Балалардың қуанышында шек жоқ
Жаз – жарқын мезгіл. Балалардың демалып, денсаулығын нығайтатын, ата-анасына көмектесетін кезең. Ауыл баласы – қалаға, қала баласы – ауылға ағылады, оқудан босаған оқушылардың кейбірі демалыс лагерьлеріне баруға таңдау жасайды. Олардың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз.
Биыл сарысулық оқушылар жазғы демалысты тиімді өткізбек. Ол үшін аудан әкімдігі мектеп оқушыларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жұмыстарына жағдай жасап келеді.
Кеше мектеп оқушыларының бірінші легі Жуалы ауданындағы «Тау самалы» балалар жазғы лагеріне аттанды. 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында биыл мектеп жасындағы балаларды сауықтыру мен олардың бос уақытын тиімді өткізуге ерекше көңіл бөлінуде.
Балаларды демалыс аймағына шығарып салған аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Жұбаныш Жарықбасов оқушыларға сәттілік тілеп, жазғы демалысты қызықты өткізулеріне тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ, шара барысында аудандық санитариялық эпидемиологиялық басқармасының маманы Алтын Алимқұлова сөз алып, балаларға тазалықты сақтауды, тамақтану барысында тамақтану ережесіне көңіл бөліп, лажы болса денсаулыққа зиян келтіретін заттардан аулақ болуға шақырды.
Биылғы жазғы демалыста Сарысу ауданының білім бөліміне қарасты балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагеріне 26 жалпы білім беретін мектептен 550 бала барады деп күтілуде. Оның ішінде алғашқы лекпен маусым айында 400 бала саяхатқа аттанды. Олар аз қамтылған отбасы балалары мен мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер, сондай-ақ мектептің үздік оқушылары лагерь жолдамаларымен бірінші кезекте қамтамасыз етілді.
Лагерьге келген әрбір оқушыны адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелей отырып, оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді әрі мағыналы өткізуге жағдайлар жасау, қауіпсіздік ережелерін үйрете отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, рухани және мәдени білімдерін жетілдіру, салт-дәстүрін дамыту, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін арттыруға баулиды. Ол үшін лагерьде тәрбиеші, психолог, медбике және пән мұғалімдері жұмыс атқарады.
Жазғы демалыс — оқушыларды ұйымшылдыққа тәрбиелеп, демалыс уақытын тиімді әрі мағыналы өткізуге бағытталған. Сондай-ақ, оларға қауіпсіздік ережелерін үйретіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру, рухани және мәдени білімдерін жетілдіру, салт-дәстүрін дамыту мақсатында қолға алынған. Сонымен қатар, басқа аудандардан келген өздері секілді балалармен танысып, олармен етене араласып, әр түрлі ойындар ойнап, суреттер салады.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»