Ішімдіксіз ауыл
Қазіргі қоғамда салауатты өмір салтын ұстану ұлт болашағын ойлаған әрбір азамат үшін маңызды мәселеге айналып отыр. Әсіресе, ауылдық жерлерде ішімдікке салыну, оның салдарынан отбасылық кикілжіңдер, жұмыссыздық пен қылмыс деңгейінің артуы сынды әлеуметтік проблемалар жиі кездесетіні жасырын емес.
Осындай түйткілді жою жолында ел ішінде түрлі игі бастамалар қолға алынып келеді. Соның бірі – ішімдіктен өз еркімен бас тартқан ауылдар қозғалысы.
Досбол ауылдық округінде ауыл тұрғындарының қатысуымен маңызды жиын ұйымдастырылды. Жиын барысында «Ішімдіксіз ауыл» акциясы аясында елді мекендердегі дүкендерде спиртті ішімдіктерді сатуды шектеу мәселесі кеңінен талқыланды.
Кездесуге ауыл ақсақалдары, учаскелік полиция инспекторы, қоғам белсенділері және ауыл тұрғындары қатысып, өз пікірлерін білдірді. Талқылау барысында ішімдіктің қоғамға, отбасыға және жастар тәрбиесіне тигізетін кері әсері айтылып, салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша ауыл тұрғындары бірауыздан Досбол ауылдық округіне қарасты дүкендерде спиртті ішімдіктерді сатпау туралы ұсынысты қолдады.
Бұл бастама – ауыл тыныштығын сақтау, жастарды жаман әдеттерден қорғау және болашақ ұрпаққа жарқын өмір қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Бұл бастамаға негізі Ішкі істер министрлігі мұрындық болды. Жергілікті полиция қызметкерлері ауыл-ауылдарды аралап, елмен кездесіп, жобаның жай-жапсарымен таныстырды. Оған ауылдардағы белсенді ақсақалдар мен жастар үн қосты. Нәтижесінде осындай деңгейге жетіп отырмыз. Қазір ауданымыздағы ішімдіктен бас тартқан ауылдардың дүкендерінде алкогольді ішімдіктер мүлдем жоқ. Бұл бастамаға кәсіпкерлер де түсіністікпен қарады. Тұрғындар бұл жобаны өздері жүрген жерлерде насихаттап, елді ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, ұлттық сусындарымызды насихаттауда белсенділік танытуда.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»