ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

0

Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдан бастап ел күнтізбесінде жаңа мемлекеттік мерекелер пайда болды. Солардың бірі ел аумағы мен оның тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери күштердің – Отан қорғаушылардың кәсіби мерекесі.

7 мамыр – Қазақстан Республикасында Отан қорғаушылар күні атап өтілді – бұл ерлік, батырлық және ар-намыстың мерекесі. Осы айтулы күні аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Іс-шараға аудан тұрғындары, қорғаныс саласында еңбек етіп жүрген азаматтар мен ардагерлер қатысты.
Жиын мемлекеттік әнұранмен басталды.
Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтады:
— Бұл мереке – батырлықтың, отансүйгіштіктің мерекесі. Халқымыз елінің, жерінің қорғаны болған батырларын ерекше ардақтап, құрмет тұтқан. Елдегі әскери күшіміздің мығым болуы үшін көптеген жұмыс атқарылуда.
Ел мен жердің, қоғамның және әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігін, сүйікті Отанымыздың тыныштығын қорғап жүрген еліміздің ер азаматтарын құрметтейтін күн.
Дана халқымыз «Ер – елінің қорғаны» десе, Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген сөздері ел намысын өз тағдырынан әрқашан жоғары қоятынын көрсетеді. Туған жері мен Отанын қорғау – батыр бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы екендігін ұмытпаған жөн, — деп еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс білдірді. Сонымен қатар, бірқатар сала мамандарына «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Одан кейін аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков еселі еңбек етіп жүрген азаматтарға аудандық мәслихат төрағасының Құрмет грамоталарын және Алғыс хаттарын тапсырды.
Бұл — ерлік пен елдікке, Отанға адал қызмет еткен азаматтарға деген тағзым күні. Сарбаз болып сапқа тұрған, ел қорғаны болған азаматтарымыздың ерлігі мен қайсарлығы қашанда құрметке лайық.
Рухты оятып, Отаншылдықты дәріптеген мерекеде өнерпаздар патриоттық әндерден шашу шашып, театрландырылған қойылымдар қойып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Отанды қорғау — қашанда қасиетті де қастерлі ұғым болған. Отан қорғаушылар күні Отанымыздың тыныштығын қорғап жүрген ерлерімізді ұлықтайтын күн. Бұл мереке батырлық пен ерліктің, шыдамдылық пен төзімділіктің мерекесі. Біз туған жерімізді ерлікпен қорғаған және қорғайтын азаматтарымызға, әскери борышын өтеушілерге әрқашан құрметпен қараймыз. Қарулы Күштеріміздің қуаты нығайып, айбыны асқақтап, даңқы арта берсін. Аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз баянды болсын.
Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тіршілігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған намысты ерлердің айбыны арта берсін.
Отыз төрт жылда әскеріміз нығайып, еліміздің Тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын, халқымыздың қауіпсіздігі мен бейбіт өмірін қорғай алатын іргелі күшке айналды.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.