АТА-БАБА РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ

0

Аудан орталығындағы «Даңқ» монументінде 9 мамыр – Жеңіс күніне орай гүл шоқтарын қою салтанаты өтті. Бір минуттық үнсіздік кезінде аудан тұрғындары ерлікпен қаза тапқандарды еске алып, олардың бейбіт өмір үшін жасаған ерліктеріне тағзым етті.

Биыл еліміз Ұлы Жеңістің 81 жылдығын атап өтуде. Жаңғыртудан кейін жаңа келбетке енген «Даңқ» монументінде өткен шарада бүгінгі ұрпақ өз өмірін бейбітшілік жолында құрбан еткен ардагерлерге алғыс білдірді.
Мәңгілік алауға аудан әкімі С.Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков, құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық және қалалық ардагерлер, аудандық қоғамдық, аудандық ауған соғысы кеңесінің мүшелері, мекеме, кәсіпорын басшылары және қызметкерлері, мектеп мұғалімдері гүл шоқтарын қойды. Аудан тұрғындары да гүлдерін, балаларын алып, «Жеңіс күні» әнімен монумент алдына келіп, тағзым етті.
Ауданымызда 30 тыл ардагерлері өмір сүруде. Өкінішке қарай, Ұлы Отан соғысының ардагерлері арамызда жоқ. Алайда олардың ерлігі мен есімі халық жадында — ұрпақтан- ұрпаққа сөзбен де, бүгінгідей шаралар арқылы да айтылып келеді.
Сұрапыл соғыста жеңіске жету жолында миллиондаған адамның өмірі қиылды. Сондықтан адамзат өткен соғыстың құрбандарын жақсы біледі. Бүгінде қасық қаны қалғанша шайқасқа қатысып, жеңіс күнін сыйлағандарды ешкім ешқашан ұмытқан емес. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау және олардың рухтарына тағзым ету – қасиетті борышымыз.


ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Мереке күнінде аудан әкімі Сәкен Мамытов соғыс жылдары тылда еңбек еткен Тыл ардагерлері Сахыұлы Сарыпбек пен Ермекбай Ақылбековтың үйлеріне арнайы барып, құттықтады. Аудан басшысымен бірге аудан прокурорының орынбасары Досымхан Айнабекұлы, аудандық билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, қалалық билер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ахан Шортанбай, қала әкімі Ильяс Домалақов, Байқадам ауылдық округінің әкімі Мейіржан Уксикбаев қатысты.
Аудан басшысы Тыл еңбеккерлеріне соғысқа аттанғандарға қолдау көрсетіп, тылда тізе бүкпей қажырлы еңбек еткендері үшін алғысын айтып, сый- сияпат жасады. Еңбек майданындағы істері кейінгі ұрпаққа өнеге екендігін жеткізіп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Тыл ардагерлеріне құрмет – кейінгі ұрпақтың алғысының белгісі және тарих алдындағы борышын өтеудің бір көрінісі.
Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары мен қала және ауылдық округ әкімдері Тыл ардагерлерін мерекемен құттықтап,сый-сияпат жасады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.