Сарысудағы маңызды қадам: Буллингтің алдын алуға бағытталған мазмұнды курс
Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың қауіпсіздігі мен психологиялық жайлылығын қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Осы ретте Сарысу ауданында ұйымдастырылған Білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алуға арналған курс өзектілігімен және мазмұндылығымен ерекшеленді. Аталған курсты Жамбыл облысы «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының аға оқытушысы Баян Ерпайызова жүргізді. Тәжірибелі маман педагогтермен кәсіби деңгейде жұмыс жүргізіп, буллингтің алдын алу бағытындағы заманауи тәсілдерді жан-жақты түсіндірді.
Курстың мақсаты – білім беру ұйымдарындағы білім алушылар арасындағы буллингтің алдын алудың теориялық және практикалық негіздерін педагогтерге тиімді түрде меңгерту болды. Бұл мақсат толық жүзеге асып, қатысушылар өз жұмыстарына қажетті тың ақпараттар мен пайдалы әдістемелік құралдарды игерді.Оқыту барысында буллингтің түрлері мен себептері терең талданып, оны ерте кезеңде анықтау жолдары нақты мысалдар арқылы көрсетілді. Сонымен қатар, оқушылармен сенімді қарым-қатынас орнату, сыныпта қолайлы психологиялық орта қалыптастыру, ата-аналармен байланыс орнату секілді маңызды бағыттарға ерекше назар аударылды. Курстың практикалық бөлімі де жоғары деңгейде ұйымдастырылып, педагогтер түрлі тренингтер мен жағдаяттық тапсырмалар арқылы өз тәжірибелерін байытты. Бұл олардың кәсіби шеберлігін арттырып, күнделікті жұмыс барысында тиімді тәсілдерді қолдануына жол ашты. Аудан педагогтері мұндай мазмұнды әрі пайдалы курстың ұйымдастырылғанына ризашылықтарын білдіріп, оның білім беру сапасын арттыруға зор ықпал ететінін атап өтті. Сарысу ауданында өткен бұл игі іс-шара – оқушылар үшін қауіпсіз, қолайлы әрі қолдаушы орта қалыптастыру жолындағы маңызды бастама. Осындай тағылымы мол кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім зор.
Күнсұлу Қасымбекова,
Үшарал негізгі мектебі директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары