ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ КЕПІЛІ
Қазақстанда әділетті қоғам қалыптастыру – басты басымдықтардың бірі. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адал әрі жауапты азамат тәрбиелеу мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту ісі білім беру ұйымдарынан бастау алуда.
«Адал азамат» тұжырымдамасы оқушыларды тек біліммен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың интернеттегі қауіпсіздігі мен ақпараттық сауаттылығына, сондай-ақ отбасылық және моральдық құндылықтарды бойына сіңіруіне жауапкершілікпен қарауды көздейді. Бұл бастама – болашақта саналы, әділ және ұлттық құндылықтарды қадірлейтін азаматтарды тәрбиелеудің негізі болып табылады.
Осыған орай өткен аптада аудандық мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» тақырыбында аудандық ата-аналар форумы өтті.
Форумның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында ата-ана, мектеп және қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттыру және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беру бағытындағы ортақ ұстанымдарды айқындау.
Форумға келген ұстаздар мен жиынға қатысушылар ауданымыздағы өнер, балабақша, техникалық шығармашылық орталығының ұстаз-дары мен оқушылары жасаған қолөнер бұйымдары мен танысты.
Көрмеде заманауи технологиялар көмегімен жасалған шығармашылық бұйымдар, сондай-ақ жасанды интеллект арқылы дайындалған жобалар таныстырылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Аталмыш форум – отбасының қоғамдағы мәртебесін айқындайтын маңызды алаң. Ұрпақ тәрбиесі – адамзат ұрпағының болашағы, мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының басты тірегі. Осындай бастамаларды насихаттау мен жүзеге асыру – бүгінгі форумның негізгі мақсаты. Сондықтан әрбір азамат, әрбір отбасы және қоғам мүшесі ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға міндетті. Мемлекет баланың жан-жақты дамуына, тәрбиесіне және сапалы білім алуына ерекше назар аударып, оны қолдауға тұрақты түрде атсалысуда.
Форумға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, баланың қауіпсіз әрі бақытты өсуі – тек мектептің ғана емес, ең алдымен отбасының, қоғамның жауапкершілігі екенін айтты.
Қай кезеңде де ел ертеңі – жас ұрпақтың тәрбиесімен өлшенген. «Бала – бауыр етің» деп бағалаған халқымыз үшін ұрпақ амандығы мен қауіпсіздігі қашанда ең асыл құндылықтардың бірі болып келген. Бүгінгі күні де кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру – қоғам алдындағы ең өзекті міндеттердің қатарында.
Аудан көлемінде бұл бағытта жүйелі де мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие үдерісі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асып, жас буынның бойына ізгілік пен жауапкершілік дәнін себуде. Бағдарламаның өзегі – «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту, «Еңбек адамы» мәртебесін биіктету және «Таза Қазақстан» идеясының төңірегінде топтасу. Бұл – ұрпақ санасына адалдықтың ақ туын тігіп, әділеттің ақ жолына бағыттайтын игі бастама.
Ауданда сапалы білім берумен қатар, оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Білім беру ұйымдарында кешенді қауіпсіздік шаралары толық жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 1176 цифрлық бейнебақылау камерасы орнатылып, тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Камера жазбалары 30 тәулік сақталады. Барлық білім беру ұйымдары бейнебақылаумен 100% қамтылып, белгіленген талаптарға толық сәйкес келеді.
Сонымен қатар, 22 мектептегі 246 бейнекамера жергілікті полиция бөлімшесінің жүйесіне интеграцияланған. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алуға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Б.Қашқынбаев атындағы мектеп-интернаттағы 40 камера да осы жүйеге қосылған.
Қауіпсіздікті күшейту мақсатында 22 мектепте дабыл түймелері орнатылған. Бірқатар балабақшалар бейнебақылау, домофон және дабыл жүйелерімен толық жабдықталған. Аудан орталығындағы мектептердің бір бөлігі лицензияланған күзет қызметіне қосылып, 11 мектепте турникеттер орнатылған.
Осылайша, ауданда білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі және кешенді жұмыстар атқарылуда. Бұл шаралар білім алушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға толық мүмкіндік береді. Алайда, қауіпсіздік тек техникалық құралдармен ғана шектелмейді. Ол – ең алдымен, тәрбие мен саналы көзқарастың нәтижесі.
Бүгінгі таңда, Сарысу ауданында 26 мектепте 8714 оқушы білім алуда. Сонымен қатар, 9 қосымша білім беру мекемесінде 82 үйірме жұмыс істеп, 3901 оқушыны қамтып отыр (қалада – 2212, ауылда – 1690). Оқушылардың 44,7%-ының спорттық үйірмелерге қатысуы – салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды көрсеткіші. Жалпы қосымша біліммен қамту деңгейінің 89,8%-ға жетуі – бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін айқындайды.
Мектепке дейінгі білім беру саласында 23 мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 11 балабақшада 1584 бала тәрбиеленсе, 12 шағын орталықта 386 бала қамтылған. Жалпы саны 1970 бүлдіршін сапалы тәрбие мен білім алуда.
Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздік – ең алдымен заңға құрмет пен тәртіпке бағынудан басталады. Осы орайда білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Ағымдағы оқу жылында құқық бұзушылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды іс-шаралар қолға алынды. Жалпы саны 286 профилактикалық іс-шара өткізілді. Бұл – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға, олардың бойында жауапкершілік пен заңға құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен 36 кездесу ұйымдастырылды. Мұндай кездесулер оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Себебі «Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды». Жасөспірімдер өз құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, заң алдында бәрі тең екенін ұғына бастайды.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдырымен тікелей байланысты ұлы міндет. Осы орайда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – жас буынның бойына адамгершілік, отансүйгіштік, жауапкершілік қасиеттерін сіңіруге бағытталған тағылымы терең, мазмұны бай бастама.
Оқу жылы ішінде «Адал азамат» бағдарламасы аясында ай сайын мектепішілік ата-аналар форумдары өткізілуде. Бүгінгі күнге дейін 15 мектепте ұйымдастырылған бұл форумдар ата-ана мен мектеп арасындағы алтын көпірге айналды.
Құқық бұзушылықтың алдын алуда рейдтік жұмыстар да өз нәтижесін көрсетуде. Биылғы оқу жылының басынан бері бірлескен 4 мобильдік топ мүшелерімен 124 рейдтік шаралар жүргізілді. Нәтижесінде полиция бөлімінің мәліметіне сәйкес, түнгі уақытта қараусыз жүрген 269 жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдеріне тиісті хаттамалар толтырылды. Бұл – «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ» екенін тағы бір дәлелдейді. Ата-ана бақылауының әлсіреуі, бос уақытты тиімді ұйымдастырмау – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себептерінің бірі. Сондықтан «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қағиданы естен шығармаған жөн. Баланың тәрбиесі – отбасы мен мектептің, қоғам мен құқық қорғау органдарының ортақ міндеті.
Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру, оларды заңға мойынсұнушылық мәдениетке тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының қатарында. Оқу жылының басынан білім беру ұйымдарында прократура, полиция және ауруханамен бірлескен кешенді жоспарға сәйкес, құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқықтық мінез-құлқын қалыптастыру мақсатында 292 іс-шара ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, буллинг, зорлық-зомбылық, ерте жүктілік, тіпті өз-өзіне қол жұмсау секілді келеңсіз құбылыстар қоғамды алаңдатып отыр. Бұл – тек әлеуметтік мәселе емес, бұл – рухани дағдарыстың белгісі. Сондықтан мемлекет деңгейінде түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты күшейтуге баса назар аударылуда. Дегенмен, кез келген бастаманың нәтижелі болуы – ең алдымен отбасы ішіндегі тәрбиеге байланысты,-деп Балтабай Адамбаев атындағы тірек орта мектебінен жаңадан жүзеге асырылатын жаңа бастамалардың бірі 10-сынып оқушылары арасында құрылған жас мемлекеттік қызметшілердің «Жас StarGov» клубының мүшелеріне арнайы куәлік тапсырды.
Мұнан соң аудан прокуроры Елдос Әмірхан сөз сөйлеп, Д.Қонаев атындағы орта мектебінде 8 сынып оқушылары арасында «Жас прокурор» сыныбының жетекшісіне куәлік тапсырды.
«Жас прокурор» сыныбының негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыра отырып, заң үстемдігін құрметтейтін, әділ шешім қабылдай алатын, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін және болашақта құқық қорғау саласында адал қызмет ететін саналы тұлғаларды қалыптастыру.
Сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Ринат Оразбайұлы «Жас сарбаз», ауданы төтенге жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Қуаныш Тастыбаев «Жас құтқарушы» куәліктерін табыстады.
Тәрбие алаңына айналған форумда облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Нәзима Жұбандықова «ата-ананың рөлі мен бала тәрбиесі» атты тақырыпта хабарлама жасады.
Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов та сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған болатын.
Бұл мемлекеттің білім саласына орасан зор қаржы бөліп, назар аударуының нәтижесі.Халыққа арнаған Жолдауында балаларымыз білімі мен білігі жағынан шетелдердегі замандастарымен бәсекеде жеңілмейтін, сонымен қатар, бойында ұлттық ділі сақталған, отаншылдық рухы жоғары, кемел қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиелеу қажеттігі баса айтылған. Тек осындай ұрпақ қана еліміздің мерейін бүгінгі жеткен биігінен аласартпай, жаһандану, әлемдік көшіне ілеспек. Ауданымызда білім саласына қатты көңіл бөлініп, оқушылардың сапалы білім алуларына жан-жақты көңіл бөлініп жағдай жасалынуда.
Бүгінгі оқушы — білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың ұлттық және рухани — адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген тұлға болуы керек. Ауданымызда оқу процесіне жаңа технологиялар енгізілуде. Жыл сайын білім саласына бөлінген қаражат көлемі ұлғайып, білім ошақтарының материалдық — техникалық базасы нығайып келеді. Иә, ата-аналар форумы – өте маңызды. Бала тәрбиесі – ортақ мүдде. «Ата-ана – мектеп – оқушы» үштігі тығыз қатынаста жұмыс істесе, көп жетістікке жетеріміз сөзсіз. Себебі балаларымыз, оқушылардың білімі мен тәрбиесі ересектердің басты міндет-мақсаты саналады.
Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Ал саналы ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың қасиетті борышы және балаға қолдау көрсету – тек мақтау емес, ол баланың арманына, қызығушылығына, сезіміне құрметпен қарау. Қолдау көрген бала қиындықтарға төтеп беруді үйренеді, өз күшіне сенеді. Сонымен қатар, бала өз ата-анасын құрметтеп, оларды өмірлік үлгі тұтса, ол тәрбиелі, жауапты, ізетті азамат болып өседі. Ал ата-ана өз беделін сақтау үшін баламен ашық, сыйластыққа толы қарым-қатынас орнатуы қажет, -деп балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы кеңінен баяндады.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ауданның өнерпаздары өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Отбасының қоғамдағы мәртебесін айқындайтын маңызды алаң осылайша өз мәресіне жетті.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»