Қарулы Күштеріміздің айбыны асқақтай берсін.
Құрметті аудан тұрғындары!
Құрметті Қарулы Күштері жауынгерлері мен ардагерлері!
Сіздерді 7 мамыр — Отан қорғаушы күні мемлекеттік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Біз бұл күні Ұлы Отан соғысы ардагерлері, ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен барлық жерлестеріміз, Ауғанстанның отты жолдарымен өткен ержүрек жауынгерлер алдында тағзым етеміз.
Тәуелсіздігіміз бен бейбітшілігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, бар өмірін әскери іске арнаған, елімізді қорғап, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, құқық қорғау және арнайы органдарда қызмет атқарып, халқымыздың тыныштығын қамтамасыз ететіндерге ерекше ризашылығымызды білдіреміз.
Қорғаныс қабілетін нығайту — мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі.
Еліміздің Қарулы күштері бүгінде заманауи техникамен жарақтандырылып, жаңа технологиялар белсенді енгізілуде. Әскери дайындықтың қарқындылығы мен сапасы артуда.
Отаншылдық рухы қай заманда да қазақ халқының бойындағы айрықша қасиет болып табылған. Қарулы Күштердің жауынгерлері төзімділік пен батылдықтың даңқты дәстүрлерін жалғастыруда.
Ауданымыздың сарбаздарыда өздерінің қажыр-қайраттарын, қайсарлықтарын арнап, халқымыздың игілігі мен бейбітшілікті қорғауға лайықты үлесін қосуда. Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз.
Әскери қызметшілердің бойындағы патриоттық сезімдерін нығайтып, өсер ұрпақ үлгі тұтарлықтай, ержүрек, намысшыл, адал, қайсар мінезді сарбаздар тәрбиелеу, еліміздің елдігін, мемлекеттің тұтастығын сақтау әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз әрі парызымыз.
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды атаулы мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақыт, береке тілеймін.
Ардагерлеріміздің дені сау болып, сарбаздарымыздың қызметі табысты болсын.
Халқымызға қорған Қарулы Күштеріміздің қуаты нығайып, айбыны асқақтай берсін.
Мемлекетіміздің абыройын арттыра түсетін қуанышты күндер көп болсын!
Шаттық Мұсабеков, аудандық мәслихат төрағасы