Еңбек-денсаулық пен бақыт кепілі

0

Бақыт қолға қонған құс,
Байлық қолда ұстаған тұз.
Құс ұшады, тұз ериді ендеше,
Байлық пен бақыт-сіз бен біз!

Жазылбек ҚУАНЫШБАЕВ,
екі мәрте Социалистік Еңбек Ері.

Бақыт деген ұғымды қалай түсінеміз? «Басыңа бақыт құсы қонсын!» Бұрын-соңды осы сөзді естісек те неге қаратып айтылғанына онша мән бере бермейтініміз жасырын емес. Осы сөзді көбісі үйленумен шатастырады. Ол да бір бақыт және де үлкен бақыт. Оны да ұстап тұра алатындар, ұстап тұра алмайтындар бар. Бірақ, неге басыңызға қонуы керек? Бақыт деген құс секілді, келіп қонуы да, ұша салуы да тез.
Күнделікті кішігірім аз ғана бақыттың дәмін сезбей ілгері ұмтыламыз. Адам өміріндегі ең маңызды, тәтті күндер, беймәлім тамаша уақыттар, жылдар өтіп, сағаттар білінбей ғана сырғып жатыр. Біреу келіп жатса, біреу кетіп жатыр. Осынау алып дүниедегі саналылықтың иесі, ерекше жаратылғаны-адам. Өзін табиғат, дүние-мүліктің, алып жаратылыстың мәңгілік иесіндей сезінетіндер бар арамызда. Әрине, оның бәрі Құдайдың жаратқаны, адам үшін керек, тіршілік етіп, қажетінше пайдаланып өмір сүруде. Ал, адам алдымен Құдайға керек, содан кейін адам адамға. Бұл дүниеде адаммен адам сыйласпаса, қадірлемесе, алдап-арбап, жауапсыз әрекеттер жасаса, онда оның адамшылық қасиетін немен бағалаймыз? Артындағы өнегесі қандай ісімен қалмақ? Өмір сүрген соң артына қандай да бір із қалдыра білу қажет емес пе? Әр адамның жоспарында бір нәрсе. Үлгілі ұрпақ қалдырып, саналы ғұмыр кешіп, өмір баспалдақтарымен асықпай келе жатқандарға қарап сүйсінуге болады. Асықпай, саспай, пейіл-құнын тарылтпай, сараңданбай, паңданбай жүретін қарапайым адамдардың басына бақыт құсы дәлдеп қонған.
Кей адам дүние-мүліктің барлығынан басы айналып, мастанып қалуы мүмкін, оның бәрі уақытша нәрсе, бірақ бақытты бола алмайды! Ондайда мен баймын, яғни бақыттымын!-деп шалқақтамай, керісінше уақытша мастанбағаны дұрыс болар еді. Бәрібір бүгін бар дүние-ертең жоқ. Адам да солай. Бүгін бар адам-ертең жоқ…
Ілгерілеу, алға ұмтылу-бәрі де бақыт үшін күрес. Бақытқа жету сатысына шығу үшін сабырмен аяңдау қажет. Қалай?-деген сұрақ туындайды, әрине. Ол үшін ең алдымен бақыттың қонатын тұстарын тұспалдап алайық. Бақыт адамға төменнен жоғары қарай қонады дейді. Ол былай:
Ең алдымен бақыт-аяққа қонады. Аяққа қонған бақытты ұстай алмағандар: талтаң-талтаң басып, олай-бұлай шалқақтауы мүмкін. Басында білімі болмаса, ол бақытын теуіп жіберуі мүмкін.
Содан көкірекке қонады. Ол кезде кейбір адам көкірегін керіп, кергиіп, адам менсінбей қалуы мүмкін. Басында білімі болмаса, ол бақытын кеудесімен итеріп, ұшырып жіберуі мүмкін.
Сосын ауызға қонады. Аузына ие бола алмай, мақтанышпен айтып, қолынан келсе, мазаққа айналдырып, жасап отырған ісін мақтанышпен айтып, барын жайып бөсуі мүмкін. Басында білімі болмаса, ол бақытын біреу аузынан қағып әкетіп, пайдалануы мүмкін.
Көзге қонады. Көзін шел басып, ештеңені көрмей, жоғары қарап, амандаспай өтіп кетуі мүмкін. Олай жасаған адамды қарғыс атады дейді. Адам менсінбеу барып тұрған имансыздық. Ондай адам жан жолдасынан, жақсы адамдардан қол үзіп қалуы мүмкін. Ертең ол адамдардың жасаған жақсылығын ұмытқаны үшін, көзінен ұшырып алған бақытын кейін көре алмайтыдай болады. Басында білім болмағаны үшін ұшырып алған адамдарын қайтадан қайыра алмайды. Қайтарса да кеш…
Ең соңында бақыт адамның басына қонады. Бұдан бұрындағы қонып келе жатқан бақыттар-ол адам үшін сынақ.Үлкен сынақ. Сол сынақтан сүрінбей өткен адамның басына қонатын бақ. Басыңа бақыт құсы қонды деген осы. Басыңа қонған бақыт-Білім! Шын бақыт осы. Білім деген сөзге бәрі сыяды. Кейбіреу қанша жерден білім алса да бәрібір ішкі түйсігі сыртқы дүниені қабылдамай жатады. Рухани ой көзі ашылмаған адамдар болады.
Мысалы, қанша жерден білімді, ақылды адам болса да сыртқы бейнесін түзей алмай жүретін жандар болады. Бір кем дүние дегенге саяды. Мәселен, бір білімді адамды алайық. Білмейтіні жоқ. Ол адам қанша жерден білімді болғанымен киім киісін әлі күнге дейін түзей алмай жүр. Адам бірінші кездескенде сырт бейнеге қарап қабылдайды емес пе? Киіміне қарай сәлемі деген сөз бар қазақта. Осыны кейбір адамдар ұғына алмай жатады. Жағдайы жоқ, бейшара болып көрінгісі келетіндер тағы бар. Содан кейін адамның аузындағы тісі түгел болғанға не жетсін! Тісі жоқтық-сорлылық. Қаншама ақша тауып жатса да бір тісін түзей алмайтындар бар арамызда. Сөйлеу мәдениеті де соған қатысты. Өзінің білімі мәнді болғанымен сол білімінің қаншалықты дәрежеде дамығанын көрсете алмайтындар бар. Ондайларды қоғам бағаламайды. Бұның бәрі тегіннен-тегін айтылып отырған жоқ. Өзіңізге көрінбегенімен сырт көзге ұрып тұратын жәй ғана қарапайым қағидаттар. Құдай адамды жаратты, бас берді, ми берді, тіс берді, тіл берді, көз берді. Оны дұрыс қолданып, баптап-күте алмағандарды қандай адамдар қатарына жатқызамыз? Өзін-өзі күте алмағандар өзгені де солай қабылдары хақ. Әр нәрсенің сұрауы бар. Ертең Алла алдында бәріміз жауаптымыз. Тіс берген едім, күте алмадың, түсіп қалды, салдырмадың, шаш берген едім, күте алмадың, неге деген сауалдардың болуы бек мүмкін. Адамға бәрін берді, Құдайдың беріп тұрған нәрсесін құндай алмасаңыз, ие бола алмасаңыз, несіне адам болып жүрміз деген ой келеді кейде. Ой көзінің жоқтығы деген осы.
Бақытты болу сатылары осындай кішкентай дүниелерден бастау алады. Бақ қонады. Қонып та жүр. Дер кезінде ұстап қалу өзіңе байланысты. Бағытыңды бақытым деп есепте. Бағала. Адал ұста. Бақыт дегеніміз қысқаша: әдемілікті сүю, сөйлеген сөзіңнің, істеген ісіңнің, киген киіміңнің жарасымды болуы. Адамда бәрі әдемі болуы керек.Сол арқылы ұрпағыңа, айналаңдағы қоршаған ортаңа, достарыңа тәрбиелі де мәнді үлгі бола білу. Білмегенді үйрету, ұрысқанды кешіру, ұқпағанды түсіндіру, адасқанға жол сілтеу, сыйламай тұрғанды сыйлату, оны өзің сыйлау. Ол білместік танытса да, өзіңнің мәдениетіңді сақтап қалу. Бетегеден биік, жусаннан аласа болу. Адам бақыты сонысымен бағаланады. Ал, сол Құдай берген бақытты ұстай алып жүргенге не жетсін!
Бақытты болыңдар, адамдар, балаларым!

Алдаберді МАҚАШЕВ, Сарысу ауданы және Тараз қаласының Құрметті ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.