ТҰЛА БОЙЫ ТҰНҒАН ЖЫР

0

Тынышбай Рахимов. Оның жүректі тербер, сезімге толы, махаббаттың гимніне айналған «Алтайдың ар жағынан келген ару» атты әнін айтпайтын қазақ жоқ шығар. «Боз орамалы» ше? Әр өлеңі әнге, әуенге сұранып тұратын Тынышбайдың өмірбаянына тоқталғанды жөн көрдім.

Өткен ғасырдың 20 және 30-жылдардағы Кеңес үкіметінің зорлық-зобалаңы қазақ халқы үшін жүрегіне жара салған қасіретті кезең. 1918-1920 жылғы Азамат соғысы кезінде қарусыз, қамсыз қазақ қызылдардың қырғынына ұшырады. Қазақтың аяулы ұлы Мұстафа Шоқайдың дерегіне қарағанда бір жарым-екі миллион қазақ аштан бір қырылды. 1931-1933 жылдардағы күштеп ұжымдастырып талғажау етіп отырған малдарын тартып алып аштықтан, жоқтықтан қазақтың 2 миллионы тағы қырғынға ұшырады. Сөйтіп, 1913 жылы қазақтың ұлы көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың саны 6 миллионнан асты деп сүйіншілегенін қайтейік, 1937 жылғы санақта қазақтың саны 3 миллионға да жеткен жоқ. Кейбіреулер мақтайтын «Ұлы көсем» Сталиннің қазаққа жасаған жақсылығы осыдан көрінді. Тарихшылардың зерттеуіне қарағанда, Кеңес үкіметі тұсында зорлық-зомбылық көрген бір халық болса қазақ, екіншісі украин халқы. Өйткені дейді білгіштер, бұл екі жауынгер халық көбейсе, орыстың күні қараң болмақ-мыс.
Мұны тәптіштеп жазып отырғанымыз ақын Тынышбайдың ата-бабасы сонау Сарыарқадан ағайындарымен азып-тозып, ең әуелі Әулие Ата өңіріне, содан кейін Өзбекстан Республикасына қоныс аударады. Ол жақта Тақтакөпір деген ауыл бар екен. Тынышбай сонда 1946 жылы дүниеге келіпті. Бұл тағдырды қойсаңызшы, Кеңес үкіметінің сұмдық саясатын Күләш Ахметованың әкесі Сағаділда Ахметов та көрген. Олар Қырғызстандағы Киров деген кішкене ауылдан пана тауыпты. Сөйтіп, қазақтың ғажайып ақындарының бірі, поэзия өлкесінің Падишасы Күләш Ахметова да 1946 жылы сәуірде кіндігін кестіріпті.
Екі ақынның тағдырының ұқсастығы таңқалдырады. Тынышбайдың әкесі Өзбекстаннан Жамбыл облысының Сарысу ауданына өткен ғасырдың 50-жылдары, ал Күләштың әкесі Сағаділда Әулие Ата өңірінің маңайына көшіп келген. Екеуі де 9-сыныпты бітіріп, Тынышбай Жамбыл қазіргі Тараз қаласындағы мәдени ағарту училищесіне, ал Күләш медицина училищесіне оқуға түседі.
— Тынышбайды ең алғаш училищеде көрдім. Қағылез, жіңішкелеу, қой көзді ол сол кездің өзінде бізден ерекшеленіп тұрушы еді, — деп еске алады Құрал Қошанов.
Бес аспаптың құлағында ойнайды. Тап-таза әртіс, өлең шығарады. Оны нәшіне келтіріп айтатыны бар.
Тынышбай училищені бітірген соң Жаңатас қаласындағы, ол кезде почелка, соның Бүркітті деп аталатын ауылындағы орта мектепке музыка пәнінен сабақ береді.
— Мен, — деп еске алады ақынның жары Қарашаш, — Сол мектепте 9-сыныпта оқып жүргенімде Тынышбайды көрдім. Әжептеуір дауысым бар, әншімін. Ол кісі бізге сабақ берді. Мектепті бітіретін жылы көңілін білдірді. Оқуды бітірген соң Алматыға кетесің, сенен айырылып қалатын жағдайым жоқ деп, ақыры екеуміз отбасын құрадық. Сонда оның маған арнап шығарған «Бозорамал» деген өлеңі бар еді.
Кетпейтін көңілімнен сен бір өлең,
Ғашық ем көздеріңе мөлдіреген.
Қып-қызыл емес пе еді орамалың,
Жас дәурен жалауындай желбіреген сәулем.

[Қайырмасы:]
Алаулы таңдарым едің,
Аяулы арманым едім,
Өзіңе сағыныш сазын,
Арнадым дедім сәулем.
Келеді балғын бейнең көз алдыма,
Аттаған ақ босағаң базарлыма сәулем.
Бояуы гүл дәуреннің солғын тартып,
Қып-қызыл орамалың бозардыма сәулем.

[Қайырмасы:]
Алаулы таңдарым едің,
Аяулы арманым едім,
Өзіңе сағыныш сазын,
Арнадым дедім сәулем.

Арай таң ақ қанатын жазар адал,
Қыр төсі гүл жайнайтын кез оралар сәулем.
Сағымға араласқан сағыныштай,
Жаныңды жүдетті ме боз орамал сәулем.

[Қайырмасы:]
Алаулы таңдарым едің,
Аяулы арманым едім,
Өзіңе сағыныш сазын,
Арнадым дедім сәулем.
Өзіңе сағыныш сазын,
Арнадым дедім сәулем.
Тынышбайдың махаббатқа арналған өлеңдері көп-ақ. Айталық, «Жүрек сөзі», «Жастықтың ояу бағы», «Жасару», «Елік қыз», «Ұшып кеткен құсымен» деп аталатын өлеңдері сырға толы, әрқайсысы аңызға бергісіз жыр шумақтары. Жалпы Тынышбай жаратылысынан өнерге бейім. Сырға толы күйсандықтың өзі оның «Күйсандық» жазылуы да өз жүрегінің лүпілі, тағдыры, жан сыры деп түсінуі керек. Әрине, туып өскен атамекеніне арнап жазған жырлары өз алдында бір төбе. Шын еміреніп, шын тебіреніп, өзгеге ұқсамай жырлайды ақын. Өзін сері сезінеді. Шынында да ол сегіз қырлы, бір сырлы жан болды.
Той-тамаша күндерім – сал дәуренім
Ақбоз үйлі ауылда қалды-ау менің,
Қалды-ау менің төгілген жал-құйрығы,
Төрт аяғы тең жорға – сандал көгім!…- деуінде үлкен мән жатыр. Оның әр өлеңінен еркіндіктің лебі еседі. Құс қанатының сусыны сезіледі. Өлеңдері балталауға көнбейді. Абайша айтқанда жұп-жұмыр, артық ауыз сөз жоқ, тура бір музыкаға арналған құйма өлеңдер. Өлеңді нөсерлетіп жазады. Оқыған сайын шабытыңа шабыт қосады, арманға жетелейді. Шын сезімнің егесі ол, шын ақын. Өзін өз дәуірінде мойындатқан ақын. Мысалы, «Сал дәурен» өлеңінде

Қарап ем –
Сен де көзден жай ұшырдың,
Санамен жанарыңның сайысын мін.
Қан ойнап шыға келді дидарыңа,
Оң қолың сәл дірілдеп шай ұсындың.

Әдеппен мен де қолым создым саған,
Үнсізбін,
Жоқпыз әлі сөз жұмсаған.
Саусақтар кесе түбін аялдай қап,
Түйісті,
Бір жылы сыр сездім содан, — деп сезімін білдіреді ақын.
Шын мәнісінде, өлең деген ақынның жаны, мінезі, өмірі, ойы, пәлсапасы. Онсыз жүректен жүрекке жететін өлең туа ма? Тумайды, әрине! Ақын алдай алмайды, қоғамды қоғамның кедір-бұдырын, кем-кетігін қырандай бақылап, бурадай бұрқынады. Аққудай сабасына түседі. Сондықтан оның мұңын, ақиқатын кез-келген адам қабылдай бермейді. Оның кейде дүниеден баз кешетіні де содан болар. Кезінде Тынышбайдың Қазақ телевизиясында қызмет атқарғаны да көз алдымызда. Әр сенбі сайын оның ұйымдастыруымен «Кеш жарық!» деп аталатын музыкалық сазды бағдарламаны күтіп отырушы едік. Жер-жерден таланттыларды іздеп тауып, халқымен табыстырып жататын қайраткерлігін айтсаңшы. Талай өнерпаздың бағын ашты. Бірде оның Жамбыл облысынан бір топ өнерпаздарды студияға шақырып, сазды бағдарламаны жүргізгенінде Таластан жаңа ғана танылып келе жатқан Жасан Тілеубековтың, Шәмші Қалдаяқовтың әні «Теріскейді» орындағанда жүрегі жарыла қуанғанына куә болғаным бар, — дейді Дүйсен Ырымқұлов. Иә, сол әні арқылы Жасанның бағы жанды, «Теріскей» әні бүкіл қазақ даласын шарлап кетті. Таланттыларға қашанда таңырқайтындар емес, Құлагердей құлатқысы келетіндер де табылады емес пе?
Мінезінің тіктігі басшылыққа жақпай, телевидениядан жұмыстан шығып та қалды, — деп еске алады жары Қарашаш, — Өзімен қоймай телевиденияда істеп жүрген екі баламызда жұмыстан қуылды. Ол Тынышбайға оңай тиген жоқ, әрине. Бірақ мойымады. Сөйтіп жүргенде телевидения басшысы қиянат жасалғанын біліп, қызметке қайта шақырғанда, күйеуім илікпеді, бармады.
Сол жылдары Украина да қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігі өтті. Тынышбай да барды. Бірде концерт болып жатқанда театрдың жарығы өшіп, зал ішін қою қараңғылық басады. Сонда Тынышбай пианинода отырып, Батыс классиктері Моцарттың, Шопеннің, тағы басқаларының шығармаларын үш сағат бойы ойнап, тыңдармандарын таңқалдырыпты.
Осынау музыка өнерінің саңылағы қаншама әндер жазды. Соның ең бастысы жоғарыда айтқанымыздай «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні. Ол қазақ әндерінің классикалық үлгісі ретіде танылып қалды.
Тынышбай Рахым өзі шығарған өлеңдерін, поэмаларын, толғауларын тоқтаусыз жатқа айтатын ақын. Алматы қаласында шығармашылық кешінде үш сағат бойы өзінің өлеңдерін жатқа айтқаны соған айғақ. Қазақта Құдайға шүкір, ақын көп, бірақ, өлеңіне жан бітіртіп, қан жүгіртетіндер аз. Ол ерекше талант иесі, төкпе ақын ретінде қазақ поэзиясынан ойып тұрып орын алды. Иә, аяулы ақынымыз 80 жасқа толып отыр. Артына өлмес мұра қалдырды, өшпес әуен қалдырды.
Халқының сүйіктісіне айналған Тынышбай Рахимовтың аты өзінің туып-өскен ауылындағы көшелердің біріне берілді. Тіпті музыкалық мектептің бірі де, оның есімімен аталса жарасып та кетер еді-ау деп ойлаймыз.
Менің білуімше, қазақ бар да Тынышбай Рахимовтың есімі жасай беретіні даусыз.

Сәулембай Әбсадықұлы,
Ақпарат саласының үздігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.