Ерекше балаларға қуаныш сыйлады
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Грин парк» демалыс орнында «Мейірімділік аралы» атты ерекше мереке өтті. Салтанатты шара «Сарысу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен, орталық есебіндегі ерекше балалар мен олардың ата-аналарына арналып жоғары деңгейде өткізілді.
Балалық шақ — адам өмірінің ең жарқын әрі қамсыз кезеңі. Әрбір баланың жүзіне күлкі ұялатып, оларға шексіз қуаныш сыйлауды мақсат еткен Үйде күтім көрсету орталығы бұл күнді нағыз мейірімділік мерекесіне айналдырды. Шараның шымылдығы аудан әкімінің орынбасары Жұмат Жұмабекұлы мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанат Шалбайұлының құттықтау сөзімен ашылды. Олар өз сөзінде өскелең ұрпақтың, сонымен ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндердің қоғамдағы орны бөлек екенін атап өтіп, ақ тілектерін білдірді. Мерекелік іс-шараны медиа директоры Самат Жанқожаев жоғары кәсіби деңгейде жүргізіп, кештің шырайын аша түсті.
Сондай-ақ, шара барысында Үйде күтім көрсету орталығының директоры Гүлжан Амангелдіқызы сөз сөйлеп, ерекше балаларға жан-жақты қолдау көрсету мен олардың аналарына рухани демеу болудың маңыздылығына тоқталды. Өнерпаз Құдайберген Мухаммедтің орындауындағы әуезді әндер мерекенің сәнін кіргізіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды жалғастырды.
Мерекелік дастарханнан соң, балалардың асыға күткен ойын-сауық бөлімі басталды. Орталық мамандары мен арнайы шақырылған аниматорлардың қатысуымен балалардың ерекшеліктері ескеріле отырып, Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен қызықты эстафеталық жарыстар мен командалық ойындар ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер үлкен белсенділік танытып, мәре-сәре болды, қатысқан балаларға Сарысу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы медальдар және Алғыс хаттармен марапаттады.
Тек балалар ғана емес, әлеуметтік қызметкерлер ұйымдастырған сергіту сәттері арқылы ерекше бала өсіріп отырған аналар да өз арасында ойын ойнап, бір сәт күнделікті күйбең тіршіліктен демалып, сергіп қалды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Үйде күтім көрсету орталығының бұл игі бастамасына қолдау көрсетіп, ерекше балалардың жүрегіне жылулық ұялатқан жомарт жандар аз болмады. Олардың қатарында «Грин парк» демалыс орнының кәсіпкері Мөлдір Жорабаева, «Асылхан» торт кәсіпкері Қырқынбаева Гүлнар, «Алаш» қайырымдылық қорының жетекшісі Жүсіпбаев Бауыржан, «Сарысу» қорының жетекшісі Ахметов Ғалымжан, кәсіпкер Дутбаева Айнұр, сонымен қатар «Адал» супермаркеті мен «Рауголд» зергерлік дүкені бар. Демеушілер мен ұйымдастырушы орталықтың атынан әрбір балаға арнайы мақтау қағаздары, бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табысталды.
Шара барысында балалардың ата-аналары да ерекше әсерде қалғандарын айтып, ұйымдастырушылар мен демеушілерге өздерінің шынайы ризашылықтары мен алғыстарын білдірді. Осындай қамқорлық пен назардың балалардың дамуы мен көңіл-күйіне тигізер пайдасы зор екенін ерекше атап өтті.
Шара соңында қатысушылар демалыс орнының әсем табиғаты аясында естелік суретке түсті. Үйде күтім көрсету орталығы сыйлаған «Мейірімділік аралы» мерекесі ерекше балалар мен олардың отбасылары үшін ұмытылмас жылы естелік болып қалды.
Бауыржан Жусипалиев,
«АЛАШ» қоғамдық қайырымдылық қорының жетекшісі.