Елтаңбамыз еңселі, Туымыз тұғырлы, Әнұранымыз айбарлы болсын
Қазақстан Республикасының азаматтары жыл сайын 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтеді. Бұл мереке еліміздің мемлекеттілігінің, тәуелсіздігінің және ұлттық бірлігінің маңызды символы болып табылады.
1992 жылдың 4 маусымында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік рәміздерді Ту, Елтаңба және Әнұран ресми түрде бекітті. Бұл күн еліміздің тарихында ерекше орын алады. 2007 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңға сәйкес, 4 маусым мемлекеттік мереке ретінде белгіленді. Бұл мереке — тек өткенді еске алу ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызын терең түсіндіру мақсатын көздейді. Қазақстанның әрбір азаматы үшін рәміздер — ұлттық мақтаныш пен бірліктің көрінісі.
Көк байрағымыз бейбітшілік пен еркіндіктің символы. Мемлекеттік Ту көгілдір түсті тік бұрышты мата. Оның ортасында алтын шуақты күн бейнеленген, күннің астында қанаттарын жайған қыран ұшып барады. Туға қосымша сол жағында тік бойымен ұлттық өрнек салынған. Көк түс таза аспан мен бейбітшілікті, алтын күн — молшылық пен өмірдің мәңгілігін, ал қыран еркіндікті, күш-қуатты және биікке ұмтылуды бейнелейді.
Елтаңба тарих пен болашақтың тоғысы. Мемлекеттік Елтаңба дөңгелек пішінді, негізгі түсі алтын және көк. Ортасында қанатты тұлпарлар бейнеленген. Жоғары жағында бес бұрышты жұлдыз орналасқан, ал төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар. Қанатты тұлпарлар қазақ халқының ежелгі түркілік мәдениетімен, еркіндік пен күш-қайратпен байланысты. Бес бұрышты жұлдыз — мемлекеттің гүлденуі мен өркендеуін, алтын түс байлық пен жарқын болашақты білдіреді. Елтаңба авторы белгілі сәулетші және дизайнер Шота Уәлиханов.Елтаңба Қазақстанның тарихи тамыры мен қазіргі заманғы дамуының үйлесімді бірлігін көрсетеді. Ол ресми құжаттарда, марапаттарда және мемлекеттік нысандарда кеңінен қолданылады. Әнұран жүректен шыққан ұран. Мемлекеттік Әнұран Қазақстанның рухани символы. Ол әрбір салтанатты жиынның, мемлекеттік награда тапсыру рәсімдерінің, мектептегі желбіреген ту көтеру сәттерінің ажырамас бөлігі болып табылады. Әнұранды тыңдағанда әрбір қазақстандықтың жүрегінде Отанға деген ыстық ықылас оянады.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен қатаң реттеледі. Мемлекеттік рәміздер бұл жай ғана суреттер немесе ән емес. Олар тәуелсіздіктің, ұлттық бірліктің, бейбітшілік пен өркендеудің мәңгілік символдары. Рәміздерді құрметтеу арқылы біз өз отанымызды, оның өткені мен болашағын құрметтейміз.
Анель СПАН, М.Х.Дулати
атындағы Тараз университетінің
3 – курс студенті