Сарысулықтар сүбелі үлес қосты
Қасиетті Әулиеата өңірі–тағылымды тарихымен қатар таңғажайып табиғатымен де ерекшеленіп тұратын аймақ. Әсіресе, қарт Қаратаудың бөктерінде өсетін қызғалдақтар еріксіз көз тартады. Бейне бір қызыл кілем төселгендей әсер қалдыратын бұл көрініске қарай бергіміз келетіні жасырын емес. Жалпы Жамбыл облысында қызғалдақтың 18 түрі өседі. Оның 10-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Аймақ қызғалдақ түрлерінің сан алуандығы бойынша республикада алдыңғы орында.
Осы орайда Жамбыл облысының басшылығы Талас ауданына қарасты Есейхан ауылының маңында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалін ұйымдастыруды қолға алғаны құптарлық қадам болды.
Биыл екінші мәрте өткен шара тағылымды сәттерге толы болды. Байыпты бастаманың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына сарысулықтар да сүбелі үлес қосты. Атап айтқанда, аудан атынан 3 киіз үй тігіліп, арнайы делегация ауызбіршілік пен татулықтың үлгісін көрсетті. Зиялы қауым өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, жауапты мамандар мен жастар мерекелік бағдарламаларға белсенділікпен атсалысып, табиғат аясындағы тарихи оқиғаның бел ортасынан табылды.
Айта кету керек, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды, өңірдің туристік кластерін дамытуды мақсат тұтқан іс-шараға 6 мыңға жуық адам қатысты. Сондай-ақ, халықаралық фестивальге – Голландия, Қытай, Түркия, Сингапур, АҚШ, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, Финляндия, Швейцария және Чехия елдерінен 38 шетелдік қонақ келді. Ауқымды шараны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ шетелдік туристер, халықаралық сарапшылар, биологтар мен табиғат жанашырлары бірге тамашалады.
Сонымен қатар фестивальде 20-дан астам ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мәдени-көпшілік, спорттық-бұқаралық іс-шаралар легі ұйымдастырылды. Ең әуелі көпшілік назарына «Қызғалдақтың шығу тарихы» тақырыбындағы театрландырылған қойылым ұсынылды. Мерейлі мезетте эстрада жұлдыздары – Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева және Серік Ибрагимов, сондай-ақ, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері өнер көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты.
Фестиваль аясында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы қолдауымен және демеушілігімен жүлде қоры 5 миллион теңгені құрайтын ұлттық спорт ойындарының 8 түрінен жарыс өтті.
Атап айтқанда, үміткерлер аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, қол күресі, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, асық ату сайыстары бойынша бақ сынап, барын салып бақты. «Жүзден жүйрік» шыққандар тиісті марапаттарға ие болды. «Үздік бие сауыншы» сайысы да көптің қызығушылығын тудырды. «Қымызмұрындық» дәстүрін жаңғыртуды көздеген аталған сайысқа да демеушілер тарапынан 1 миллион теңге жүлде қоры қарастырылды. Тіпті, әрбір қатысушыны ынталандыру мақсатында 50 мың теңгеден қаржылай сыйақы табысталды.
Фестивальдің қорытынды сәтінде сөз алған Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеев шараның мән-маңызы туралы ой қозғады.
– Табиғат пен мәдениет тоғысқан киелі мекенде «Қызғалдақ мұра» халықаралық туристік фестивалі екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл –халқымыздың жүрегінде сақталған мәңгілік мұрамыздың жарқын көрінісі. Күн нұрына шомылған қызғалдақтар алқабы – табиғаттың сұлу көркі ғана емес, дала өркениетінің үнсіз шежіресі, ұлттық рухтың тірі куәсі. Осы игі бастама арқылы табиғат пен дәстүрді насихаттай отырып, келешек ұрпаққа аманат болар асыл құндылықтарды ұлықтадық. Фестиваль аясында ғасырлардан сыр шертетін «Қымызмұрындық» дәстүрін және ұлттық спорт сайыстарына ортақ жанкүйер болдық. Қолөнершілердің туындылары халқымыздың шеберлігі мен өнерге деген сүйіспеншілігін паш етті, – деді аймақ басшысы.
Іс-шара аясында Жамбыл облысына сонау Нидерландыдан жеткізілген 40 мың қызғалдақ тұқымының сертификаты салтанатты түрде табысталды.
Расында да фестиваль қауіпсіздік талаптары сақтала отырып, көптің көңілінен шығатындай етіп ұйымдастырылды. Облыс орталығынан фестиваль өтетін аумаққа дейін арнайы маршрут түзілген. Келушілерге арналған тегін тасымалдау жолға қойылған. Ол үшін жолаушыларға арналған 30 автобус, 45 жол талғамайтын көлік қарастырылған. Фестиваль аумағында және қызғалдақ алқабында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 40 патрульдік автокөлік, 4 өрт сөндіру техникасы және 4 жедел-жәрдем бригадасы жұмылдырылған. Сондай-ақ, фестиваль аумағында 30 экологиялық-санитарлық торап орнатылды.
Іс-шараның тазалық идеясымен үндесуін де ерекше атап өткен ләзім. Осы орайда Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университеті мен «Ауыл» партиясының 200-ден астам еріктісінің фестиваль аумағын қоқыстан тазартуы көңілге қонымды бастама болды.
«Sarysý»-АҚПАРАТ