Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың аудан жұртшылығын 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтауы

0

Барша Сарысу ауданы жұртшылығын ұрпағына ұран болған Ұлы Отан соғысындағы 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Жеңіс күні мерекесі шын мәнінде өлшеусіз даңқтың, өшпес қаһармандық ерліктің, халқымыздың шексіз де, мұқалмас қайратының мерекесі. Өйткені, Ұлы Жеңіс күні – төрткүл дүниедегі бейбітшілік пен бостандықты сүйгіш барша адамзат баласына қуаныш сыйлаған мереке.
Бұл 1418 күнге созылған сұрапыл соғыстың соңғы нүктесі қойылған ұлы мереке. Сондықтан да, бұл тарихи Жеңістің мәні биік, мәртебесі жоғары! Биыл Ұлы Отан соғысындағы сол ерлікке толы Ұлы Жеңіске 81 жыл толып отыр!
Биылғы Ұлы Жеңіс күні ел мүддесін айқындаған, мемлекет болашағын болжаған – жаңа стратегиялық бағыттарға негізделген Ата Заңымыз қабылданған жылы аталып өткелі отыр.
Ұлы Отан соғысының қайталанбас таразысы – өткен соғыс отының алаулаған тарихы мен оны жаңғыртып отырған бүгінгі ұрпақ пен қастерлі Уақыт!
Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласына аттанған әрбір жауынгерлер соғыс тағдырында шешуші орынға ие болған Мәскеу, Сталинград, Ленинград түбіндегі, Курск доғасында, Днепрден өту кезіндегі, Украина, Белоруссия мен Европа елдерін азат етумен қатар, Берлинді алу барысындағы сұрапыл шайқастарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деп тынбай еңбек еткен тыл еңбеккерлері майдандағы жауынгерлерді азық-түлікпен, жылы киіммен қамтамасыз етудегі еселі еңбегімен Жеңіс күнінің жақындай түсуіне сүбелі үлес қосқаны төл тарихымыздан аян.
Жеңіс туын желбіретуде сарысулық жауынгерлердің де үлесі зор. Әрқашан сол есімдерді кейінгі буын жастарға үлгі-өнеге ету біздің парызымыз! Өкінішке орай, бүгінде ортамызда көзі тірі бірде-бір Жеңіс солдаты қалмады.
Әрине, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс халқымыз үшін оңайға түскен жоқ. Жүрекке батары, ел шетіне жау келгенде қолына қару алып майданға аттанған мыңдаған жерлестерімізге туған жердің топырағы бұйырмады. Ал, соғыстан елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде де ерен еңбектің туын көтерген аға буын өкілдерінің есімдерін біз әрқашан мақтанышпен айтуымыз керек. Сол ардагер ағаларымыз – бүгінгі ұрпақ өкілдеріне тәрбие мен тағылымның жолын көрсетіп, адалдықтың ізін салды. Олардың есімдерін мәңгі есте сақтау үшін олардың аттарына әр ауылдан көше аттары берілген. Сондай-ақ, ауданымыздың барлық ауылдарында майдан даласынан оралмаған жауынгерлерімізге арналған обелисклер мен «мәңгі от» алауы бар.
9-шы мамыр мерекесі күні сол қасиетті орындарға жиналып, ұлы ерлікке тағы да тағзым етіп, гүл шоқтарын қою дәстүрі берік орныққан. Сонымен қатар, бұл күні барлық елді мекендерде мәдени және спорттық шаралар өтеді.
Ең бастысы – сұрапыл соғыста Жеңіс туын көтерген әрбір жауынгерлердің ерліктеріне тағзым ету арқылы біз Тәуелсіз еліміздің жастарының бойында майдан даласында қаза тапқан әрбір солдаттың есіміне құрмет көрсету мен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру болып табылады. Ал, құны қымбат, бағасы биік, ерлігі ұрпаққа үлгі болған Жеңіс солдаттарының есімдерін мәңгі есте сақтап, рухтарына тағзым ету бүгінгі ұрпақтың – асыл парызы, өтелмес қарызы!
Барша аудан жұртшылығын Ұлы Жеңіс күні мерекесімен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін!
Аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз баянды болсын!
Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.