Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың аудан тұрғындарын 1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлігі күні мерекесімен құттықтауы

0

Барша аудан жұртшылығын көктем шуағын ала келген 1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан халқының Бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы!
Ал, біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады. Өйткені, ынтымағы жарасқан халқымыздың Бірлік мерекесі – елдігіміздің темірқазығы!
Мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаевтың «Еліміз теңдікке, өзара сенімге және мәдени әралуандылықтың жасампаз әлеуетіне арқа сүйеп, ел бірлігін одан әрі нығайта түседі» деген терең мәнді тарихи сөзінен Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін осындай қастерлі құндылықтардың маңыздылығын ерекеше аңғаруға болады.
Биылғы жылдың 15 наурызындағы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында да – егемен еліміздегі татулық пен біртұтас өзара келісімге үлкен сипат берілген. Сондықтан да, дана халқымыздың «Береке бастауы-бірлік, ел іші тату-тірлік» деген қағидасын ұстанған көпұлтты отандас­тарымыз үшін бұл мейрамның орны ерек. Өйткені, бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі.
Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан жүзден астам этнос өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.
Біздің Сарысу ауданын мекен еткен бірқатар этнос өкілдері өңіріміздің қарқынды дамуы мен ішкі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде және татулық пен бірліктің берік орын алуына өз үлестерін қосып келеді. Өйткені, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны көздің қарашығындай сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір ел азаматының міндеті болып табылады. «Тілі басқа болғанымен, тілегі ортақ» бір шаңырақ астында жиналған барлық этнос өкілдерінің ынтымақтары ырысты, татулықтары берекелі бола берсін! Өйткені, бірлік бар жерде тірлік болады, бақыты жарасқан елге бақ қонады. Ал, татулық пен сенім көпұлтты Қазақстан халқын бақытқа жеткізері сөзсіз.
Аудан тұрғындарын Бірлік мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтаймын!
Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.