Қазақтың келіні болғанымды мақтан етемін

0

Менің атым Анна Баймаханова 1985 жылы Жаңатас қаласында әкем Сергей мен анам Татьянаның отбасында екінші перзент болып дүниеге келгенмін. Қаладағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның орыс сыныбында білім алғанмын.
2003 жылы Жаңатас қаласының жігіті Бағланмен сөзіміз жарасып, тағдырымыз тоғысып, шаңырақ көтердік. Қайын атам Үсенхан мен екінші анам Жарқынкүл мені жылы шыраймен қабылдады. Екінші анам менің сол отбасыға үйренісіп, сіңісіп кетуіме көмектесіп, білмеген жерімді үйретіп отырды. Ата-енеммен 15 жылдай бірге тұрып, кейін қазақтың дәстүрімен еншімізді берді. Жолдасым Бағлан екеуміз екі ұл, бір қызды тәрбиелеп отырмыз.
Мен 24 жылдан бері қазақтың келіні болып, отбасы дәстүрін, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді құрметтеп келемін. Осы жылдар ішінде мен отбасымның берекесін сақтайтын жан, жақындарыма тірек болуды және балаларыма үлгі болуды үйрендім.
Отбасым-менің ең үлкен мақтанышым әрі өмірімнің мәні. Мен бақытты жар, үш баланың анасымын. Жолдасыммен бірге отбасымызды сыйластыққа, түсіністікке және бір-бірімізге деген қамқорлыққа негіздеп құрдық. Қызымның тұрмысқа шығып, өз отбасын құрып, отбасы құндылықтарын жалғастырып жатқаны мен үшін ерекше қуаныш.
Әйел, ана және қазақ келіні ретінде мен отбасы бірлігін, үлкенге құрмет көрсетуді, балаларымды мейірімділікке, жауапкершілікке және адамгершілікке тәрбиелеуді жоғары бағалаймын. Менің өмір жолым – отбасыма деген сүйіспеншіліктің, дәстүрге деген адалдықтың және жақындарыма жылу мен береке сыйлауға деген ұмтылыстың көрінісі. Мен өз отбасымды, балаларымды және жылдар бойы сақтап келе жатқан асыл құндылықтарымды мақтан тұтамын.
Мен қазақтың келіні болып, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық құндылықтарын құрметтеп, оларды сақтап келемін. Қазақ отбасының берекесін кіргізіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – менің өмірлік ұстанымым. Осы жылдар ішінде мен қазақтың келініне тән ибалықты, сыйластықты және отбасы бірлігін жоғары бағалап, шаңырағымның берекесін сақтауға үлес қосып келемін.
Мен үшін қазақтың салт-дәстүрін сақтау – тек міндет емес, ол менің отбасымның, ұрпағымның болашағына деген құрметім. Өз өмір жолымда мен отбасы бірлігін сақтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, кейінгі ұрпаққа өнеге болуды мақтан етемін.
Сонымен қатар, мен «Айгөлек» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет етемін. Өз мамандығымды шын жүректен сүйіп, бүлдіршіндердің тәрбиесі мен білім алуына бар күш-жігерімді арнап келемін. Мен үшін тәрбиеші болу – үлкен жауапкершілік пен ізгілікке толы мамандық. Балалардың бойына адамгершілік, ұлттық тәрбие, мейірімділік пен білімге құштарлық қасиеттерін сіңіру – менің басты мақсатым.
Еңбек жолымда кәсіби жетістіктерге жетіп, көптеген марапаттар мен Алғыс хаттарға ие болдым. Бұл марапаттар – менің еңбегімнің, кәсібіме деген адалдығымның және балалар тәрбиесіне қосқан үлесімнің нәтижесі. Әрбір жетістігім мені жаңа белестерге жетелеп, өз ісіме деген сүйіспеншілігімді арттыра түседі.
Бәрі бақытты отбасын құрғысы келеді. Алайда отбасының бақытты, берекелі болуы екі жаққа қатысты екенін көп адамдар ескере бермейді. Отбасы бақыты ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінуінен, қанша қателіктер болса да кешіріммен қарауынан туындайды. Егер екі адам бір-бірін шын мәнінде құрметтесе, сыйласа, шын сүйсе ешнәрсе кедергі болмайды. Ал өзге ұлттың қызын алсаң да, не өзге ұлтқа күйеу бала болсаң да, ең бастысы — сыйластық. Қазіргі жастарымыз отбасы сөзінің мағынасын терең түсінбей жатып, шаңырақ көтеріп, ажырасып жатады. Әйел адам ер адамға қарағанда сәл төмен болуы қажет. Әйелі ер азаматын сыйламаған үйде береке де, ырыс та болмайды. Отау көтереміз деп шешім қабылдадыңыздар ма, ендеше үлкен өмірдің әртүрлі сынақтарына бірге дайын болуларыңыз керек.
Елімізде бір шаңырақ астына топтасқан, ауызбіршілігі жарасқан өзге ұлт өкілдері 1 мамыр мерекесін айрықша күтеді. Мен де мерекеге орай өзімнің бір ауыз жылы лебізімді білдіргім келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Еліміздің басына бұлт төнбесін, әрқашан күн сөнбесін. Соғыстың бетін аулақ қылсын. Халқымыздың өзара түсіністігі нығайып, достығымыз мәңгі жасай берсін!
Қазақ; «Бір қолдың бес саусағы жұмылса ғана, жұдырық, жеке тұрса, қылдырық» дейді. Іргемізді бекітіп, берекемізді бекемдей түссек, сыртқы жау мен ішкі даудан аман болатынымыз анық.

Анна Баймаханова, Жаңатас қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.