Мемлекеттік қызмет-халық сенімінің тірегі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым халыққа адал қызмет ететін, кәсіби білікті әрі жауапты мемлекеттік аппарат қалыптастырудың маңыздылығын атап келеді. Бүгінде мемлекеттік қызмет – ел дамуының негізгі тіректерінің бірі. Мемлекеттік қызметші-халық пен биліктің арасындағы алтын көпір, елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлес қосатын маңызды тұлға.
Сарысу ауданында мемлекеттік қызметшілер ауданның өркендеуі жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік нысандар салу, тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін шешу бағытындағы жүйелі жұмыстар – мемлекеттік қызметшілердің күнделікті еңбегінің нәтижесі.
Мемлекеттік қызмет саласында еңбек ету – үлкен жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап етеді.
Полиция қызметі – батылдықты, төзімділікті, кәсіби дайындықты және Отанға деген адалдықты талап ететін абыройлы мамандық. Қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында атқарып жүрген еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Сот, полиция, жергілікті атқарушы органдар Мемлекеттік қызмет болып табылады. Мемлекеттік қызметші-биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсететін күрделі де, үлкен жауапкершілікті талап ететін мәртебелі мамандық. Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет. Дамыған мемлекет тек қана тиімді және кәсіби мемлекеттік қызмет негізінде құрылады. Қазіргі жаңа жаһандану заманы, жаңа технологиялар, қоғамның өскелең талабы мемлекеттік қызметтің қарқынды дамуын талап етеді.
Осы аптаның сейсенбісі күні аудандық мәдениет үйінде 23 маусым – ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің күні, Полиция күні және 24 маусым -Судья және сот қызметкерінің кәсіби мерекесіне арналған «Елге қызмет-абыройлы міндет» атты салтанатты жиын өтті. Салтанатты шара Мемлекеттік Гимнмен ашылды. Үш бірдей кәсіби маман иелеріне арналған шараға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарының жұмыстары елмен тығыз байланысты екенін айтып, қажымас қайрат, зор денсаулық, жұмыстарына табыс тіледі. Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Оразбайұлы да ізгі тілектерін жолдады.
Өз саласының үздігі атанған бірқатар қызметкерлер Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен, «Ауданға сіңірген еңбегі үшін!» төсбелгісімен, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және аудандық полиция бөлімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, эстрада жұлдызы Мөлдір Әуелбекова барша сарысулықтарға әннен шашу шашса, аудандық мәдениет үйінің әншілері әуелете ән шырқап, «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымы түрлі билерімен шараның көркін кіргізді.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»