін «Отаным»- дейді деп өз ойларын білдірді.
Кеш соңында «Қазақстан-достық мекені» атты кітап көрмесі жасалып, оқырманға насихатталды.
Тоғызкент
Тоғызкен ауылдық округінде «Бір аспан астында» атты мерекелік іс-шара өткізілді.
Аталған іс-шара «Түгіскен» орта мектебі, ауылдық клуб және ауыл әкімшілігінің бірлесуімен ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – оқушылар мен ауыл тұрғындары арасында достықты, татулықты және ұлттар бірлігін насихаттау.
Мерекелік бағдарлама барысында әртүрлі ұлт өкілдерінің өнерлері көрсетіліп, ұлттық киімдер шеруі, ән-билер орындалды. Қатысушылар өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара соңында белсенді қатысқан оқушылар мен сыныптар ауыл әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мереке жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Жайылма
Жайылма ауылдық округінде мереке қарсаңында салтанатты шаралар өткізілді.
Сонымен қатар Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінде «Түстер үндестігі – халықтар достығы» атты сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеге қатысушылар «Түстер үндестігі – халықтар достығы» тақырыбында суреттер ұсынып, өз жұмыстарында Қазақстандағы ұлттар арасындағы достық, бейбітшілік пен келісімді бейнеледі. Суреттерде ұлттық киімдер, дәстүрлер, түрлі халықтардың мәдениеті мен ортақ шаңырақ астындағы бірлігі көркем түрде көрсетілді. Көрме барысында көрермендер жас суретшілердің туындыларымен танысып, олардың идеялары мен шығармашылық ізденістеріне жоғары баға берді.
Аталған көрме оқушылардың патриоттық сезімін арттырып, ел бірлігі мен татулығын насихаттауға өз үлесін қосты. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытты.
Байқадам
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің орталық алаңында ұлттар мен ұлыстар достығы мен бірлігіне арналған «Бірлігі бекем елдің-тірлігі көркем!» атты мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шара ел бірлігін, ұлттар достығын паш еткен Саудакент ауылдық мәдениет үйінің мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Сонымен қатар Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінде «Шабыт» жобасы аясында 5- сынып оқушыларының қатысуымен «Біз- әртүрліміз, бірақ теңбіз» тақырыбында сыныптық іс-шара өткізілді.
Мақсаты – оқушыларға әртүрлі ұлттар мен мәдениеттердің ерекшеліктерін таныстыру, олардың арасындағы достық пен бірлікті нығайту, ұлтаралық татулық пен келісімді дәріптеу. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарауға, төзімділік пен сыйластыққа тәрбиелеу, көпұлтты қоғамдағы бейбіт өмірдің маңызын түсіндіру көзделді.
Шара барысында оқушылар түрлі ұлттардың салт-дәстүрлері, мәдениеті туралы мәліметтермен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Бұл іс-шара олардың дүниетанымын кеңейтіп, достық пен ынтымақтастықты бағалай білуіне ықпал етті.
Сондай-ақ Саудакент ауылдық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Менің үйім, менің тағдырым, менің Қазақстаным» атты әдеби ашық есік күні болып өтті. Кітапхана қызметкері Б.Керімбекова кештің мақсатымен таныстырды.
Көпұлтты Қазақстан Республикасының халықтар достығы – еліміздің бірлігінің кепілі екендігін танытып, әр халықтың рухани байлығын сыйлап, құрметтеу керектігі айтылды.

****

Жаңатас қалалық балалар кітапханасында «Берекелі бірлігімен баянды тірлігім» атты Достық көпірі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – көпұлтты еліміздегі халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту, жас ұрпақты бірлікке, татулыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, сондай-ақ әр ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін құрметтеуге баулу болды. Шара барысында Қазақстанды мекендеген түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті кеңінен насихатталып, олардың өнері мен ұлттық ерекшеліктері көрермен назарына ұсынылды.
Мерекелік бағдарлама барысында қатысушылар әр ұлттың ұлттық киімдерін киіп, сахнада өз өнерлерін паш етті. Әсем әндер шырқалып, мың бұралған билер орындалды. Сонымен қатар, бірлік пен достықты дәріптейтін өлеңдер оқылып, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер айтылды. Көрермендер әрбір қойылымнан ерекше әсер алып, ел ішіндегі татулық пен ынтымақтың маңызын терең сезінді. «Ынтымағы жарасқан- Қазақстан» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолуды кітапхана қызметкері Ж.Рахымжанова жасады.
Иә, Қазақстан халқының бірлігі күні – халқымыз үшін аса маңызды мереке. Себебі бірлік, келісім, ынтымақ – идеологиямыздың өзегі. Саяси реформалар кезеңінде бірліктің маңызы тіпті арта түседі. Дәл осы халықтың ауызбіршілігінің арқасында біз ауқымды өзгерістер кезеңінен табысты өтіп келеміз.
Азаматтардың мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат төңірегінде топтасуы – саяси жүйені жаңғыртуға, институттарды күшейтуге және шешім қабылдауға халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Қоғамның бұл процеске белсенді араласуы жоғары деңгейде сақталып отыр.
Әралуандылықтағы бірлік пен келісім қағидаттары біздің болмысымызға сіңген. Бұл – қазіргі Қазақстанның негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан бұл мереке ескірмейді, керісінше, жаңа мазмұнмен толыға береді.
Қазақстан этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласында бірегей тәжірибе қалыптастырды. Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңғыруы мен жаңа қоғамдық алаңдардың пайда болуы – бұл бағыттағы саясаттың әлі де басымдыққа ие екенін көрсетеді.
Қорыта айтқанда елімізде қазіргі таңда 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар мекендейді. Тарих көшінің белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды. Сарысу ауданы да көп ұлттың басын қосып, бірлігін жарастырып жүрген аудан.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.