Асанәлі Әшімовті еске алуға арналған дәстүрлі турнир өтті

0

2026 жылдың 11 маусым күні Сарысу ауданының Жайылма ауылындағы Бөрібек Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінде Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, даңқты кино және театр актері, жерлесіміз Асанәлі Әшімовті еске алуға арналған облыстық ашық турнирінің салтанатты ашылуы өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл байрақты бәсеке биыл да жас шахматшылардың басын қосып, өңір спортының мерейін асырды.

Сағат 11:00-де ресми түрде шымылдығын түрген турнирге еліміздің әр өңірінен келген 140-қа жуық жас спортшы қатысты. Облыстық деңгейдегі жарысқа Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан, Түркістан облысынан, сондай-ақ Жамбыл облысының Меркі, Тұрар Рысқұлов, Сарысу, Талас аудандарынан және облыс орталығы Тараз қаласынан барлығы 13 команда жиналды.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, сөз сөйледі. Ауданда спортты кеңінен насихаттау мақсатында облыстық, республикалық, халықаралық жарыстар мен турнирлерді жиі өткізу қолға алынғандығын айтып, бүгінгі турнирдің Қазақстанның Еңбек Ері — Асанәлі Әшімовті еске алуға арналған сайыстың өтуі даңқты жерлесімізге деген құрмет әрі ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда, ауданда шахмат ойынын дамытуға және жас шахматшылардың шеберлігін шыңдауға оң ықпал ететіндігіне тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұдан кейін Асанәлі Әшімовтың жары Бағдат Әшімова мен аудандық билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек те жылы лебіздерін жолдап, турнирді ұйымдастырушыларға, келген қонақтарға алғысын білдірді.
Турнир 8 жасқа дейінгі, 10 жасқа дейінгі және 12 жасқа дейінгі жас санаттары бойынша өткізілді. Әр санатта ұлдар мен қыздар жеке-жеке сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.
Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне Сарысу ауданы әкімдігі демеушілік жасады. Жеңімпаздар үшін қомақты сыйлық қоры қарастырылған. Атап айтқанда, алты бірінші орын иегеріне ноутбук, алты екінші орын иегеріне теледидар, алты үшінші орын иегеріне планшет табысталмақ. Бұдан бөлек, «Ең жас ойыншы», «Жеңіске деген жігері үшін» және өзге де арнайы номинациялар бойынша төрт қосымша марапат белгіленген.
Турнирдің ұйымдастырылуы мен өткізілуін Сарысу ауданының №28 спорт мектебі басшысының орынбасары, шахматтан аға жаттықтырушы, Сарысу аудандық шахмат федерациясының вице-президенті Болатбек Әміреев қадағалады. Оның айтуынша, жарыс жас шахматшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, өңіраралық достық пен тәжірибе алмасуға да үлкен мүмкіндік береді.
Сондай-ақ турнир барысында еліміздің әр өңірінен келген тәжірибелі жаттықтырушылар төрешілік қызмет атқарып, әр жас санаты бойынша ойындардың әділ өтуін қамтамасыз етті.
Жарыс халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын швейцариялық жүйе бойынша 9 кезеңнен тұрды. Турнир 12 маусым күні қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі және салтанатты жабылу кешімен аяқталады.
Жайылма төрінде жалауын көтерген бұл дода тек жеңімпаздарды анықтайтын жарыс қана емес. Ол жас ұрпақтың зияткерлік қабілетін дамытуға, шахмат мәдениетін насихаттауға және ел спортының болашағын қалыптастыруға бағытталған маңызды шара болып табылады.
Айта кетейік, осы турнирдің қорытындысын, жүзден жүйрік атанған жеңімпаздардың марапаты туралы ақпаратты газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Аяжан КӨБЕЙ, М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 2 – курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.