Шынайы шындық шырақшылары

0

Елімізде жыл сайын 28 маусым күні-Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні аталып өтетіндігі белгілі. Негізінен журналистиканың халыққа тек сан алуан ақпаратты жеткізуші құрал ғана емес, кәсіби шеберлікті, жан-жақты білімділікті, мәдениеттілікті талап ететін мамандық екенін ерекше атап өткен жөн.

Бұл орайда, бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің еңбегі өте күрделі әрі қиын екенін, сондай-ақ олардың өткір ой-пікірлері қоғамды алға жетелеуші күш, азаматтарымызға ат салатын пәрменді құрал екендігін де айту өте орынды. Баспасөз беттерінде тек қана журналистердің емес, қоғам қайраткерлерінің, озық ойлы азаматтардың, алуан түрлі мамандық иелерінің салауатты да салиқалы материалдары қоғам мүшелерінің санасын жаңғыртуға, пікірлерінің ұшталуына, белгілі дәрежеде көзқарастарына ықпал ететіндігіне күмән келтіре алмаймыз. Рухани, адамгершілік құндылықтардың оң бағытта дамуына серпін беретіндігі де ақиқат. Әлемдік тұрғыдан қарағанда адамзат баласы қазіргі таңда үлкен саяси ахуалды, қоғамдық өзгерістерді, түрлі аймақтарда әскери қақтығыстарды, әсіресе діни радикализм өкілдерінің іштен іріткі салудың құйтырқы әрекеттерін, т.б. жайттарды бас­тан кешуде. Былайша айтқанда, біздің еліміз де осындай, керқайсаң, қоғамның оң қозғалысына бақайтартпалық көлеңкелі әрекеттердің ықпалынан тыс қалып отырған жоқ. Осы орайда өткір ойлы қалам қайраткерлері өздерінің интеллектуалдық күш-қуатпен қаруланған сөздерін халыққа арнайды.
Бұлардан тыс баспасөздің белсенді қызметкерлері өз аймақтарындағы елеулі оқиғаларды, ауыл, аудан, т.б. аймақтардың, әлеуметтік-экономикалық жаңалықтарын халыққа жедел жеткізіп отыратын елгезектігімен оқырмандар есінде сақталатыны шындық.
Еліміздің, аймақтардың саяси-экономикалық даму, қоғамның рухани жаңғыруы жолындағы жетістіктері мен түйткілді мәселелері журналистер қауымының назарынан ешқашан да тыс қалмайтынын ерекше атап өткен жөн.
Қазіргі таңда оқырмандарды қызықтыратын материалдарды баспасөз бетінде жиі жариялап отыру да өзекті мәселелердің бірі екені рас. Жасыратыны жоқ, қазіргі оқырманның басым бөлігі бүгінде тиесілі ақпараттарды ұялы телефоннан, гаджеттен, интернеттен тез тауып алатын дәрежеге жетті. Сондықтан да бұрында жүз мыңдап шығатын газет-журналдардың таралымы күрт төмендеп кетті. Мысалы 200-300 мыңдап шығатын «Балдырған» журналы бүгінде небәрі бес мыңмен, жарты миллион тиражбен шығатын «Қазақстан әйелдері» де әлгіндей деңгейге түсті. Облыстық «Ақ жол» 7500-ге жетер-жетпес. Республикалық газет-журналдардың таралымы да мүлдем құлдырағаны шындық.
Мысалы, кезінде «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») газеті 250-300 мың данамен шығатын. Сол жастар газеттінің ықпалы ел арасында орасан зор болды. Әріптес, курстас, кейіннен белгілі жазушы болған Құрманғазы Мұстафиннің «Қасиет торыған қарақшы» деген өткір мақаласы басылды. Онда талай азаматтың түбіне жеткен, өмірін талқандаған, отбасының шырқын бұзып, жас шаңырақтарды құлатқан әзәзіл арақтың кесірі туралы жазылған еді. Сонда осы мақалаға республикамыздың түкпір-түкпірінен сан мыңдаған хаттар легі редакцияға ақтарылды. Бір емес, бірнеше газет беттерінде жарияланған пікірлер тасқыны редакция қызметкерлеріне біраз салмақ салған. Қоғамдағы өткір мәселені көтерген мақала жастар арасында, ел арасында зор дүмпу туғызған болатын.
Сол Қазақ мемлекеттік университетінде үшінші курс-тан бастап оқи бергенде мені 1964 жылы әскерге алып кетті. 1967 жылы үш жылымды өтеп, университеттегі оқуымды қайта жалғадым. Шерхан Мұртазаның газетке редактор болып жүрген кезі. Мен де әскерден келе өнер туралы эсселерімді бірінен соң бірін сол жастар газетіне жариялай бастадым. Үш жүз мыңға жуық дана газет бүкіл республикаға кеңінен таралатын. Ол заманда бүгінгідей басылым саны жоққа тән. Егер бір әңгімең не бір өлеңің, өткір мақалаң шықса, сенің аты-жөнің сол сәтте-ақ танымал болатын.
Үшінші курстың орта кезінде мен студенттер арасында кездесетін үлкен келеңсіздіктерді тілге тиек етіп, «О-ғып, бұ-ғып, бұқпантайлап жүріп» атты өткір, проблемалық мақала жарияладым. Шерхан ағай бұл дүниемді газеттің тура бірінші бетінің астыңғы тұсына көлдей қылып, «айқайлатып» жариялады. Міне, осы мақала студенттер арасында үлкен пікірталас тудырды. Редакцияға хаттар ағылды. Университет басшылығы үлкен акт залында талқылау өткізді. Профессор Темірғали Нұртазин мен профессор, әдебиетші ғалым, Кеңес одағынының батыры Мәлік Ғабдуллин мені кездестіріп, ризалық сезімдерін білдірді. Артынша Абай атындағы педагогикалық институтта да үлкен талқылау өткізуге мұрындық болды. Газет бетінде көптеген студенттердің пікірлері жарияланды. Барлығы бір ауыздан Әшірәлі секілді студенттердің өз буларына өздері мас болып, білім орнына қызық қуып, ата-анасы жіберген ақшаны кафе мен ресторанға жұмсап, кітапхана бетін ашпай, сессия алдында таныс-тамыр жағалап, өлексе, «үштік» алу үшін не құйтырқы әрекетке баратындарын әшкерелеген еді.
Жасыратыны жоқ, бүгінде бұндай өткір проблемалық мақалаларға басылымдар онша ықыласты емес, қазір фельетон деген жанр мүлдем айналыстан шықты. Кезінде аудандық газеттердің өздері «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме!» деген сияқты өткір әжуа бұрыштары болатын. Сын тезіне ілінген азамат қызметте болса, орнынан босайтын. Партиялық қатаң жазаға тартылатын.
Ал бүгінде заман басқа. Жеке басқа байланысты материал жарық көрсе, авторы рухани, тіпті тәндік қыспаққа ұшырау қаупі бар екені жасырын емес. Журналистік сипай қамшылауға шамданып, кек тұтынушылар баршылық.
Қазіргі таңда басылымдардың тәуелсізі де, тәуелсіз емесі де оқырмандарды қызықтырудың бар амалын жасап келеді. БАҚ саласындағы мемлекеттік тапсырыс ісіне, меніңше, өзгеріс жасау керек-ақ. Олар көбіне ақша беріп отырған биліктің аузына қарайды. Ресми ақпараттар тасқыны оқырмандар үшін еш қызықсыз. Сараптама мақалаларды дамыту керек сияқты. Бұл орайда газеттер ақпарат тарату жағынан сайттарға, әлеуметтік желілер жағымен салыстырғанда көп ақсап жататыны ащы шындық.
Қалай десек те, қандай заман, қандай жағдай болса да журналистер қауымының негізгі кәсіби міндеті-тек ақиқатты халыққа жеткізу ғой, олар халқымыздың үнін, жүрекжарды сөзін басты қару етіп ұстана беретін тұлғалар. Құрметті «Сарысу» газетінің ұжымы! Мерекелеріңіз құтты болсын, жазарман қауым, жедел қалам иелері, шынайы шындық шырақшылары.

Пернебай Дүйсенбин, жазушы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.