ЕЛ ІШІ — ӨНЕР КЕНІШІ
Ауданымыздың даңқын асқақтатып түрлі сайыстарда озық шығып жүрген Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі өнердің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Биылғы оқу жылында Бурабайда өткен ХХ Халықаралық «Алтын домбыра», Тараз қаласында Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің қатысуымен өткен Халықаралық «Балауса жұлдыздар», наурыз айында Атырау қаласында өткен І Республикалық «Өмір гүлі» байқауларының бас жүлде иегерлері Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақ ұлт- аспаптар оркестрі талай жастардың шабытын шыңдап жүр.
Осыған орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытов Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақ ұлт- аспаптар оркестрінің ұжымын қабылдады.
Кездесу барысында аудан басшысы: — Ұлттық өнеріміздің алтын арқауын жалғап келе жатқан жас дарындардың жетістігін атап өту – біз үшін үлкен мәртебе. Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің қысқа уақыт ішінде осындай биік белестерді бағындыруы – үлкен еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Сіздер, 2025-2026 жылдар аралығында облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып, ауданымыздың ғана емес, тұтас еліміздің абыройын асқақтаттыңыздар.
Бұл – ең алдымен, шәкірттерге бағыт-бағдар берген ұстаздардың еңбегі, ата-аналардың қолдауы және өздеріңіздің табанды ізденістеріңіздің жемісі, — деп өнер ұжымының жұмысына жоғары баға беріп, бірқатар оркестр мүшелеріне аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарын тапсырды.
Жиында Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің директоры Нұрлан Байділдаев пен аудандық билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек те сөз сөйлеп, ауданымыздың өнерін дамытуға басты күш-жігер қажет екенін алға тартты.
Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінде Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің «Өнеріңді туған халқыңа арна» атты 2025-2026 оқу жылының есеп беру концерті өтті. Фойеде аталмыш ұжымның оқушыларының дайындаған қолөнер және сурет көрмелері қойылды. Шара шымылдығы Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақ ұлт- аспаптар оркестрінің композициясымен ашылды. Сонымен қатар, «Утро», «Служебный роман» кинофильмінен саундтрек, «Тойбастар», «Импровизация №1 на норвежские народные песни», «Алтынай Ақжелең», «Көне Тараз күмбірі» сынды шығармалар жоғары деңгейде орындалды. Аталмыш кешті аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің, аудандық билер кеңесінің төрағалары мен мүшелері және тұрғындар тамашалады.
Қазақ өнерінің қайнар бастауларының бірі– Сарысу өңірінде өнерге деген жауапкершілік жоғары. Киелі сахнада кім болса, соған орын жоқ. Ауданынымызда осыны мақсат тұтқан Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі ұзақ жылдан астам уақыт елге қызмет етіп келеді. Басты мақсаты – өнерлі жанды өрге сүйреу, таланты бар бүлдіршінді топқа қосу.
Талай талантты балалардың шығармашылығын шыңдаған балалар өнер мектебі дарынды оқушыларды тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп келеді. Олардың жеткен жетістіктері мен толағай табыстары жетерлік.
Өнерлі өрендермен жұмыс жасап келе жатқан ұжымның алдына қойған басты мақсаты — балалардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру, қазақ халқының, соның ішінде өз өлкеміздің өзіне тән музыкалық ерекшелігін бойына сіңіріп, ұлттық аспаптардың қыр-сырын меңгерту. Бұл ретте ұжымдағы ұлағатты ұстаздар мақсат үддесінен шығып келеді. Өнер ордасындағы балалар санының жылдан жылға арта түсуі – дәл соның айғағындай.
Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің директоры Нұрлан Байділдаев:
-Біздің мектеп – өнер айдынындағы үлкен кеме. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, мұнда ұстаздар мен шәкірттердің жүрегі бір арнада үндесіп, музыка әлемінің сиқырлы саз сырының тереңіне үңіледі. Мұғалімдеріміз еңбек жолында әр мамандық бойынша жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Соның арқасында дарынды балалар білімін жан-жақты кеңейтіп, қазақтың қос ішекті киелі домбырасының құдіретін сезініп, биік белестерді бағындырып жүр. Мектептің жылдық жұмыс жоспарына сәйкес әр тоқсанды қорытындылау барысында техникалық сынақтар, академиялық концерттер, баяндама, ашық сабақтар өткізу арқылы оқушылардың еңбегі бағаланып, үлгерімі қадағаланады,- деді.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»