Өмір мен үміттің күзетінде

0

Медицина қызметкерлері күні – адам өмірін арашалап, тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі. Бұл мереке өз өмірін өзгелердің саулығына арнаған медицина қызметкерлерінің жауапты да абыройлы қызметін айқындайтын ерекше күн.
Жаңатас қаласы мен Сарысу ауданы аумағында жедел медициналық жәрдем қызметі бүгінде Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының құрамында жұмыс істейді. 2018 жылдың шілде айынан бастап ұжым облыстық жүйеге біріктіріліп, бірыңғай шұғыл медициналық көмек көрсету стандарттары негізінде халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Жедел медициналық жәрдем бөлімі тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Қазіргі таңда мұнда 4 жедел жәрдем бригадасы қызмет атқарады, оның 1 бригадасы Саудакент ауылында орналасқан. Ұжым құрамында 39 фельдшер, 18 жүргізуші және 4 тазалықшы еңбек етіп, аудан тұрғындарының денсаулығын қорғауға күн сайын үлес қосуда.
Аудан аумағының кеңдігіне байланысты жедел жәрдем қызметі тек қала ішінде ғана емес, ауылдық елді мекендерге, шалғай шаруашылықтарға, фазендаларға дейін жетеді. Сонымен қатар бригадалар стратегиялық маңызы бар негізгі жол бағыттарында да қызмет көрсетеді: Жаңатас–Шымкент, Жаңатас–Тараз, Байқадам–Шолаққорған және Жаңатас–Байқадам бағыттары. Тәулігіне орта есеппен 40–50 шақырту түседі, әрқайсысы адам өмірімен тікелей байланысты жауапты сәт болып табылады.
Жедел жәрдем бригадалары толық жабдықталған санитарлық көліктермен қамтамасыз етіліп, кез келген шұғыл жағдайға дайын тұрады. Жол-көлік оқиғалары, кенеттен туындаған сырқаттар мен түрлі төтенше жағдайларда алғашқы медициналық көмекті дер кезінде көрсету – олардың күнделікті міндеті. Бұл қызмет жоғары кәсіби біліктілікті, жылдам шешім қабылдауды және үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Бұл ұжымның тарихында есімі ерекше құрметпен аталатын ардагер маман – Булегенова Айткүл Рысбекқызы. Ол Жедел медициналық жәрдем қауымдастығының «Үздік қызметкері», Жамбыл облысы денсаулық сақтау саласының еңбек ардагері, Сарысу ауданының құрметті ардагері, кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін төсбелгі иегері.
Айткүл Рысбекқызы еңбек жолын 1980 жылы Жаңатас қаласы жедел медициналық жәрдем бөлімінде фельдшер болып бастаған. 1982 жылдан бастап аға фельдшер қызметін атқарып, бір ұжымда 46 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келеді.
Сонымен қатар ол 2010–2022 жылдары Сарысу аудандық орталық ауруханасының кәсіподақ бастауыш ұйымының төрайымы қызметін атқарып, ұжымдағы әлеуметтік-қоғамдық жұмыстардың дамуына және медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға белсене атсалысты.
Осы жылдар ішінде ол талай жас маманға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесін үйретіп, кәсіби қалыптасуына ықпал еткен тәжірибелі ұстазға айналды. Бүгінде бөлімдегі жоғары санатты фельдшерлердің қалыптасуына да оның еңбегі ерекше.
Жедел жәрдем қызметінің ең үлкен бағасы – халықтың сенімі мен алғысы. Мүмкіндігі шектеулі қала тұрғыны Шоқпарова Жанар Сүйіндікқызы өз ризашылығын білдіріп, әр шақыртуға дер кезінде келіп, кәсіби әрі жанашырлықпен көмек көрсететін медицина қызметкерлерінің еңбегіне шынайы алғысын жеткізеді.
Өмір мен үміттің арасындағы әрбір сәтте жедел жәрдем қызметкерлері адам тағдыры үшін күресіп келеді. Бір қоңырау – бір үміт, ал сол үмітті ақтап жүрген жандардың еңбегі әрдайым ел жадында сақталады.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.