Тазалық-табалдырықтан басталады
Көшелер көрікті, аулалар ажарлы болу үшін бірінші кезекте тазалық мәдениетін сақтаудың маңызы зор. Сонымен қатар абаттандыру, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстары да жүйелі жүргізілуі тиіс.
Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен Жаңатас қалалық әкімдігінде елді мекен тазалығы мәселесіне арналған жиында осы мәселелер кеңінен талқыланды.
Байыпты басқосуға аудан әкімінің орынбасары, қала әкімі аппаратының ұжымы, тазалық мекемесінің қызметкерлері, ішкі саясат бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы», медиа орталығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының және тұрғын үй бөлімінің жетекшілері, мәслихат депутаты Б. Балғабай, полиция басшысының орынбасары Аслан Жақыпбеков, сондай-ақ Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Орымбаев қатысты.
Жиын барысында аудан орталығындағы ахуал жан-жақты зерделеніп, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар сараланды. Бұл тұрғыда тұрғындар арасында түсіндіру шараларын жандандырып, кері байланысты нығайтуға да баса назар аударылды. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару жайы да қозғалды.
Аудан басшысы сөз соңында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының өз деңгейінде жүзеге асуы қатаң бақылауда тұрғанын, қала тазалығы баршаның ортақ міндеті екенін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
«Sarysý»-АҚПАРАТ