Өнегелі өмір – отбасының берік іргетасы
Аудан тұрғындары арасында отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» ерекше кездесу кешін ұйымдастырды. Аталған шараға 47 жыл отасқан ардагер кенші, ұлағатты ұстаз Ысқақов Әбдіманап Әбілдәұлы мен Ордабаева Зерекүл Төребекқызы арнайы қатысып, жастармен мазмұнды әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында өнегелі отбасы иелері өз өмір тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға өмір жолында кездесетін түрлі қиындықтар мен сынақтарға төтеп берудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, сүйіспеншілік пен өзара түсіністік арқылы үлкен арман-мақсаттарға бірге жетуге болатынын үлгі етіп көрсетті.
Іс-шара аясында қариялар жастармен бірге мекеме аумағына ағаш отырғызып, ақ баталарын берді.
Шара соңында мекеме тарапынан құрметті қонақтарға алғыс білдіріліп, естелік сыйлықтар табысталды.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»