Аудан әкімі С.Мамытовтың Құрбан айт мерекесіне арналған құттықтауы

0

Құрметті аудан тұрғындары!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын!
Ислам діні сан ғасырдан бері еліміздің рухани тірегі болып келеді. Халқымыз асыл дініміздегі Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке – Құрбан айтқа айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған бұл мереке бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Құрбандық еті ағайын- туыс, көрші- қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.
Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыздың сүннеті. Бұл күні барша мұсылман қауым жақсылық жасауға асығып, қайырымдылық істердің көкжиегінде тұрады.
Қадірлі ағайын!
Барша жамағатты, еліміздің маңызды мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.
Алла Тағала дұға- тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей!

Leave A Reply

Your email address will not be published.