Ер есімі – ел есінде!

0

Ол 1926 жылы 5 мамырда Сарыарқа даласындағы, Жаңаарқа ауданының Мұңлы-Құлы аумағында, Көкорай шалғын жайлауда дүниеге келді. 1928 жылдан бастап елдің байлары, басшылары қуғынға түсіп, малы тәркіленгені тарихтан белгілі. Сол тұста Созақ көтерілісінің басшылары есебінде «Жөгінің төрт қасқыры» атанған Жантөре, Сарыбас, Исатай, Ақберген, олардың балалары, жақын туыстарының үстінен іс қозғалып «халық жауы» деген айып тағылып, көбі сотталып, атылып кеткен. Қуғын-сүргін кезеңінде халықтың бас көтерерлерінің бірі Ерсейт Баймаханов Жаңаарық артелінің ұйымдастырылуында мал фермасының басшысы болған.
Рахыжан Ерсейітовтың балалық шағы сол бір сүреңсіз жылдармен тұспа-тұс келді. Үшбас және Мирзаян елді мекенінде білім алып, жетіле бастаған кезінде Ұлы Отан соғысы басталып, жаңа ұйымдасқан артельдегі азаматтар тайлы-таяғымен майдан даласына аттанады. Ал Рахаң 1944 жылдың қыркүйек айынан 1945 жылдың ақпан айына дейін 4 ауылдың орталығында ашылған мектепте мұғалім болған. Жасы жетпесе де ақпан айынан әскер қатарына шақырылып, «Отан үшін жан пида» деп от пен оқтың ортасында ерліктің ерен үлгісін көрсетеді. 1950 жылдың қазан айында елге келісімен еңбекке араласып, қай салада болсын халықтың алғысына кенеледі.
«Сарысу – туған өлкем, Талас – өскен өлкем» — деп, елінің ардақтысы болу бақытына ие болған ер егер тірі болғанда 2026 жылы 100 жасқа келер еді. Дейтұрғанмен айтулы азаматтың соңында өшпес ізі, өнегелі ісі қалды.
«Жақсы ай мен күндей, әлемге бірдей» дейді халық даналығы. Осы орайда арда азамат туралы тұғыры биік тұлғалардың, қатар еңбек еткен замандастарының айтқан жылы лебіздері көңілге қуаныш ұялатады. Ерен еңбекті бағалау осындай оң көзқараспен сабақтасып жатса бір ғанибет емес пе? Елімізді ширек ғасыр уақыт басқарып, халықтың шынайы сүйіспеншілігіне бөленіп өткен кемеңгер көшбасшы Дінмұхамед Қонаев көзі тірісінде «Жалпақ жатқан Қазақстан – менің туған елім, туған далам, бұған ешкімнің де дауы жоқ шығар. Ал, Талас ауданы – менің туыстарымның туған жері екенін маған білдірген азамат Рахыжан Ерсейтовке мың да бір алғыс» деген екен.
Ал көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов 1965-1970 жылдары Жамбыл облысының бірінші хатшысы Бименді Садуақасов туралы сөз саптай келе «Ол кісі танитын азамат қой. Талас ауданының өркендеп өсуіне, дамуына мол еңбек етіп, абыройға бөленген Ерсейтов Рахыжанды қалай тапқан, Рахыжанға мың рахмет!» – деп ізгі лебізін арнапты.
Халқымыздың даңқты перзенттерінің бірі Бәйкен Әшімов те «Өркенің өссін, қарағым! Сіздей азаматы бар Әулие ата жері, тағылымды Талас елі басшыға кенде емес екен. Сіздей азаматтан тәрбие алған жігіттер де елінің еңсесін түсірмес» деп зор сенім білдірген.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Ниязбеков болса «Қарағым, ісіңе қарап, сөзіңе мән беріп, өмірден мол тәжірибе жиған, текті жердің азаматы екенсің. Өмір жасың ұзақ, халқыңның қадірлісі бол, қарағым!» — деп ақ батасын беріпті.
Өңірдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Хасан Бектұрғанов та «Рахыжан Ерсейтов – ұзақ жылдар бойы Компартияның қатал сындарынан мүдірмей өткен қайсар жауынгер. Елі үшін өзінің жанын да аямағанын қан майданда дәлелдеген. Ел мүддесін әр уақытта өзінен жоғары ұстай білген, іскер басшыларының бірі болған» депті.
Есімі елге елеулі тұлға Берден Байқошқаров – «Рахаң жиырма жылдан аса уақыт менің туған елімді басқарып, жерімді гүлдетіп, елімді көркейтіп, азаматтарын ардақтап, Таластан шыққан 56 Социалистік Еңбек Ерінің аттарын әлемге әйгіледі.
Мұншама Еңбек Ері бар аудан Қазақстан тұрмақ, Совет Одағында болмағандығын, Рахаң жаһанға жар сала жеткізіп, оларды құрметпен абыройға бөледі. Менің туған елімді, асыл азаматтың басқарып, жерімді гүлдетіп, елімнің абыройын асырып, елдің сүйікті басшысы болып, іскер кадрларды шыңдап, ақыл беріп, оларға ұстаздық етіп тәрбиеледі. Олар облысымызға танымал болғандар: Тамабек Картабаев, Қошқарбай Шілібеков, Бекзада Оразбекова, Ералы Дадабаев, Амангелді Омаров, Кәдірбек Төлбаев, Балтабай Бекежанов, Тынысбек Сейдуанов, Базар Тәттібаев, Байұзақ Көпбайұлы, Сұлтан Әмірбеков, Есенаман Байселеуов, Рысбай Дәулетов, Ескендір Беркінбаев, тағы басқаларды тәрбиелеп өсірді. Тамаша бір қасиеті – еңбек адамының әсіресе малшы қауымының еңбегін жоғары бағалай білді» деп лайықты баға берді.
Расында да Рахыжан Ерсейтовтің Таластан шыққан батырларды дәріптеудегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол туралы мемлекеттік қызметтің ардагері, қоғам қайраткері Батырбек Құлекеев «Рахаңның бастамасымен істелінгендей жұмыстарды еш жерде көре алмадым. Аудандағы 56 Социалистік Еңбек Ері мен 2 Совет Одағының Батырының атындағы аллеяны ашып, аудан халқының құрметті, тұлғалы Ұстазына айналды!» деп турасын айтты.
Сол сияқты кезінде Талас, Сарысу аудандарының әкімі болған, бүгінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты қызметін атқаратын Бекболат Орынбеков «Рахыжан Ерсейтов барға тасымаған, жоққа жасымаған жан! Оның өмірлік ұстанымы – адалдықпен еңбек ету. Бұл – екі адамның біріне беріле бермейтін, екі азаматтың бірінің қолынан келе бермейтін асыл қасиет» – деген екен.
Рахыжан Ерсейтов туралы жазылған естеліктер де, мақалалар да аз емес. Олардың көбі мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрді де. Сондай жүрекке жылы тиетін жазбаның бірін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев «Өмірін өңірінің өсіп-өркендеуіне арнаған» тақырыбымен «AQ JOL» газетінде жариялаған болатын. Өз мақаласында автор былай деп жазады:
«Рахаңның балалық шағы 1930-1932 жылдардағы нақақтан жасалған босқындық пен ашаршылық, саяси қуғын-сүргінді көрумен есінде қалды. Арқадан Қаратау сілемдеріне қарай қақаған қыс ішінде еріксіз қоныс аударған, шұбыра көшкен жұртпен бірге жас сәби де небір қиындықтарды басынан өткізді. Өзбекстан асып кетіп, одан анасы Рымжанның жанкештілігімен бірнеше рет өлім аузынан аман қалады. 1935 жылы Сарысу ауданының Үшбас, Қаратас ауылдарына жетіп, әке-шешесі осында ағайын-туыстарымен бірге колхозға мүше болып кіреді. 1937 жылы Үшбас бастауыш мектебіне барып, Ұлы Отан соғысы басталып кеткен соң, Байқадамдағы орта мектепті бітіре алмай, еңбек жолын 1944 жылы Жаңаарқа ауылындағы орталау мектебінде мұғалім болып бастаған.
1945 жылдың қаңтар айында әскер қатарына шақырылып, соғысып жатқан Орал әскери округінің 374-атқыштар полкінде атқыш болып, Ұлы Отан соғысына қатысып, сол жылы мамыр айында Жеңісті Румыния жерінде қарсы алыпты. 1945 жылы соғыс аяқталғанымен, әлі де соғыс өрті басылмағандықтан, Оңтүстік және Киев әскери округтеріне қарасты әскери бөлімдерде, туған жерден жырақта, 1950 жылға дейін әскер қатарында болған. Украинаны, Еуропаның Румыния, Венгрия, Чехословакия мемлекеттерін неміс фашистерінен азат ету шайқастарына қатысқан.
Әскери борышын абыроймен орындағаннан соң, елде еңбек жолын қайта жалғастырады. Алғашында Жон ауылдық кеңесінің оқу үйінің меңгерушісі, одан соң осы ауылдық кеңес атқару комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады. 1952 жылдан бастап Сарысу аудандық кеңесі атқару комитетінің нұсқаушысы, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің насихатшысы қызметтерінде болады.
1955 жылдың тамыз айында республикалық жоғары партия мектебіне оқуға жіберіліп, оны 1959 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. 1959 жылдан 1961 жылға дейін Сарысу аудандық партия комитетінің саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, Калинин атындағы совхоз партия ұйымының хатшысы, аудандық Советі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.
Ал 1963 жылы Талас, Сарысу аудандары біріктірілген кезде Талас аудандық мәдениет бөлімін басқаруға жіберілді. 1965 жылдың қаңтар айынан ол қайтадан партия жұмысына жіберіліп, «Байқадам» совхозы партком секретарі, Жамбыл облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі болды. Облыс басшысының көмекшісі болған жылдары ол 1963 жылы солақай саясат салдарынан Талас ауданының құрамына қосылған Сарысу ауданының өз алдына қайта шаңырақ көтеруіне үлкен еңбек сіңірді. 1967 жылы Талас аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына, 1978 жылдың қаңтар айында Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Талас ауданында ширек ғасырға жуық қызмет етіп, ауданның мәдени-әлеуметтік жағынан өркендеп, экономикасының нығаюына зор үлес қосты.
37 жыл бойы үздіксіз партия, кеңес қызметтерінде болып, саналы өмірін халыққа қызмет етуге арнап, республикалық мәндегі зейнеткер болды, Екінші дәрежелі «Отан соғысы», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, 17 медальмен марапатталды. 1950-1586 жылдар аралығында ауылдық, аудандық, облыстық кеңестердің бірнеше мәрте депутаты, аудандық, облыстық партия комитеттерінің мүшесі, Қазақстан Компартиясы ХІV, ХV съездерінің делегаты болып сайланды.
Облысымыздың өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан айтулы азамат, іскер басшы, білікті ұйымдастырушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Рахыжан Ерсейтов саналы ғұмырын туған өңірінің өсіп-өркендеуіне арнады. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын Рахыжан ағамыз Талас ауданын басқарған жылдары артында айтулы істер қалдырды. Ауыл шаруашылығының жаңа қарқынмен дамуына айрықша еңбек сіңірді. Жүздеген жас маман кадрларды тәрбиеледі. Ауданның әрбір ауылынан орталыққа қатынайтын асфальт жолдар, ауруханалар, мектептер, мәдениет үйлері, сауда дүкендері мен моншалар, зәулім кеңселер салынды.
Осы арада менің ойыма айрықша есімде қалған бір оқиға оралып отыр. 1988 жылы Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүрген кезімде ауданның 60 жылдық мерейтойын өткіздік. Сол салтанатқа ауданнан түлеп ұшқан айтулы азаматтар Айтбай Назарбеков, Ұзақбай Сыздықбаев, Алдаберген Сәрсенбаев және Рахыжан Ерсейтов қатысып, тойымыздың төрінде отырып аталы, баталы сөздерін айтқаны әлі есімде. Рахаң сөзді тауып айтатын, шешен кісі еді ғой. Аудан басқаруға енді кірісіп жатқан бізге қолдау көрсетіп, ізденістеріміз бен бастамаларымызға оң бағасын беріп отырды. Туған аудандарына деген жанашырлықтарын өздерінің парасатты ақыл-кеңестерімен, ізгі тілектерімен білдіріп, біздерге, жас басшыларға, қолдау көрсеткендері бүгінгідей көз алдымда».
Бағамдап қарасақ, уақыт әр нәрсенің өз әділ бағасын береді. Рахыжан Ерсейтов туралы да тағылымды сөздердің тізбектелуі осы ойымызды нықтай түсетіндей. Қайраткердің туғанына 100 жыл толуына әрі Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай мен де ел-жұрттың жылы лебізін жинақтай отырып, осы дүниені жарыққа шығарғым келді. «Ер есімі- ел есінде» деген. Лайым, ел үшін туған ерлерді ардақтай жүрейік.

Жұмашбек Әділбекұлы,
тыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы,
Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің үздігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.