Аудан әкімі С.Мамытовтың 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған құттықтау сөзі

0

Құрметті аудан тұрғындары!
Қымбатты балалар!
Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаздың бірінші күніне дәл келетін балаларды қорғау күні – халықаралық мерекелердің бірі, оны бүкіл әлемде атап өтеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен балалардың құқықтарын, өмірі мен денсаулығын қорғауды басымды бағыты деп жариялады.
Қай халықтың болмасын елдігін, салт- дәстүрін, ата- мекенін болашаққа апаратын бүгінгі жас ұрпағы. Дүниеде баладан асыл, сәбидің күлкісінен қымбат қазына жоқ. Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Бүгінгі таңда елімізде балалардың алаңсыз білім алуына, бақытты балалық кезеңдерін өткізуге барлық жағдай жасалып келеді. Балаға тәрбие беретін ең алдымен оның ата-анасы болса, екінші, тәрбиемен қоса білім беретін балабақша, мектеп және оның өскен ортасы. Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Иә, қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Өйткені, өскелең ұрпақ елдің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтары. Бар жақсылығын балаларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі, саналы болып ержетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын.
Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де кемел болуы рухы асқақ, өресі биік білімді де талантты ұрпақ қолында. Кішкентай да болса, үлкеннің назарын өзіне аударған балдырғандарымыздың риясыз күлкісіне бөлене берейік.
Ауданымызда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жүйелі жұмыстар жасалуда. Биылғы маусымда жазғы лагерьге 7136 оқушыны қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, мектеп жанындағы лагерьде ыстық тамақпен 26 мектептен 831 бала қамтылады. Қала сыртындағы лагерь бойынша Жуалы ауданы «Тау Самалы» лагеріне 550 бала барады деп күтілуде. Аталған қала сыртындағы лагерьге І лекке 330 баланы ағымдағы жылдың 05 маусым күніне апару жоспарлануда. Сондай-ақ, білім бөліміне қарасты Жаңатас және Саудакент аула клубтары тарапынан ағымдағы жылдың маусым — тамыз аралығында — әр айға 100 баладан, 300 бала жазғы лагерьге кезең-кезеңімен қамтылады. Бұл балалар үшін жасалып жатқан зор мүмкіндік деп білемін.
Қымбатты жас достар!
Жас өрендер мен балдырғандарды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтай отырып, болашақтарыңыз жарқын, аспандарыңыз ашық, елімізді өркендетер, келешектің кемеңгері болыңыздар демекпін.
Сіздерге мықты денсаулық, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тілеймін. Жазғы демалыстарыңыздың қызықты өтуіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.