АУДАН ӘКІМІ СӘКЕН МАМЫТОВТЫҢ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен сала ардагерлері.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі күні еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғамның құрамдас бөлшегі ретінде билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы болып келеді. Газет, теледидар, интернет кеңістігі-уақыт айнасы. Ол арқылы күн сайын тың деректер алып, мемлекетіміздің дамуын біліп отырамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: — Журналист-ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы, деп журналистерге жоғары баға берген. Ақпарат майданында толық әрі жылдам мәліметтерді бұқарамен бөлісу, басты мақсат болып табылады.
Бүгінде ауданымызда өлкемізбен тамырлас «Sarysý» газеті оқырмандарға ой оралымдар мен мәселелерді жеткізіп отырған басылым. Тарихы сонау 1937 жылы «Социалистік шаруа» атауымен басталған басылым, бүгінге дейін талай қарымды қаламгерлер мен дарынды журналистерді түлеп ұшырды. Бүгінде төлбасылымның оқырмандар саны артып келеді.
Ауданымыздан шыққан жазушылар Төкен Мақашев, Балтабай Адамбаев, Ескермес Ескендіров, Болатбек Төлепберген, Дулат Шалқарбаев, Әлсейіт Әлмен, Құдайберген Мәмбетов, Жамалбек Өзбековтер қаламынан тағылымды дүниелер туып, маңызды мақалалар мен көкейкесті ойларды тартымды жеткізуде сіңірген еңбектері мол. Ал, Пернебай Дүйсенбин, Бергентай Нұрмаханұлы, Жаңабай Миллионов, Амангелді Әбіл, Темірлан Әбілдаев, Диханбай Ақділдалар бүгінде өзекті мәселелермен қатар, өміршең туындыларды жазып жүр. Бүгінде Жанна Жетенова басқарып отырған газет ұжымы сансыз ақпарларды сараптап, ақпарат айдынында қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен журналистердің қоғамдағы рөлі мен мәртебесі ерекше айқындалды. Бұл ретте үкімет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, «Сарысу медиа» орталығының ақпараттарды жылдам әрі сапалы таратуында қосып жүрген үлесі мол. Алдағы жоспарлары да айқын, басты мақсат ауданымыздың медиа саласын дамыту.
Қадірменді қаламгерлер!
Қасиетті қаламның құдіреті Сіздерді биіктерге жетелей берсін. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, отбастарыңызға амандық тілеймін. Жазарларыңыз таусылмасын! Мереке құтты болсын!