Аудан әкімі С.Мамытовтың 4 маусым — Рәміздер күніне арналған құттықтауы
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді ұлттық құндылығымыздың айғағы — Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік Рәміздер — елдің тұтастығын, дербестігі мен айбарын бейнелейтін қастерлі құндылық. 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бекітілді. Биыл мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 34 жыл толып отыр. Рәміздер қабылданған бұл күннің тарих бетінде алтын әріптермен қалатыны сөзсіз.
Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, егемендігіміздің берік негізінің бірі. Елтаңба, Ту, Гимн қазақ елінің барша болмысын, бүгіні мен ертеңін бойына сіңіріп, жүрегімізді мақтанышқа толтырады. Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Сондықтан, рәміздерді жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңсесі биік азаматтары қалыптасады.
Бүгінде, жастарымызға патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мақсатында ауданда да көптеген мәдени- көпшілік шаралар өткізілуде. Өткізілген барлық қоғамдық, саяси, мәдени және салтанатты шаралар мен спорттық жарыстар Мемлекеттік Гимннің орындалуымен ашылып, көк Туымыз көтеріліп, ел рәміздері ұлықталуда.
Әнұранның орындалуы мен Көк байрақтың көтерілуі жастар бойындағы елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық сезімдерін нығайта түсетіндігіне біз сенімдіміз.
Қадірлі ағайын!
Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін.
Туымыз тұғырлы, Елтаңбамыз еңселі болып, Әнұранымыз асқақ шырқалсын!
Мереке құтты болсын!