Өлеңге әркімнің де бар таласы…

0

Сарысу жері-ежелден дарынды тұлғалардың құтты қонысы ретінде танылған. Осынау қасиетті топырақтан күйші де, жыршы да, ақын да, сазгер де көптеп шыққан. “Толқыннан толқын туады” деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, өнердегі сабақтастық сәтті жалғасып, талантты да талапты өрендер өсіп келеді. Солардың бірі- Д.Қонаев атындағы орта мектептің оқушысы Мадина Бегалы. Мадина кішкентай күнінен қалам мен қағазды серік етіп, жандүниесі жырға жақын болып өсті. Осы орайда біз Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ойлы оқушының өлеңдерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Редакциядан


Қазақ қызы

Бақытты қалайша біз аңсамаймыз,
Байқамай кейде өзіміз балталаймыз.
Жарасы бар секілді жазылмаған,
Қарашы мына тұрған қаршадай қыз.
Ата-анамның жарқыраған жұлдызы,
Әулеті батыр ханның алтын қорған.
Аты-жөнім Мадина Сәкенқызы,
Қонаевтың бермейтін нарқын қолдан.

Жасынан талапты қыз табандалған,
Ол өзін көре алады сан арнадан.
Ізгіліктің үлгісін дәріптеумен,
Өнер мектебін жақсы оқып тәмамдаған.

Тәмамдап оқу орнын, домбыраның…
Бойыма сан өнерді қондырамын.
Би мен ән мамандығын терең біліп,
Жанарымды от қылып жандырамын.

Болашаққа қадам бассам, жасқанбай.
Көңілім бар бұлтсыз, ашық аспандай.
Басталатын сонау сақ пен ғұндардан,
Тарихым бар тайға таңба басқандай.

Ешкімге өкпем де жоқ, бөтендігім
Мерейіңді мен үстем етем бүгін.
Өзге арулар дәлелдеп кетсін қане,
Қазақтың нағыз қызы екендігін.


Сыр мен сенім

Сенім жайлы сұрамашы сен менен,
Жүрегімде ауыр сөздер көп екен.
Бір кездері сеніп едім бәріне,
Ал бүгін ше, қорқақтаймын пендеден.

Құрбыларым сырымды айтып күлді ме,
Сенген жаным қадірімді білді ме?
Ал мен болсам сақтадым ғой сырларын,
Жүрегіме жүк қылып қинап, ішімде.

Талай рет жарамды мен жасырдым,
Көз жасымды көрсетпей мен таусылдым.
Бірақ бәрі желге ұшқан сөздей боп,
Сенімімнен талай рет шашылдым.

Мен олардың сырын сақтап үн қатпай,
Түндерімде ойға батып шықтым-ай.
Ал олар ше, әңгімеге бір сәттік,
Жан сырымды жария қып тарқатты-ай.

Сондықтан да сенім жайлы сұрама,
Жауап табу маған оңай бола ма?
Сенім деген нәзік екен шынымен,
Бір сындырса, қайтадан ол тола ма?

Енді жүрек бұрынғыдай сенбейді,
Әрбір сөзге бұрынғыдай ермейді.
Күлгеніммен, ішімде бір өкініш,
Сенім деген бәріне бір бермейді.

Адамдарға сену қиын боп кетті,
Уақыт бәрін өз орнына әкелді.
Кімнің шын, кімнің жалған екенін,
Өмір маған біртіндеп-ақ көрсеттi.

Сыр сақтадым, ешкімге мен айтпадым,
Өзімді де талай рет қайрадым.
Ал сенімім сынған кезде үнсіз-ақ,
Жүрегіме бәрін алып жайладым.

Сенім жайлы сұрамашы сен менен,
Көп нәрсені түсіндірді бұл әлем.
Бір нәрсені ұқтым енді өмірден:
Сырды сақтау – әркімнің қолынан келмеген.


Балғын шақ

Тіршілігі үндескен бақ-ырыспен,
Ауылыма қараймын сағынышпен.
Бала кезде жүгірген тар көшелер,
Ал бұлақ ше, суынан қанып ішкен?…

Таныс жолдар, сағымға байланған нұр,
Ескі үйлер есте ғой, қайран жаңбыр.
Ауыл кеші, самал жел, таза аспаны —
Қазір бәрі сағынышқа айналған бір.

Балғын шақты еске алсам жыр келеді,
Бақытты сәт көңілге нұр береді.
Қазір, міне, есейгенмін түсінемін,
Ең қымбат шақ сол бір бал күндер еді.

Түтін иісі, ғажайып неткен бұл күн,
Әжеміздің өсиетін көптен білдім.
Бәрі-бәрі жүректе сақталыпты,
Өшпейтіндей бір ізі өткен күннің.

Уақыт неткен асығыс, кідірмейді,
Өткен шақ оралмайды, жүгір мейлі.
Тек сағыныш қинайды үнсіз ғана
Ескі естелік жүректе күлімдейді.


Димаш ата

Дара туған Димаш ата, ел тірегі,
Халқы үшін соқты әрдайым кең жүрегі.
Тарихта аты алтынмен жазылып тұр,
Ұрпаққа үлгі болған ер жүрегі.

Қарапайым қалпынан айнымаған,
Жақсы жанға құшағын жайды ғалам.
Туған елдің тағдырын биік қойды,
Үлгі алам рухани бай мұрадан.

Зауыттар мен қалалар бой көтерді,
Еңбек еткен елімнің бағы өрледі.
Дамыды ел, еңсесі биік болды,
Тағылымы тарихта өрнектелді.

Билік пен халық арасын жалғадыңыз,
Қарапайым сөзбен шындықты айта алдыңыз.
Сенім артқан ел үмітін ақтадыңыз,
Сол үшін де жүректе сақталдыңыз.

Қанша жылдар өтсе де артта қалған,
Есіміңді ел-жұртың ұмытпайды.
Әрқашан да құрметпен еске алып,
Ұлағатты істерді ұлықтайды.

Қонаев деп айтқанда ел еңселенер,
Өйткені ол әділдіктің белгісі дер.
Сіз салған сара жолмен талай буын,
Алға қарай нық қадаммен өрлеп келер.

Бүгінгі жас өзіңізден үлгі алады,
Адалдықпен кең дала нұрланады.
Ел үшін еңбек ету – үлкен бақыт,
Артыңыздан жақсы сөз, жыр қалады.


Өмір-өзен

Өмір -өзен ағады тасқын судай,
Мақсатыңа жетерсің сағың сынбай.
Кейде дауыл соғады, бұлт торлайды,
Бірақ үміт жүректе мәңгі тұрғай.
Қиындықтар келеді сынақ болып,
Жүрек кейде мұңаяр үнсіз солып.
Бірақ уақыт үйретер бәрін саған,
Сабыр қылсаң жүзіңе шуақ толып.

Бір күні сен армандап күткен күнің,
Күлім қағып қарсы алар сәтің бүгін.
Талай рет сүрінсең, қайта тұрып,
Бәсеңдемесін ешқашан асқақ үнің.

Өмір деген — жол ұзақ, бұралаң көп,
Бірде күлкі, бірде мұң, сынағы көп.
Жақындарың жанында аман болса,
Сол бақытты бағала, сұрама көп.

Ата-анаңның ақ үміт көңілінде,
Сенім жатыр үнсіз-ақ жүрегінде.
Сол сенімді ақтаймын деп ұмтылсаң,
Жеңіс тұрар бір күні өміріңде.

Уақыт жүйрік, өтеді сездірместен,
Кей сәттерді жоғалтпа, бездірместен.
Шүкір етіп, биікке қадам бассаң,
Арман өзі жетелер сүріндірместен.


Сезім

Көңіліме қаяу салдың сен менің
Өзгелерді тыңдамадым,сезбедім.
Бар айналам маған ақыл айтса да
Сенен басқа мүлде ешкімді көрмедім.

Бір кездері жақын адам болып ең
Қиын кезде көмек қолын созып ең.
Біраз уақыт өтіп міне кеткен соң
Қаяу салдың көңіліме тағы сен.

Сенен басқа ешкімді көре алмаймын
Не болсада саған ғана алаңдаймын.
Өтінбеймін,жалынбаймын мен саған
Себебі,мына өзімді жоғалтып алғандаймын.

Саған деген сезім менде өшпейді,
Көңіл шіркін тек өзіңді іздейді.
Сол кірбіңсіз жүректегі көңілді
Толтыра алмай, жаным жадап-жүдейді.

Саған басқа айтарым жоқ ештеңе
Өкпе де жоқ, кек те мына жүректе.
Тек айтарым аман жүрші мәңгілік,
Сыйластықты жалғайық біз тілекке.


Көңіл көкжиегі

Сені ұмытып басқамен бола алмаймын,
Ешкімге де үлкен сезім бере алмаймын.
Қарай берем жай ғана хаттарыңды,
Өткен күнге қайта мен оралмаймын.

Жүрек сені әлі де іздейді үнсіз,
Көз алдымда бейнең тұр түнде-күндіз.
Басқаларға мен күле қарасам да,
Ішімдегі сағыныш бір дамылсыз.

Уақыт емдейді дейді бәрі бекер,
Ал менің жанымда жара жетер.
Сенсіз бір күн — ұзақ түн секілді,
Таң да кешігіп атар ма екен?

Ұмытам десем де, қолымнан келмей,
Сезімге шекара қоя алмай сенбей.
Сен барда өмірім мәнді еді,
Сол бақыт қайта оралмас па енді?

Кейде өзіме өзім ашуланам,
Неге әлі күтем, неге жараланам?
Бірақ жүрек — заң тыңдамайды,
Сені ғана іздеп қапаланам.

Сондықтан айттым үнсіз де, ашық:
Сені ұмыту — маған тым қашық.
Басқамен бола алмайтыным,
Жүректің емес, тағдырдың жазуы анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.